Четверг, Июнь 4, 2020
Басты > Жаңалықтар > Ұлағатты ұстаз ұлықталды

Ұлағатты ұстаз ұлықталды

Бүгін Жұбанов университетінде «Көркем еңбек және дизайн» кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, педагогика  ғылымдарының кандидаты, доцент  Боранбай Моменовтің 60 жасқа толу тойына арналған кәсіби-шығармашылық факультетінің Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Оған облыстағы жоғары оқу орындары мен орта оқу орындарының, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, облыстың суретшілері, белгілі ғалымдар, мерейтой иесінің шәкірттері, әріптестері мен достары қатысты.

Боранбай  Мырзағалиұлы Моменов — 60-қа жуық ғылыми жұмыстардың, оның ішінде 3 оқулық, 1 электронды оқулық «Бейнелеу өнері бойынша дипломдық жұмыстарды орындау әдістемесі»  және  «Күн энергиясын пайдалануға арналған құрылғы» өнертабысының авторы. Сонымен қатар Adobe Photo Shop, Corel Draw, 3D MAX студиясы және ең танымал компьютерлік графикалық бағдарламаларымен жасаған университеттік жарнамалық графикалық (компания белгілері, логотиптер, буклеттер, постерлер, постерлер, сәулет және ландшафт) жобалардың авторы және жасаушысы.

Белгілі ғалымның мерейтойына орай ұйымдастырылған шарада оның еңбектері сараланып, ғылымға қосқан еңбегі айтылды.

Шараны университеттің «Көркем еңбек және дизайн» кафедрасы меңгерушісі Мергембай Кургамбеков ашты. Кафедраның аға оқытушысы Гүлжан Алгартова  ғалымның ғылыми-педагогикалық қызыметі мен өмір жолы жайында әңгімеледі. Ол баяндамасында Боранбай Моменовтің өмірінің әрбір кезеңіне тоқталып, кеңінен баяндады. Бұдан кейін сөз алған университеттің проректоры Рахым Бекназаров жиналғандарға  ғалымның білім-ғылым саласына сіңірген еңбегі туралы әңгімелеп, ректор Бауыржан Ердембековтің құттықтауын жеткізді.

Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасы Дизайнерлер Одағының мүшесі Боранбай Моменов университеттің Ғылыми Кеңес шешімімен «Жұбанов» медалімен марапатталып, ерекше сый-құрметке бөленді. Сондай-ақ мінберде сөз алған Ақтөбе облысының білім басқармасының өкілі Гүлнар Мырзағалиева  басқарма басшысы Ләззат Оразбаеваның құттықтауын жеткізді.  Құттықтау хатта  мерейтой иесінің ғалым ретіндегі биігін, туған еліне адал перзент ретіндегі еңбегінайрықша жоғары бағалайтынын тілге тиек етті.

Ғылыми кеңес барысында белгілі ғалымдар көрнекті ғалымның өзі қызмет атқаратын кафедра ұжымы сөз сөйлеп, мерейтой иесінің ғылымда жеткен жемісті табыстары мен өнегелі істеріне тоқталды. Әріптестері мерейтой иесінің шәкірттерге нағыз үлгі тұтар ұстазға айналғанын сөз етті. Жиында шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері  бейне құттықтау жолдап, тілектерін жеткізді.

Кеш соңында мерейтой иесі Боранбай Моменов сөз алып, жиналған көпшілікке, құттықтап, жылы сөз арнаған барша азаматтарға ықыласын айтып, ел-жұртқа амандық тіледі.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: еткен еңбегі де, жеткен жетістігі де жан-жақты айтылып, бергенінен берері көп ғалымның құрметіне арналған жиын өзінің алдына қойған мақсат-мұратын толық ақтады.

Айта кетейік, Боранбай Моменов — Қазақстан Республикасы Дизайнерлер Одағының мүшесі. Қоғамдық жұмыстарының нәтижесінде Ақтөбе облысының Облыстық білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің, Ақтөбе облысы әкімінің, университет ректорының Алғыс хаттарымен марапатталған. «Қабақ Баба»  төс белгісімен (2018 жыл),  «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалімен (2018 жыл), «Білім беру саласының үздігі»  (2019 жыл) медалдарымен марапатталған.