Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұмыс берушілермен кездесті

Жұмыс берушілермен кездесті

Жұбанов университетінің  тарих факультетінде 2020-2024 оқу жылдарына арналған 6В01601-Тарих, 6В02201-Тарих, 6В01511-География-Тарих, 6В01506-География, 6В11101-Туризм модульдік білім беру бағдарламаларын жасақтау барысында жұмыс берушілермен кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы» КММ-ң, «Зере Тур» ЖШС-нің, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің, Қалалық жас туристер стансасының, қала мектептерінің мамандары және тарих факультетінің оқытушылары мен кафедра меңгерушілері қатысты.

Кездесуге қатысқан мамандар өз сөздерінде салаға керекті мамандарға қойылатын талаптың жоғары екендігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ,  жұмыс берушілер өздері ұсынған пәндердің құзіреттілігіне тоқталып, студенттердің болашақта  бәсекеге қабілетті кәсіби маман болып қалыптасуына әсері туралы айтып өтті. Ал, кездесуде сөз алған мектеп педагогтары  Геоақпараттану және сандық карталарды құру технологиялары (ГИС), Глобалистика және табиғатты пайдалану, Басқару және тұрақты дамудың географиялық негіздері және Жаратылыстану негіздері пәндерінің маңыздылығы туралы баяндады.

Кафедра меңгерушілері өз кезектерінде алдағы оқу жылына арналған  модульдік білім беру бағдарламаларын ұсынды. Сонымен қатар отырыста факультет деканы, доцент Гүлмира Купенова да көтеріліп отырған мәселеге байланысты өз көзқарасын білдірді. Өз кезегінде Гүлмира Купенова маман дайындаушылар мен жұмыс берушілердің арасындағы байланыс, сұраныстарға жауап беру заман талабы екендігіне баса назар аударды.

Кездесу соңында шақырылған мамандар мен мектеп мұғалімдері білім беру бағдарламаларының сапасын жақсарту жөнінде өз ұсыныстарын ұсынды, қазіргі заманғы мамандардың өздеріне қажетті біліктілік туралы пікірлерін ортаға салды.

Айта кету керек биылғы оқу жылында аталған факультетті 100-ге жуық студент аяқтағалы отыр.