Вторник, Январь 28, 2020
Басты > Жаңалықтар > Еріктілер: мейірім мен көмек

Еріктілер: мейірім мен көмек

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай, Жұбанов университетінде екі  күн бойы университеттің Әлеуметтік және жастар саясаты департаменті ұйымдастырған еріктілер мектебінің бастауыш семинары өтті. Семинарда Жұбанов университетінің еріктілері мен белсенділері  ақтөбелік жастарға өз тәжірибелерімен бөлісті.

Еріктілер жылы қарсаңында қарым-қатынас пен өзара іс-қимылдың бірыңғай алаңын құрып, волонтерлік бірлестік өкілдері үшін тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған шараға жоғары оқу орындары мен облыс мектептерінен келген ерікті жастар қатысты. Басқосуда жастар қозғалысының белсенділері мен тәжірибелі еріктілері жұмыс істеу тетіктері  мен еріктілер ұйымдарының жұмыс ерекшеліктері туралы айтып берді.

Жұбанов университетінің ProActive академиясының салтанатты ашылуында университеттің белсенділері мен жаңадан келген еріктілерді  құттықтаған ректор Бауыржан Ердембеков еріктілер қозғалысының одан әрі дамуына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, университет жанынан ашылған ProActive  академиясы — жас оқытушылар мен студенттердің тұлғалық дамуына, қазіргі заман мен қоғамның талаптарына сай әлеуметтенуіне, кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға, жаңа бәсекеге қабілетті дағдыларға машықтануға жағдай жасау және әдістемілік нұсқаулықтар әзірлеу мақсатында жұмыс жасайды.

Басқосуда жастар қозғалысының белсенділері және тәжірибелі волонтерлар еріктілердің әрекет ету механизмдері, еріктілер ұйымдарының жұмыс ерекшеліктері туралы айтып берді.  Өз кезегінде еріктілер тренері, жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Нарқозы Қартжан 6 жылдық тәжірибесімен бөлісті.

Мен үшін ерікті болу дегеніміз — жақыныңа жәрдемдесу, еліміздің дамуына үлес қосу. Еріктілік – жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беріп, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан көруге мүмкіндік беретін бірден-бір сала. Сондықтан, уақытты еріктілікке жұмсау – тұлғалық дамуға құйылған инвестициялар болып табылады, — дейді.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан  облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов жиналған еріктілерге өзінің ыстық ықыласын жеткізіп, алғыс білдірді.

— Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Президент  еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейтіп, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыруды маңызды міндет етіп қойды. Қазаққа волонтерлік қозғалысты үйретудің де қажеті жоқ болар. Өйткені, біреуге қол ұшын созып, көмек көрсету біздің қанымызда бар. Ата-бабамыз ежелден жесірін қаңғыртпай, жетімін жылатпай өсірген халық. Сол үрдіс бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатыр, — деді ол.

Сондай-ақ спикерлер экологиялық еріктілік, спорттық еріктілік, білім беру еріктілері, соның ішінде аға буын өкілдерін egov немесе электрондық поштаны пайдалануға үйрету, көмек көрсету және еріктіліктің басқа да 43 түрлі бағыттарына назар аударды.

Еріктілер бас қосқан еркін жиында егемендік пен елдіктің лебі есіп тұрды. Жалындаған жастар туған жерінің патриоты екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қайырымды болу ұлтқа, дінге, тілге байланысты емес. Ең бастысы, жасаған жақсылық жүректен жүрекке жетсе болғаны. Нұрбек Жалғасбаев  мұны сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрген жас.

— «Мемлекет басшысы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялап, қайырымдылықтың қадірін әспеттеді» деп ойлаймын. Бұрын ешкім түсінбейтін еді. Балалар әлі волонтерліктің не екенін нақты білмейді. Оны адамдар ақша жинап, көмектесу деп ойлайды. Волонтерліктің керек екенін кейін адамдар түсіне бастады. Ерікті болу – маңызды іс. Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды деп ойлаймын. Себебі, олар әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысады. Соған қарамастан, олар тегін, әрі аянбай еңбек етеді. Заман ағымына байланысты ерікті болудың да түрі өзгерді, – дейді ол.

Жұбанов университетінің Әлеуметтік және жастар саясаты департаментінің директоры Қарылғаш Сатыбалдинаның айтуынша, бүгінгі таңда университетте 600 студенттен тұратын 7 студенттік еріктілер клубы жұмыс істейді, олардың саны үнемі өсіп келеді.

—    Еріктілер қатарынан көрнігісі  келетіндердің саны үнемі өсіп келе жатқанына қарамастан, жастар бұл көмектің мәнін әрқашан түсіне бермейді. Біз еріктіліктің заңнамалық бөлігі, құқықтары мен міндеттері туралы айтып түсіндіреміз. Сонымен бірге біз өз тыңдаушыларымызға икемділік пен шыдамдылық, сыйластық пен шыдамдылық, мәселелерді бірлесіп шешуге және тағы басқалар сияқты ұғымдардың маңыздылығын жеткізгіміз келеді, — дейді департамент басшысы Қ.Сатыбалдина.

Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, еріктілер мектебі ұлттық еріктілер лигасы және жастар саясаты департаментімен бірлесіп жұмысын жалғастырады. Айта кету керек, 100-ден астам ақтөбеліктер, олардың ішінде 40 жастан асқан тұлғалар қосымша білім алуға тіркелуге өтініш білдірді. Сондықтан мектеп өз қызметін кеңейтіп, жастар қозғалысының шеңберінде өз жалғасын табады. Шара соңында семинарға қатысқан еріктілерге сертификаттар тапсырылды.

Еске салсақ, өткен жылдың мамыр айында Қостанайда өткен Қазақстан-Ресей жастарының форумында «Ұлттық еріктілер желісі» ұйымының төрайымы Вера Ким 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты қолдайтынын атап өткен.

ҚР Президенті ретінде мен әрқашан волонтерлардың қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін. Сондықтан Сіздердің келесі жылды Волонтерлар қозғалысының жылы деп жариялау туралы ұсыныстарыңызды толығымен қолдаймын. Еріктілер — жаны таза адамдар. Олар — елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз, — деді Мемлекет басшысы. Көп ұзамай, 2020 жыл Қазақстанда Волонтер жылы деп жарияланды.