Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ұлттық мүдде және тұлға

Ұлттық мүдде және тұлға

Халық жақсы ақыл-парасатты иелену арқылы ұлт руханиятының білімін меңгереді. Ұлттық идея білімін тегіс меңгергенде ғана қоғамның болашағы айқын болмақ. Себебі мемлекетті дамытатын білім, өнер және ғылым. Ал, қоғамдық сана түрлерін дамытатын адам. Яғни, қоғам қашан да халықтың біліміне, әлеуметтік танымның деңгейіне тәуелді. Бұны айтып отырған себебіміз, қоғамды өркениет жолына бағыттайтын мемлекет, мемлекеттің өркениеттілікке бет бұруында халық оған көмекші болуы қажет. Ұрпақты ұлттық мүдде ісіне бағыттап, мемлекет пен халықты біріктіріп отыратын ұлттық идея. Ойшыл адамдар болмаса, қоғамда ұлттық идея болмайды, болса да халықтың бойына тегіс тарай бермейді. Қоғамға зерделі ой салып, өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыратын ойшылдар тағылымы.
Руханиятсыз (ойшыл адамдардың тағылымынсыз) қоғам болмысында рухани деңгейдің қалыптаспайтындығы бүгінгі уақыттан да анық көрінуде. Тарихи сана құбылыстарын зерттеуден бастап, ұлттық мүдде шеңберінде жалғасып отыратын зиялылар тағылымы ұлтымыздың уақыт сынынан өткен негізгі қаруының бірі болған. Заман өзгеріп заң түрленгенімен зиялылар қызметінің ұлттық мүдде талабына бағынып отыратындығын бабаларымыз жетік білген. Осының нәтижесінде ұлттық рухты ұлықтап, болмысын сомдап отыратын, бойындағы бар мүмкіндігін қоғамының игілігіне арнайтын адамды тәрбиелеп, қоғам алдына шығарып отырған. Мәдениетіміздегі осындай рухани тұлғалардың бірі – Әбіш Кекілбаев.
Зиялылар дүниеден өткенімен, оның рухани бейнесі, өнегелі ісі, идеялары ел есінде сақталып қалады. Тұлғалықтың тұрақтайтын жері тарих. Дүниеге келген бала ата-ананың, ортаның тәжірибесі арқылы өседі, тарихи сана арқылы қалыптасып отырмақ. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, батыр, ойшыл, ақын әрі кемеңгер адамның, ғалымның тағылымы ұлттық болмыстың рухани тұтастығын жалғайтын феномен болып табылады. Мәдениеттегі тұлғалықтың феномендеріне қарап, кейінгі ұрпақ зиялылардың қызметіне әділ баға беріп отырған. Ұрпақтың ойшыл адамдарына әділ баға беруіне ықпал етіп отыратын руханият. «Біздің тарих – деген Әбіш Кекілбаев, – тақсіретті тарих. Сондықтан да, оның ащы-тұщы тағылымы мол. Дәурендеген замандарымызды айтып дарақыланбай, дәурен тайған замандарымызды айтып сары уайымға салынбай, оның қалай болып, қалай қойғанын терең пайымдап озған тұстарымыздан өнеге тауып, опық жеген тұстарымыздан қорытынды шығарып, жан-жақты тағылым алмайынша, бүгінгі жасампаздық керек салиқалы ұлттық санаға қол жеткізе алмаймыз».
Тарихи уақыт ұлтты сынап отырса, осы бір тарихи уақыт кеңістігінде қалыптасып отыратын ұлттың құндылықтары, атап айтсақ, тарихы мен мәдениеті алдыменен ұрпақты сынайды. Ұрпаққа үлкен міндеттерді жүктеп отырады. Әбіш Кекілбаевтың қазақ тарихын тақсіретті тарих деп айтып отырған себебі, бабаларымыз елді қорғау үшін қасық қаны қалғанша жаумен соғысты, ел мен жерге қасақана жасалынып отырған саясатқа қарсы күресті. Елдің іргесін сөгіп, болмысын өзгертетін құйтырқы саясатқа қарсы шығуда ұрпақтың жеңетіні я жеңілетіні немесе жеңіліп барып жеңетіні белгілі. Бұндай тарих, халықтың өзі жасаған тарихтың келешекті зерделеуде қоғамға ой салатын тәжірибеге айналуы тиіс. Тұлғалар ісінің табиғатын ұлттық рух сақтап тұрады. Себебі, Әбіш ағамыз айтқандай, «Ар-намыс қана тәуелсіздікке тірек бола алады».
