Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Абай > Абай мұрасын кеңінен насихаттау – игілікті іс

Абай мұрасын кеңінен насихаттау – игілікті іс

Бүгін Жұбанов университетінің  «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығында  Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай жарияланған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Үлкен қоғамдық серпіліс туғызған бұл еңбектің биылғы жылы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізгелі отырған бүкіл еліміз үшін маңызы зор.

Дөңгелек үстелге әдебиеттанушы ғалымдар, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, аталған оқу ордасының басшылығы, профессорлық-оқытушылық құрамы, докторанттары, магистранттары студенттері және де ұлы ақынның 175 жылдығын өткізуге жауапты жұмыс тобы қатысты.

Ұлы ақынның  175 жылдығына байланысты Мемлекет басшысының  аталған  мақаласының жариялануы дөңгелек үстелдің өзектілігіне айналды. Жиынды ашқан университет проректоры Рахым Бекназаров мақала туралы өз ой-толғамдарын ортаға салып, алдағы жоспарлар мен жүзеге асырылған іс-шараларға  тоқталды.

  • Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай қолға алынатын іс-шаралардың бастауы ретінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Жұбановтан — Абайға» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылып, Ақтөбе — Нұр-Сұлтан —Павлодар — Семей — Жидебай — Баянауыл — Қарқаралы — Қарағанды бағытындағы киелі жерлерде болып қайтты. Сонымен қатар жуырда облысымыздың 12 ауданына сапарға шыққан университетіміздің «Жұбанов керуені» жобасы аясында Абай мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау барысында  абайтанушы-ғалым Бауыржан Ердембековтің «Абайтану» атты кітабының  500-ге жуық данасы аудан мектептерінің кітапхана қорына табысталды. Аталған кітапты Ақтөбе қаласының мектептеріне таратуды жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Өз кезегінде «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, профессор Абат Пангереев  Мемлекет басшысы мақаласының қазақ халқының әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғасы Абайдың 175 жылдық мерейтойының тағылымдық маңызына тоқталып, жастарға білім мен тәрбие берудегі абайтану бағытындағы кешенді жұмыстарды атап өтті.

Дөңгелек үстелде  Мемлекет басшысының мақаласы мен университетте Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу жоспары талқыланды. Жиынға қатысушылар ақынның ұлттық тарих пен қазақ халқының рухани дамуында өшпес із қалдырғандығы, ғасыр ақынының мерейтойын атап өтудің негізгі бағыттары туралы өзіндік көзқарастарын білдірді. Сондай-ақ, басқосуда ғалымдар Президент мақаласындағы «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» атты тарауларға жеке-жеке тоқталып, көпшілікке ортақ мәселелерді де  ортаға салды.

Сонымен қатар Әдебиет Молдаханов, Амангелді Айталы, Алтай Тайжанов және Дәулет Әбенов сынды ғалымдар өз ойлары мен ұсыныстарын айтып, Президент мақаласындағы мәселелерге үн қосты.

Өз кезегінде қоғам қайраткері Амангелді Айталы: — Абай шығармалары ұлтымыздың тұрмыс тіршілігін, мінезі мен дүниетанымын, ділі мен дінін түгел қамтиды. Сондықтан ұлттық жаңғыру ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып ұтымды пайдалану қажет, себебі ақын көтерген мәселелер бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», деп Абай әрбір қазақ баласын өз елінің парасатты және ұлтжанды азаматы болуға шақырды. Абай ілімі арқылы интеллектуалды ұлт болуға шақырады.  Абай – ойшыл. Абайды ақын деп қарауға болмайды. Біз жастардың тәрбиесін, ұлтты Абайша сүюден, елдікті, мемлекетті қадірлеуден бастауымыз керек.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мақаласында өзі айтқандай, сөзден іске көшу керекпіз.  Абайдың мұралары арқылы өскелең ұрпақ бойына адамгершіліктің, адалдықтың, еңбекқорлықтың, парасаттылықтың дәнін егу керекпіз. Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, еліміздің дамуына серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп, нақты іспен көрсету керекпіз, — деді.

Бұл жиында университет ұжымы Президент мақаласына бірауыздан қолдау білдірумен бірге хакім Абайдың тағылымдарына құрмет көрсетті. Сондай-ақ, ұлы ақынның мерейтойын атап өтуге өз үлесін қосу үшін университет ұжымы  бірқатар жоспарлар құрып, Абайдың мол мұрасын насихаттауда  еңбек ететіндіктерін жеткізді.