Среда, Февраль 19, 2020
Басты > Жаңалықтар > Ғалымның мерейтойына арналды

Ғалымның мерейтойына арналды

Бүгінгі   жаратылыстану факультетіндегі салтанатты шара  ғалым мерейтойына арналды.

Жұбанов университетінде қызмет еткен Исатай Нұрлыбаевтың 80 жылдығына арналған басқосуға оның туыстары, көз көрген әріптестері мен мерейтой иесінің шәкірттері   қатысты.

Мерейтойға арналған шараны  университет проректоры Рахым Бекназаров ашып, ректор Бауыржан Ердембековтің  құттықтау хатын табыстады.  Сөз соңында  Р.Бекназаров Жұбанов университетін дамытуға ерен еңбек сіңірген Исатай Нұрлыбаевты «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапаттап, иығына шапан жапты. Проректор Рахым Бекназаровтың  жылы лебізі салтанатты шараға қатысушы үзеңгілес әріптестерінің жылы сөздерімен жалғасты. Мерейтойға қатысқан профессор Константин Цхай, Игорь Спивак-Лавров, Жайшылық Сартабановтар  дара тұлғаның даналығы мен техника  саласына қосқан өлшеусіз үлесін жоғары бағалады. Өз кезегінде профессор Жайшылық Сартабанов  мерейтой иесінің мәртебелі өмір жолындағы елеулі еңбегін ерекше атап өтті.

Салтанатты шарада «Химия және химиялық технология» кафедрасының доценті Базархан Иманғалиева мерейтой иесінің   шығармашылық жолы туралы баяндама жасады. Ол баяндамасында Нұрлыбаев Исатай Нұрманұлының өмірінің әрбір кезеңіне тоқталып, кеңінен баяндады. Сондай-ақ шарада мерейтой иесін  құттықтаған  шәкірттері, әріптестері ұстаз-ғалымның өмірі мен қызметінің ерекше есте қалған тұстарын тілге тиек етіп, сый-сыяпаттарын табыстады.

Шара соңында  80 жасты еңсерген техника ғылымдарының докторы, профессор Исатай Нұрлыбаев өзіне көрсетілген қошеметке зор алғысын білдірді.

— Жақсының аты мен ғалымның хаты тарих беттерінде мәңгі қалатыны анық. Өз  еңбектерімнің жас ұрпаққа пайдасы тисе, бақытыма балағаным. Маған көрсетілген марапаттарыңызға мың алғыс!, — деді ол.

Айта кетейік, Исатай Нұрлыбев 150-ге жуық ғылыми жұмыстың, оның ішінде 2 монографияның  және 2 оқу құралының авторы. «Ақтөбе облысының үздік инновациялық жобасы» конкурсының жеңімпазы, «Жылдың ғылыми жетістіктері» номинациясының иегері.