Тарихты зерттеп, оның шындығына көз жеткізудегі ұрпақтың міндеті тарих өрісінде тұратын тұлғалардың қызметін ескеріп, ақиқаттылығын дәлелдеу. «Азаттыққа жету қандай қиын болса, азаттыққа үйрену де сондай қиын» дейді Әбіш Кекілбаев. Азаттықтың негізінде қажеттіліктерді тану, құндылықтарды иелену жатыр. Әрбір уақыт ұрпаққа жаңа міндеттерін жүктеп отырады. Жаңа міндеттер болмаса, ол ұрпақ тарапынан іске асырылып отырмайынша әлеуметтік даму болмайды. Ел алдында тұрған міндеттерді түгел атқаруда зиялыларға жүктелетін нәрсе ұлттық құндылықтарды сақтау, жаңа тәжірибелерді қалыптастыру ісімен тең. Азаттыққа үйрену дегеніміз елдің дербестігін сақтап отыратын, оның өрісін кеңейтіп отыратын ғылымды, басқа да жаңа дүниелерді дамыту. Ұрпақ бәсекеге қабілетті болмайынша, қоғамда мәдени өзгеріс болмайды деген түсінік осыдан шықса керек. Бәсекеге қабілетті болудың негізінде азаттыққа үйрену, тәуелсіздікті қадірлеу бар.
Ұрпақтан ұрпаққа табысталып отыратын ұлттық мұра тәуелсіздік. Тәуелсіздіктің рухы тәуелсіздік тұсында да ұрпақтың жадынан өшпеуі тиіс. Тәуелсіздік тағылымы ұлт ісіне қоғам болып жұмылғанда ғана жалғасады. Балаға отбасында берілетін тәрбие, қоғамдық ортадағы азаматтық мәдениет, Отан алдындағы жауапкершілік ұлт әлемінде мәңгі қағылған тәуелсіздіктің қазығы іспеттес. Бәсекелестік күн сайын күшейген бүгінгі әлемде мемлекет ішіндегі адамға да жауапкершілік күшейеді. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, өзге мемлекеттердің саясатынан зардап шеккен, бірақ соған қарамастан бірлігі, білімі мен еңбекқорлығы арқылы тәуелсіздікке қайта қол жеткізген елдердің де тәжірибесінен білеріміз осы Отан алдындағы жауапкершілік рухы. Яғни, қоғамдық сана қызметі толықтай мемлекет мүддесіне бағытталғанда, ұлттық мүддені негіздейтін (бетке ұстап отыратын) ортақ ұстаным қалыптасқанда ғана мемлекеттің дербестігіне тірек болатын жаңа дүниелер пайда болады. Қоғамға аса қажет, оған игілік әкелетін ұрпақты тәрбиелеу ісінде мемлекет пен отбасы институтының бірігіп атқаратын қызметінің мәні осында жатыр. Бұған тарихымызда да мысал болар дүниелер жетерлік. Қазақтың бір ғана «ел болам десең бесігіңді түзе» деген өсиеті ұрпақтың азаматтық мүмкіндігін дәріптеуден туған. Әбіш Кекілбаев айтқандай, «Тәуелсіздік біздің тілегімізді емес, біз оның тілегін тілеуіміз керек».
Қоғамды біріктіретін, ұлттық мүддеге қызмет етуге қоғамды жұмылдыратын рухани қасиеттер, намысшылдық. Намыс елдік түсініктен, ақыл-парасаттан шығатын қасиет. Талай батырларды, ойшыл адамдарды, ғалым адамдарды тұлғалықтың биігіне жетелеп шыққан бойындағы намысы. «Ар намыс қана тәуелсіздікке тірек бола алады» дейді Әбіш Кекілбаев. Қай елдің болмасын оның мәдениеті халықтың игіліктері арқылы жетіліп отырған. Игіліктерді ұлттық болмыстың бойында біріктіріп отыратын тіл мен жер. Осы бір ұлттың екі негізгі құндылығынсыз өзге құндылықтар қалыптасып, елдің игілігіне айналып отырған емес. Тіл мен атамекен жердің ұрпаққа табысталуында мәдениет пен тарих жалғасып отырады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әр ұрпақ буын өкілдері ұлттық құндылықтарын кейінгі буынға игілік етіп табыстауда оған қажет рухани деңгейді де қалыптастырады. Ұрпақтың ұлттық мүдде жолындағы қызметтерінің деңгейінен рухани қасиет, тәжірибе үлгілері шығады.
