Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Абай > Абайдың аналары

Абайдың аналары

Жидебайдағы Абай кесенесіне барған ел алдымен жолдан қиғаштау тұрған ақынның аналары Зере мен Ұлжанның басына барып бет сипағанды әдетке айналдырған…

Күллі қазақ 175 жылдығын  айрықша атап өтеміз деп жатқан жылдың әлқиссасын ақынды дүниеге әкелген анасы Ұлжан мен бауырына салып, әлдилеген Зере әжеден бастағанды жөн көрдік.

Абай туралы алғаш классикалық ғылыми мақала жазған ғалым Құдайберген Жұбановтың мына бір пікіріне құлақ аспаса болмайды: «Бірі емшек сүтімен қатар құлағына кіріп, сүйегіне сіңген ананың «әлди, әлди, ақ бөпем», атаның «сал-сал білегі», қойшының әні, қыздың сыңсуы, қаралы қатынның жоқтауынан бастап көркемдік сезімін шырбыдай шырмаған халық әдебиеті», — деген пікірі («Абай — қазақ әдебиетінің классигі» мақаласы) кеңірек сөз қозғауды қажет етеді.

Абайдың өлең-жырға әуестігін шыңдаған — оның әжесі Зере. Зере жасынан ерекше жан болған деседі. Зере қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданын мекендейтін Матай руы, оның Қойкел тармағынан шыққан. Қойкелден Бектемір, Бектемірден Жанәлі деген ұл, Тоқбала атты қыз туады. Зере — осы Тоқбала. Зере аталуы туралы әртүрлі деректер келтіріледі. Б.Сапаралы: «Бір болжам бойынша қыз бала күнінен тіл-көзден сақтайды деп құлаққа сырға, мұрнына зере сырға салып жүргендіктен шыққан дейді. Екінші бір дәлелдемеге жүгінсек, «Зере» деп өзі ұзын, іші қуыс, сәукелемен киетін қыз-келіншектер бас киімін атаған екен. Ал ертеректе бір қабат киім сыртынан киетін сауыт та «Зере» деп аталыпты», — дейді. (Байшөгел. Тарихи-танымдық зерттеулер. Алматы, 1995)

Зеренің әкесі Бектемір үндемейтін, момын адам болғанымен, аталы сөзді айта алатын көкірегі ояу жан екен. Нағашысының момындығын нашарға санаған Құнанбай Бектемірді қораш көріп, ел жақсыларының алдына шығарғысы келмейді. Ел аузындағы естелікке құлақ қоялық: «Бір жылы ел күзем алып жатқан кез болса керек. Құнанбай нағашысымен ұранхайда (жазғы үй) отырған-ды. Іштерінде Қаратай, Бөжей, Байсал, тағы басқалар бар бір топ кісі сау етіп түсе қалыпты. Нағашысы басқа үйге шығып үлгермейді. Ел кісілері жайғасып отырған соң ділмәр Қаратай «Мына қонақ кім?» деп жөн сұрайды. Құнанбай «Нағашым» дейді. «Зеренің әкесі ме?» деп қайыра сұрайды Қаратай. «Иә» дейді Құнанбай сәл бөгеліп барып. Сонда адуын ер Байсал: «Е, пәленің бәрі айғырда екен ғой» деп кекетіп тастайды. Онысы – бұйығы отырған қонақты менсінбегені, өштесіп жүрген Құнанбайды мұқатқаны. Құнанбай сол жерде нағашысына келген кісілерді таныстырып шығады. Нағашысы: «Ұқтым, Құнаш. Бәрі бір-бір рудың серкесі екен. Бірақ кейбіреуінің басының дымы кеппепті ғой» дегенде, «Құда, оны қалай айттыңыз?» деп жабыса түседі Қаратай. Нағашымыз былай депті:

— Ел басқаратын адам мақал-мәтелді жете білуі керек қой. Атамыз қазақ «Алып анадан, тұлпар биеден» деуші еді. Ана мырзаның (Байсалды нұсқап) аузына айғыр түскенін көрмеймісің? Сол да білгені ме? — Құнанбайдың нағашысы сөзін онан әрі жалғастырып Байсалға тіктеп қарайды.

