Вторник, Январь 28, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Абай – біздің ұлттық брендіміз

Абай – біздің ұлттық брендіміз

Абат ПАНГЕРЕЕВ,

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ, «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» аталатын мақаласын оқып, мақалада айтылған сүбелі ойларға риза болдық. Абай біздің халқымыздың рухани паспорты екендігін бүкіл жұртшылыққа жеткізу толғағы жеткен мәселе еді.

Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқып отырғанда оның ылғи да елді, халықты алға жылжуға, өркениетті елдер көшінен қалып қоймауға үндегені көзге шалынады. Осыны анық байқаған Қасым-Жомарт Кемелұлы Абайдың елді өркениетке жеткізу үшін ғылым керек екендігін айтқанына баса назар аударады. Абайдың білім,ғылым туралы жазылған туындыларын мысалға ала отырып, қазіргі Қазақстан жағдайында білім беру ісін заманға сай дамыту, педагог мәртебесін көтеру туралы сындарлы ойлар айтады. Сондай-ақ, Абайдың жиырма бесінші қара сөзіне тіл туралы, тілді меңгеру туралы сүбелі пікірлер білдіреді. «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы» деп атап көрсеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы кемелділіктің көрінісі ретінде Абайдың «толық адам» ілімін түсіндіріп өтеді. Абайдың туындылары ел билеу мәселесінде халық пен биліктің арасын жалғайтын алтын көпір бола алады, билік пен қалың бұқара арасындағы диалогқа игі әсер ететіндігі де мақалада атап өтіледі.

Абайдың халықтың рухани Темірқазығы, мәдени бастауы екендігі белгілі. Абайды «Рухани жаңғыру» аясында басқа да қырынан танытуға тырысқан Қасым-Жомарт Кемелұлы өткенді ескере отырып, болашаққа бағдар жасауда Абайдың ойларын,туындыларын негізге алу керектігін айтқан. Мақала соңында Абайдың 175 жылдығын өз деңгейінде ұлықтау, Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде бүкіл әлемге таныстыру керектігі жөнінде өте орынды атап көрсеткен.

 

https://aqtobegazeti.kz/?p=82306