Ұлттың сақталуы, ұлттық мүдденің ұрпақ тарапынан қорғалуы үшін рух қажет. Рух дегеніміз ақыл-парасат, білім, тәрбие, мінез арқылы жеке адамның, халықтың болмысына ұялайтын қасиет, рухани қасиеттердің жиынтығы. Рух қоғамда ақыл-парасат, білім, қабілет пен түзу мінез арқылы қалыптасып, жетіліп отыратындығын ойшылдарымыз айтып кеткен. Әбіш Кекілбаев жызып кеткендей, «Туған тілін саудаға салып, «барлық байлық пен артықшылықты алып беретін бұрынғы үстем тілдің еш қажеттігі болмай қалған күнде ғана өз тілімді үйрене бастаймын, оған дейін ешқандай мемлекеттік тіл үшін бас ауыртып жатпаймын», – деп кергитін тілдік нигилизм ұзақ жылдар бойы бұлжытпай жүргізілетін ұлтсыздандыра түсу саясатының «заңды» нәтижесі еді. Түптеп келгенде, ана тіліңді құрметтеу – бабалардан артық тұрудың құралы емес, туған анаң мен атаңды сыйлағаның сияқты өз халқың мен мәдениетіңді қалтқысыз қадірлеудің ең басты қағидасы болуға тиіс».
Тұлғаның тірек ететін негізгі үш құндылығы бар. Олар ел, яғни, ел мен жер, осы екеуін біріктіріп отыратын, қоғамнан ақыл-парасат иелерін (зиялылар) шығаратын тіл. Қай ұлт үшін де ана тілі темір қазық. Қазақ үшін ана тілі, оның әлеуметтік мәдени өрісі сөз өнері тарих пен тарихты жалғайтын рухани қазына. Ұлт ісінің ардақтысы атанған батырлар, ойшылдар, алаш зиялыларының ұлт руханиятынан үлгі-өнеге алып шыққандығын ескерсек, ұрпақ өміріндегі ұлттық болмыстың рухани дәнекері тілдің рухы мен беделі ешқашан өшпейді. Тіл мәртебесіне қатысты Әбіш Кекілбаев былай деп жазып кеткен: «тілімізді сақтап қалудағы жеңісіміз, жеріміз бен елдігімізді сақтап қалудағы жеңістерімізбен жалғасты. Ендігі міндет – сол жеңістерімізді баянды ете білу». Шынымен де бабалар жеңісін баянды ету ісі бүгінгі ұрпаққа екі міндетті жүктей түспек. Ол барды иелену, дәріптеп отыру, оны болашаққа түгелімен табыстау. Екіншісі ұлттық мұра деңгейінде кейінгі буынға (ұрпаққа) табысталатын дүниелерімізді сақтап, қорғап отыратын тәуелсіздігімізді күшейту. Бұның бір ғана нәрсемен жүзеге асатындығы анық. Ол елімізде қазақтану ғылымын кеңінен дамыту.
Әбіш Кекілбаев қазақтану бағытында тағылымды ойларын тарих бетінде қалдырды. Қоғамның ішкі құрылымының іргелі қабырғасы ғылым мен мәдениеттің төрешісі мемлекет. Мемлекет ғылым мен мәдениетке қалай көңіл бөлсе, оның қоғамға тиер пайдасы, ұрпаққа берер қолқабысы мемлекеттің өзіне қайтып оралады. Бұл мәселеге келгенде, Әбіш ағамыз мемлекеттік қоғамның әлеуметтік-рухани саласын жетілдіруіне қатысты мынадай ұсыныстарын айтып кеткен: «Жерің қанша бай болғанымен, елің өз-өзінен қарық бола қалмайды. Өз байлығын өзі толықтай игере алған халық қана бар мұратына жете алады. Мұнай сонда ғана мұңайытпайды, алтын сонда ғана арытпайды».
Ұлт, мемлекет болашағы үшін қоғамға қызмет ететін адамның тарихта алар орны ерекше. «Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп Әлихан Бөкейханов айтқандай, ұлт руханиятының ауыр жүгін арқалайтын нағыз шығармашылық иелерінің өр тұлғасының негізінде ұлттық мінез жатады. Ұлттық мінез қоғамға, халыққа жақын болудың тұтқасы, негізгі туындысы. Осыған байланысты, қазақ «мінез жанның айнасы» дейді. Ұлттық мінезді ішкі дүниенің айнасы дейтіні адам танымы, ой өрісі, тарихи сана арқылы ұлт руханиятына тереңдейді. Ұлт руханиятына ұрпақты тереңдетудегі (бағыттаудағы) мақсат тарихи сананы, азаматтық бірегейлікті қалыптастыру. Тарихи сана болмаса, ұлттық сана қалыптаспайды. Ұлттық мінез жөнінде Әбіш Кекілбаев былай деген: «Ұлт аналар берген ақ сүттен нәр алып, әкелер көрсеткен ақ жолмен өркендейді».