— Шырағым, — дейді, — сөйлегелі тұр екенсің, сөйлеп те жүр екенсің, бірақ сөзіңе айғыр салған жоқ екенсің, — деп, біржолата қайтарып тастайды. Өрескел сөзін өзіне көлденең тартады. Сонда жанға көнбейтін адуын Байсал Қаратайға қарап: «Құданың жайын сұрап қозғаған өзің едің, жауапты өзің қайтар. Мен жеңілдім» деп жантая кетіпті. Қонақтар кеткен соң Құнанбай нағашысына қарап:

— Мен сізді танымай жүр екенмін. Алтын ішіңізде екен. Енді жандарал келсе де орныңыздан қозғалмай, қасымда отыра беріңіз, — депті» (Алтынбаев Қ. Қалбатау. — Алматы, 1997). Ел аузынан жеткен ұтқыр сөздің сәл өзгешелеу нұсқасын ғалым Т.Жұртбай да келтіреді (қараңыз: Жұртбай Т.Құнанбай. —Алматы, 2004).

Кейін келе Зере өзінің ақылдылығының арқасында ауыл-елдің ұйытқысы, Ел анасына айналады. «Сырты — жұпыны, іші — алтын, алды — кең, тарқұрсақ бәйбіше атаныпты. Өскенбайдың талай тасырлығын сол кісі тыйым салып, тоқтау жасапты. «Тарқұрсақ» деуі — екі ұл, бір қыз ғана көтеріпті, үлкені Құттымұхамед ерте өлді, Тайбала қыз» (Т.Жұртбай).

Зере жасынан жалғыз ұлы Құнанбайды алып Кеңгірбай биден бата алуға да барған бір деректерде. Кеңгірбай қолын теріс жайып, «тоғыз ата толғанша түңілігіңді ешкім ашпасын» деген уәлі сөзі бұлжымай келіп, Өскенбай ұрпағы тоғызыншы атаға дейін сыны бұзылмаған. Тек кеңестік заманның зұлматы (аштық, репрессия) бұл ұрпақтың тоз-тозын шығарып, тоздырып жібереді. Қасиетті Кеңгірбайдың берген батасына Өскенбай ұрпақтары имандай сенген де. Би атаның (ел Кеңгірбайды солай атаған Б.Е.) сондағы айтқан сөзі ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Мәселен, Шәкәрімнің ұлы Қабыштың (1887-1932) бізге сақталып жеткен бір өлеңінде:

                                                 Ата туыс азғанбыз,

                                               Мұнша артын созғанбыз.

                                               Тоғыз ата толғанда

                                               Ту талақай болғанбыз! – дейтіні бар. Шәкәрімнің немересі Нағима Қапырқызы (1912-1982) өткен ғасырдың отызыншы жылдары әкесіне шығарған жоқтауының соңын:

                                              Ақ бидай толғаның,

                                               Аш күзендей солғаның.

                                               Тоғыз ата толғанда

                                               Ту-талақай болғаның! — деп қайырады…

М.Әуезов Абай ғұмырнамасының алғашқы нұсқасында: «… Зере кісі ренжітпейтін, жұмсақ мінезді әйел болған. Ол уақыттағы бәйбішенің бір сыны — күндестік дегенді білмей, кең мінезді болу. Зере бәйбіше осы жағынан көп мақталады. Күңдердің балаларын өз балаларындай асырап, еркелеткен деседі», — деп қысқаша мінездеме береді. Жазушы көркем шығармасында да Зеренің бейнесін сомдағанда тарихи шындықтан алыс кетпеген. Ел «Кәрі әже» деп құрметтеген шешені Құнанбай да алдынан кеспей, қатты сыйлаған. Құнанбай мен Бөжейдің дауы осы кәрі әженің алдында толастағандай болады. Өйткені Бөжейді де Зере бауырына салып, өсірген. Өмір шындығын арқау еткен эпопеядан Зеренің Абайға деген айрықша ықыласын байқаймыз.  Басқа немерелерін бір төбе, Абайын бір төбе көрген әже Ибрагимді еркелетіп (бір деректерде келтірілгендей тілі келмей емес) Абай, Абайым деген. «Абай» деген көне түркіше «сүйкімді» деген сөз», — дейді Қ.Алтынбаев.

