Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Мансаптың» жаңа маусымы басталды

«Мансаптың» жаңа маусымы басталды

Ақтөбеде «Мансап» студенттік мемлекеттік қызмет мектебі өзінің бесінші маусымын бастады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ұйытқы болуымен қолға алынған жобаның кезекті маусымының ашылуы жылдағы дәстүр бойынша Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің базасында орналасқан арнайы аудиторияда өтті.

Агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әділбек Мұқашев пен университет проректоры Нұржан Бердібаев болашақ мемлекеттік қызметшілерді жаңа маусымның ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Айта кетейік, 2016 жылы Ақтөбеде пилоттық жоба ретінде ашылған мектеп Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тарапынан қолдау тауып, бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде жалғасын тапты.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисеновтің айтуынша, «Мансап» мектебі бүгінгі күнге дейін 70-ке жуық маман даярлаған. Олардың 80%-ы бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет саласында жүр.

2016 жылы мектептің алғашқы маусымына 25 студент қабылданып, олардың 19-ы тәмамдау жөніндегі сертификаттарға ие болды. Ал 2017 жылы «Мансап» жобасы студенттердің арасында кең тарап, екінші маусымның қатысушысы атануға ниет білдірген жастардың саны  252-ге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 есеге артты. Заңнаманы білуге арналған тестілеуден 102 студент сүрінбей өтіп, уәкілетті орган өкілдерімен әңгімелесу кезеңі бойынша 22 студент мектеп табалдырығын аттаған еді. 2018 жылы 18 студент арнайы сертификат алып шықса, 2019 жылы әңгімелесу қорытындысы бойынша өз қасиеттерімен ерекшеленген 15 студент «Мансап» мектебіне қабылданды. Ал биыл олардың саны — 21.

Мектептің оқу кестесіне сәйкес студенттер теориялық және практикалық дағдылардан өтеді. Сондай-ақ, олар мемлекеттік органдардың басшыларынан, ҚР  Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы оқытушылары мен  психологтарынан теориялық тәлім алып, мемлекеттік органдарда  тәжірибе жинақтайды.

 

 Ақерке САТЫБАЛДЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=82698