Тәуелсіздік сақталуы үшін ұлт мықты болуы қажет. Ұлттың мықтылығы ұрпақтың сегіз қырлы, бір сырлы білімі мен өнері, тәжірибесі арқылы келеді. Ұрпақтың сегіз қырлы білімді иеленіп, оны жалғап отыруында күш беретін негізгі қазық ұлттық мінез. Ұлттық болмыс жақсы қасиеттерді бойында біріктіргенде ғана қоғам уақыттың талабына сай дамып отырады: «Өрелі бәсекелестіктің басты көрсеткіші – ұлттық даму. Ал, оның басты сипаты – рухани сауаттылық, саяси бостандық, өрелі мәдениет, кемел білім, көтеріңкі әл-ауқат пен келешекке деген сенімді нығайта түсетін өрімтал ұрпақ, өсімтал қауым». Ұлтымыздың біртуар перзенттерінің бірі Әбіш Кекілбаевтің тарих бетінде қалатын сөздерін зерделеуде, қазақ тарихта ел өміріне төнген қиыншылықты қалай жеңді деген сауал туындайды. Байыппен қарайтын болсақ, рухани тереңдік, саяси бостандық, өрелі мәдениет, кемел білім, келешекке деген сенім қазақ қоғамының тірегіне айналған. Яғни, қазақ қоғамының тарихи өміріндегі әлеуметтік танымның қайнар көзі рухани тереңдік болған. Қазақ ойшылдарының дүниетанымынан туған ой, елдік түсінік рухани сауаттылықтың алып бейнесі болып саналады. Саяи бостандық пен өрелі мәдениет көрінісі алаш зиялыларының арасындағы рухани байланыстан көрінеді. Әдеп, төзім, қанағат қазақ тұлғалары үшін саяси бостандықтың кепілі болып есептелген. Сұлтанмахмұт Торайғыров сомдаған:
Ақындықтың қуаты есіңді алып,
Бас алмастан оқырсың қайта-қайта.
Кешегі Бұқар жырау, Жанақ ақын,
Шөже, Орынбай халыққа жайған даңқын.
Ахмет пенен Міржақып әм Мағжан,
Алты алаштың баласы біледі атын.
«Қобыландыда» қазақтың кең заманы,
Жат қорқатын жауынгер ер заманы.
Ен даланың еркесі ен байлықта,
Береке, бірлігі бар тең заманы…
Өрелі мәдениеттің негізін өрелі ой иелерінің тағылымы, рухани мұралары құраған. Ұлттың мәдени құндылықтарын сақтаушы қашан да тума талант, ақыл-ой иелері болған. Олар қабілеті мен білімі, танымы арқылы ел мәдениетінің өрісін кеңейтіп отырады.
Елдің бейбіт өмірі, оның іргесінің берік болуы жақсылыққа деген ықыластан бастау алған. Әбіш Кекілбаев жазғандай, «жақсылыққа деген ықылас азайған жерде жақсы болсам деген ыждағат та азаяды». Зиялылар қоғамның іргесі берік, тарихи санасы терең, ұлттық бірегейлік сақталған жерде тарихи беделді иеленіп отырады. Тарихи беделге ие болу дегеніміз жекелеген адамдардың руханияты мен жеке-дара болмысының ұлттық мүдде талабына сай келуі. Уақыт кеңістігінде рухани құндылықтарды сақтап, кейінгі буынға табыстап отыратын мәртебені иеленіп қалуы.
Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының ұлт тарихындағы тарихи оқиғалар, алаш тұлғалары, ұлттық мүдде, тәуелсіздік, ұлттық болмыс тақырыбында жазып кеткен дүниелері қазақ мәдениетінде өзіне лайықты орынды иеленеді. Тарих пен бүгінгі уақыт болмысын, қоғамымыздың болмысын қатар зерделейтін болсақ, ұрпақтың ел мүддесіне аянбай қызмет етудегі деңгейі, шығармашылығы тарихи сана құбылыстарымен үндескенде ғана ұлттық идеяның қызмет атқаратындығы көрініп тұр. Ұлттық идеяны жалғастырушы ұлттың табиғаты, танымы, ұрпақтың кісілік талғамы, ойлау мәдениеті, халық игілігіне ортақ деңгейді иеленіп қалыптасатын зиялылар.

Үмбетқан Қуандықұлы,
философия ғылымдарының кандидаты

http://akikat.kazgazeta.kz/?p=10661