Әлди, әлди, Абайым,

Атқа тоқым жабайын.

Тыста жүрген апасын

Қайдан іздеп табайын, —

деп уатқан жас нәрестені. Абайға алғаш тіл ұстартып ертегі-аңыздардан бастап қазақтың бай ауыз әдебиетімен таныстырған осы құймақұлақ Зере әжесі. Бала Абайға тек әлдиімен ертегі айтып қоймай, елдің салт-дәстүрін, қазақы барым, жөн-жоралғыларды жетелеп жүріп таныстыру осы Зере әжесінің сыбағасында. Кәрі әженің демі үзілер шақтағы Абаймен қоштасуы Әуезов романында аса әсерлі берілген: «Өнегем … болса… тірлігімде көрсете алдым ба, жоқ па?  Өсиетім болса… құлағым, тілім барында айтып болдым ба, жоқ па? Қайтейін!… Енді қайтейін!.. Сөйлету зорлық сияқты. Бірдемені айту да  орынсыз. Абай екі қолын төсіне қойып, әжесіне тағзым етті де, басын иді. Өзінше: «Бар жүрегімнің құрметі, әулиеден ана, саған арналған» дегені. Сүйтіп аз отырды да, әжесінің екі қолын ұстап, кішкентай алақандарына бетін басты. Иіскеп сүйіп отырғанда бірнеше ыстық тамшылар да сол әлсіз жүдеу алақандарға тамып еді. Әжесі тағы да сыбырлап:

— Қарағым… жалғыз қарашығым! — деп, Ұлжан жаққа қарады да, — анаңды күт! — деді» (М.Әуезов. «Абай жолы»).

Жазушының басқалардан бөліп «Қарағым… жалғыз қарашығым» деген сөзді Зеренің аузына салуы тегін емес. Оқырман өзінен-өзі: «Абайға өнегең мен өсиетіңді айта алдың» — деп бас изейді. Өйткені тарихи шындық солай. Зере әже дүниеден өткенде Абай жиырма бес пен отыздың арасындағы жігіт ағасы. Балалық, жігіттік сананың таза тұнығына Зере әженің талай өсиет-өнегесі тұнғаны ақиқат. Дәретсіз емізіп көрмеген жалғызы Құнанбайдың көп баласының ішінен ықыласы ауып, тас емшегін жібіткен Абайын уақыт өте жер-жаһан танитынын әз әже сезген-ді. Бойдағы орасан күшті ақындық қуатқа дем беріп, өлең-сөздің шоғын үрлеп жаққан жан болса, ол осы Зере әже екендігінде дау болмаса керек-ті…

Абайдың әдеби ортасы деген тақырыптың әліппесі, әрине, ақынның өскен ортасы, тәрбие алған ошағынан бастау алатыны заңдылық болса, бұл арада Ұлжан анасының сойын бөліп айту орынды. Өйткені, Ұлжан — Абайды ақ сүт беріп өсірген анаcы… ол аз, Ұлжан Абайдың ақын болуына тікелей әсер еткен жан. Демек, Ұлжан туралы, оның Абайға, Абайдың ақындығына қатысы жайындағы сөзді әріден, Абайдың нағашы жұртынан бастаған жөн. «Алып анадан» деген қанатты сөздің ақиқаттығына Ұлжан ананың көп төменетектінің бірі емес, данышпан Абайдың анасы деген атқа толық лайық ақылды да сөзге шешен жан екендігін кеңірек әңгіме етуіміз керек сияқты. Орайы келгенде айта кетуді тілеп тұрған пікір кезінде, 1986 жылы Қазақ ССР Энциклопедиясындағы мақалаларға сын көзбен қараған абайтанушы-ғалым Қ.Мұхамедханұлы Ұлжан ана туралы былай дейді: «Абайдың шешесі Ұлжан туралы: «Ол Арғын ішіндегі Қаракесек руының шешендік, әзіл-әжуамен атағы шыққан Шаншар тобының (?!) қызы екен» делінген. Абайдың шешесі жайында толығырақ айту қажет еді. Ақынның нағашы жұртынан алған үлгі-өнегесі де аз болмаған. Арғысы атақты Битен мен Шитен, бергісі әйгілі шешен, әзілқой, тапқыр, мысқылшылдар — Қантай, Тонтай, Жонтайлар. Ұлжанның әкесі Тұрпан Тонтайдың інісі екенін анықтап жазған дұрыс болар еді». Ғалымның аз ғана түзету сөзінен Абайдың анасы туралы бірсыпыра мағлұмат алып қаламыз.

Ұлжан Тұрпанқызының тарихи бейнесі «Абай жолы» эпопеясында шынайы әрі соншалықты тартымды сомдалған. Абайдың өмірбаянын жазған шақта да Әуезов Ұлжан мен оның шыққан әулеті Бертіс биден бері қарай тоқтала келіп: «Ұлжанның әкесімен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай орта жүзге қалжыңымен тегіс аты жайылған, белгілі, мысқылшыл тапқыш, күлдіргілер болған», — деп Шаншарлар руының бір-екі мінезін тілге тиек ететіні тағы бар.

Бұл әулеттің тілінің өткірлігі сондай — «Шаншардың қулары келе жатыр» десе, жұрт дүркіреп қашатын болған.

Ұрылар тонап кетіп, келесі жазында ауыл аралап жүрген Тонтайдың керегеде ілулі тұрған өз тымағын көріп, менен қашып көрген рахатың осы ма, күні-түні шаң басып, керегеде ілулі тұрысың мынау деп тымағын жерге атып ұрып, қамшымен сабап үй иесін жерге кіргізгені туралы, ал өмірінің соңында «жазыла-жазыла қожа-молдалардан ұят болды, енді өлмесем болмас» деп ащы сынмен күлкісі тыйылмай дүниеден өткен жаны жайсаң, тілі мірдің оғындай тарихи тұлғаның әр сөзі, әр қылығы ел есінде жатталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Ұлжанның туысы Мауқай деген әнші, күлдіргі, сөзге шебер адамның Абайдың жас кезінде ақынның жанында болған деген деректер бар. Мауқай туралы Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романында ол Абайды жөргегінен тәрбиелеуші бірден-бір тәрбиешісі ретінде суреттеледі.

Ұлжан да қалжың сөзге ұшқыр болғанымен, салмақтылыққа бағып, көп әжуаға бара бермеген. Бұл, біріншіден, өз бойындағы әйелге тән ұстамдылықпен байланысты болса, екіншіден, Құнанбайдай ел басқарып отырған көсем, сөз ұстап отырған шешенмен жарыса шығуды жөн деп таппаған ақылды жарға тән қылықтан болса керек. Әйтсе де, іште жатқан өнер шіркін анда-санда жарқ етіп шығып, ел есінде қалып қоятыны  да бар. Ағалары сияқты Ұлжан анамыз да өлер алдында Майбасар қайнысының «өлу деген қалай екен?» — деген орынсыз сұрағына: «…ата сақалың аузыңа түскенше ақыл кірмеген сені көрдім, мен өліп көрді дейсің бе?», — деген шымшыма жауабында парасаттылықтың, биіктіктің белгісі жатыр. Дәл осы бір уытты қалжың айту Абайдың бойына да мол сіңген. Әуезовтің: «Абайдың сөзіндегі салқын ақыл әкеден, ащы тілді мысқыл шеше жағынан деуге де бола ма дейміз», —  деген болжамы ақиқаттан алыс жатқан жоқ.

Абайдың өзі жасынан әзіл өлеңге үйір болып «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» деп басталатын немесе «Майбасарға» арналған бері қарай талай әзіл-қалжың, арты ащы ирония, сарказмға баратын көптеген туындыларын келтіруге болады…

Шаншарлар тілінен Құнанбай да қатты сақтанған. Төмендегі дерекке жүгінейік: «Абай жас кезінде нағашыларына бармақ болған ойын әкесіне айтқанда, Құнанбай баланың тілегін құп алып:

— Балам, баруыңа қарсылығым жоқ. Өзіңе айтарым, сөйлер сөз, айтар ойыңның аңысын аңдағайсың, — деп ескерткен екен.

Бір күні нағашысы Тонтай екінті намазын обың-күбің оқып тез-тез бітіргені әрі діни қағиданы бұзып, аяттарын шатастырып оқығаны Абайға өрескел көрінеді де:

— Нағашы, намаздың шариғат белгілеген қағидасын бұзып, төте тартатын жолы да болады екен-ау, — деп мысқылдап қойған сауалына нағашысы:

— Иә, балам, бұл сұрауың өте орынды. Әрі сенің бұл айтқаның Имам шафиғының тар жолына жатады. Бірақ біз пір тұтатын Имам ағзамның жолы біреу-ақ: яғни әлем қандай кең болса, оның шариғаты да сондай кең. Анау-мынау ұсақ-түйек қателіктер кешіріле береді. Өйткені, ол қағида «аттың жалы», «түйенің қомы», «садақтың оғы» сияқты қатал, қатыгез емес, — деп көзін сығырайта, көлгірси, күле жауап беріпті.

Абай қайтқан соң әкесіне:

— Тонтайдың осынау ойланбастан айтқаны, әрбір атаумен атаған өте кескінді, әм зәрлі сөзі өкпеме найзадай қадалды, — депті. Құнанбай:

— Иә, бұл жұмбақ сөзді қалай түсіндің? — деп ызғарланған екен. Абай:

— Шешімін әділдікпен тура айтсам, «Аттың жалы» дегені – Еңлік-Кебекті атқа сүйретіп өлтірткен қатыгез Кеңгірбай бидің билігі. «Түйенің қомы» дегені — Қодарды келінімен түйеге теңдеп өлтірткен билердің үкімі. «Садақтың оғы» деп өкіне айтқаны – Қалқаман-Мамырды садақпен тартқан Көкенайдың қаталдығы деп түсіндім. Бұл сөздер Тобықты еліне таңба боп басылғандай сезіндім, бармағымды тістей-тістей аттандым, – депті.

Дәл осы «Садақтың оғы», «Аттың жалы», «Түйенің қомы не?» деген сұрауды Абайға Найман Ұлан-Бұланның асында сол елдің бір ақсақалы қоятын естелікті кеше ғана өмірден өткен , Абай елінің шежірешісі – Бекен Исабаев келтірген-ді. (қараңыз: Ұлылар мекені, 2001). Дәл осы сауал Абайға екі рет қойылуы да мүмкін немесе ауызекі айтылып жеткен әңгіменің көп вариантты болуы әр айтушы өз руына, өз атасына тартуынан туған ба деген ойға қалдырады. Жалпы Құнанбай, Абай төңірегіндегі осындай ақынның жас шағындағы сөз қағысулары, суырыпсалма өлең-сөзі бізге ауызша жеткен. Хатқа түспей, ескі көз естеліктерден жиналған мұраларда қиыс кетіп жататын, қайталанып келетін, Абайға бұл сөзді ананы емес, мына ақын айтқан деген уәжі қиын дүниелер де кездесіп жатады.

Абайдың сөзден тосылуы осындай ел ішіндегі қолайсыз оқиғаларға қатысты, әсіресе, Тобықтының тізеге салған тұстарына байланысты болып отырған. Сондай сөз барымтасы Бекбосын бимен болған. Бекбосын Домбайұлы – Қаракерей Семіз Найманның алғыр биі. Құнанбай, Абайлармен жақын таныс. Барымта кезінде Найман Қазығұл жігіттерімен сойылдасуда Тобықтының бір адамы өліп, құн даулауға Абай жүреді. «Құнанбайдың болыс баласы келе жатыр» дегенді естіп, Қазығұлдар ат жіберіп Бекбосын биді алдырады.

Он шақты адаммен Қазығұл еліне келген Абайды қарсы алғандардың арасынан Бекбосын суырылып шығып, амандасып:

— Жақсы жігіт жоқ іздейді, жаман жігіт боқ іздейді. Бірді көп іздейді, көпті кім іздейді? Жүрістерің суыт, қабақтарың қату ғой. Тобықтының сөзі Кеңгірбай еді, өзі Өскенбай еді. Құнекеңнің көзіндей боп жалғыз келгенің қалай, Абай? Базекем, Базаралым аман болса игі еді, — деп Абайды құшағынан босатпай тұрып алыпты. Абай:

— Алысқа жолаушылап бара жатқан соң, жолай бұрылып едік, рақмет! — деп Қазығұл аулынан түстеніп қана аттанып кетіпті.

Сөйтсе, осының алдында ғана Базаралы Қауменұлы бастаған Жігітектің 17 адамы итжеккенге айдалған екен. Бекбосын бидің осы оқиғаны тұспалдағанынан тұжырым жасаған Абай дауласып жатуды орынсыз көрген.

Қалай десек те, дәл осы сөздің салмағы өте ауыр-тын. Әйтсе де, нағашыға тартқан Абай да дәл осы нағашыларын тосылтқан тұсы бар. Нағашылары, әрі қайын жұрты Қаракесек еліне қайын атасы Алшынбайға сәлем бере барған жас Абайды сынамақ болған Шаншардың алты-жеті қарты оны арнайы тосып отыр екен.

Дауысын соза «Ас-сә-ләм-аға-лей-кум!» деп есіктен кірген Абайға бір қарт:

— Пай-пай-пай, мына көмейі суырылған шешеннің ұрпағы-ай, сәлемнің өзін әндете бастауын-ай! — дегенде, екінші қарт іле:

— Е, әкесі Құнанбайға ұқсамай, өзін тіл мен сұқтан құдайдың сақтауын-ай! — деп қалады. Үшінші қарт жұлып алғандай:

— Әлден-ақ жүндес тоқты қошқардай бүкіл денесін қалың түктің қаптауын-ай! — дейді…

Сол кезде Абай басқа Шаншарларға сөз кезегін бермей, тосыннан киіп кетіп, әлгі үшеуіне тесіле қарап тұрып:

— Әй, әттеген-ай! Әуелде қыздарыңды ұзатқанда, бәрің бірдей жабыла  жамырап: «Түкті бала таппа» деп айтпауың-ай! — деп төрге барып отыра кетіпті. Орталарында отырған Алшынбай аналарға оқыс бұрылып, рақаттана мырс-мырс күліп:

— Ал ендеше, үшеуіңе бір сыбаға! — деген екен.

Әуелден кесек сөйлеп дағдыланған Абай атасы Алшынбайдың бір қылқұйрығына қызығып, Алшынбай бергісі келмей, батамды берейін дегенде: «Ондай батасын сатқан шал өзімде де бар», — деп қайырылмай кететіні бар ғой.

Мұндай ұрымтал тұста сөз табу Абайдың жас кезінен бойына біткен ерекшелігі боп, есейіп, қартайған шағында да бір толастамаған.

Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжанмен тағдырлас болуы да Алланың жасаған кереметі дерсің. Ұлжанды алғаш Құнанбайдың інісі Құтпанбетке атастырады. Құтпанбет ру арасындағы бір қақтығыста найзаға түсіп өледі де қалыңдығы Ұлжан оң жақта қыз күйінде қалған соң, екінші әйел қып Құнанбай алады.

Ақылды келін Ұлжан енесі Зеремен аса бір ынтымақтастықта ғұмыр кешкен. Жер дауына байланысты оқтын-оқтын тұтанып отыратын Тобықтының өз ішіндегі бас араздық осы Зере-Ұлжан ауылында бітім тауып жататын-ды. Бұл жайында «Абай жолындағы» оқиғалардан қанықпыз.

Сол кездегі ата дәстүр бойынша Ұлжанның бар баласы өз қолында тәрбиеленбеген. Әуезовтің айтуынша, үлкен ұлы Тәңірберді жас кезінде Өскенбай бидің қолында болса, Ысқақ Күңкенің тәрбиесінде болған. Абай мен кенже інісі Оспан Зере мен Ұлжанның тәрбиесінде болып, Абай жасынан бір ауыл боп отырған Құнанбайдың үшінші әйелі Айғызбен өз үйінің ортасында жүріп Телқара атанғаны белгілі….

Жалпы Абай тәрбие алған ел аналарының есімдерін әріден бастауға болады.  Сонау Абайдың төртінші атасы Айдостың әйелі Айпара сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем болған. Кейіннен төрт рулы ел болған төрт баласының бүгіні мен ертеңі төрт-ақ ауыз сөзге сыйғызған аузы дуалы ел анасы.

Бертінгі Құнанбайдың қарындасы Тайбала өзінің ешкімге ұқсамас өрлігімен, ақылдылығымен қалыңдық боп түскен елінде сыйлы болады. Құнанбайдың асырап алған баласы Ізғұттыны бала етіп еліне жіберген тосын шешімі ел аузында сақталған. Аз ғана сөзі «Абай жолы» арқылы жеткен Сары апаң дейтін ақынжанды анамыздың тәлімі Абайға аз әсер етпегені анық. Деректерге жүгінсек: «Сары апаң — Тобықты ішінде Тоғалақ, Тайсоймас дегеннің қызы. Уақ елінің нашар адамына атастырылып, күйеуімен екі жылдай тұрған соң, бір тоқтысын сойып, ауыл ақсақалдарын жинап былай депті:

— Мен аруақты сыйлап келдім. Екі жыл тұрдым, енді басыма рұқсат берсеңіздер екен. Төркініме барып, мал жиып алып, мына күйеуіме қалың төлеп, әйел алып беріп, содан соң кетем, — депті.

Сонда ақсақалдар әрі ойлап, бері ойлап, ақырында рұқсат беріпті. Сары апаң айтқанын орындап, күйеуіне әйел алып беріп, төркініне келіпті. Осыдан кейін Сары апаң күйеуге шықпапты. Ел ішінде суырыпсалма, тапқыр, айтқыш болып құрметке бөленген адам» (қараңыз:Жұртбай Т.Құнанбай. — Алматы, 2004).

Құнанбай мен Бөжейдің арасы ашылып кеткен кезде Бөжей дүние салып, Құнанбайлар көңіл айтуға келгенде Бөжей жақ оның қыздарының аузына:

Арғы атасы Ырғызбай,

                        Айыпқа берді бір қызды-ай.

                        Жүйріктігі құландай

                        Шұбарлығы жыландай, — деген жоқтау өлеңді салғанда, осы Сары апаң:

Мына да қарлар не дейді,

                        Жақсыдан жаман көбейді.

                        Асыл туған ұрпағын

                        Ұрлап та көмдің Бөжейді, — деп сөз қарымын қайтарған екен.

Жігітектің ішінде Қожыкен деген көксау шал дөңнің басында отырып өліпті. Сол кезде осы Жігітектің ішіндегі Түлкібайлар: Қожыкенді жерге таласып жүрген Тоғалақтар (Сары апаңның руы) ұрып өлтірді, – деп қыздары дауыс айтыпты. Сары апаң сонда тағы да:

                        Қожыкен деген көксауың,

                        Кісіден өлгенге ұқсауын.

                        Апиын беріп өлтіріп,

                        Екі де қардың қақсауын, — деп жауап қайтарыпты. Тобықты ішіне сіңген ноғай Ысқақ бай Сары апаңа, мен туралы айтшы дегенде Сары апаң іркілместен:

Қазаннан келген пұшығым,

                        Қаңғырып келген күшігім.

                        Қаңғырғаның құт болып,

                        Түлкіден болды ішігің, — депті. Сонда Ысқақ:

— Апатай, ар жағын айтпай-ақ қой, — деп, иығына түлкі ішігін жауыпты.

Ақындық өнері бір басына жететін Сары апаңның өлең мұрасы бізге жетпеді. Әйтсе де тамшыдай сөз тармақтарынан ол кісінің қандай адам болғандығы байқалып-ақ тұр. «Күтсеңдер, Сары апаңды күтіңдер», — деген сөзді Әуезов эпопеяда Құнанбай аузына тегіннен-тегін салмаса керек…

Асыл сөздері кейінгі ұрпаққа әлсін-әлсін жеткен дала аналары арысы Айпара әжемізден бастап Зере, Ұлжан, Сары апаң, Тайбала, Ботантай аналарымыздың Абайдай ұланның тәрбиесіндегі орны оқшау. Соңғы аталған Ботантай апамыз (Құдайбердінің әйелі, Шәкәрім қажының әжесі) өте өжет, тентек мінезді, сөзге шешен адам болған. Құдайберді дүниеден өткен соң бүкіл ауылының шаруасын дөңгелетіп ұстап отырған ер мінезді, қайратты адам болған…

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,

абайтанушы

 

https://aqtobegazeti.kz/?p=82423