Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тарихи тұлғаның тағылымы

Тарихи тұлғаның тағылымы

Ақтөбеде Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына арналған «Ер Едіге және Алтын Орда мемлекеті» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Nur Otan партиясы облыстық филиалы ғимаратында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжановтың төрағалығымен өткізілген шараға бірқатар басқармалар мен жоғары оқу орындарының басшылары, оқытушы-профессорлар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ардагерлер мен студенттер қатысты.

Өз сөзінде Марат Тоғжанов тарихта із қалдырған атақты батыр, ел билеуші Едігенің ерлік істері жайында айта келе: «Тарихты еске алу, ұлықтау — үлкен өнегелі іс. Әруақытта тарихи оқиғаларға шынайы түрде тікелей баға бере алатын — уақыт. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері біз тарихымызды басқаша зерттей бастадық. Өйткені бұрынғы идеологиялық тұрғыда емес, яғни бұған дейінгі жазылған тарихи деректерді толықтай қабылдамай, шынымен де осы тарихи тұлғалар туралы жазбаларға деген көзқарасымызды өзгерте отырып, зерттеуге көштік. Едіге бабамызға тағы да бір тоқталып, бүгінгі тарихшыларымыздың қайтадан архивтерді көтеріп, сол туралы көптеген мәліметтер жинақтап, тарихи деректерді тауып, батырдың бұған дейін біз білмеген қырларын зерттеуі әрі мұндай конференцияны өткізудің өзі — соның бір көрінісі», — деді.

Конференцияға жиналғандар алдында Марат Тоғжанов елімізде Едіге батырға арналған ескерткіштің бірінші болып Ақтөбеде ашылуының орны ерекше, алайда бұған баға беру кейінгі ұрпақтың еншісінде екенін атап өтті.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияда едігетанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұбаназар Асанов биыл Алтын Орданың 750 жылдығын лайықты атап өту үшін Үкімет қаулы қабылдағанын, көп мөлшерде қаражат қарастырылғанын айта келе:

— Алтын Орданы Едіге 17 жыл басқарған. Бұл кісі туралы деректер жеткілікті. Дегенмен әлі де зерттеуді қажет етеді. Өйткені Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін түркі халықтары осы тақырыпқа айрықша көңіл бөліп, зерттеуге ден қойып отыр. Мәселен, татарлар Кеңес Одағы ыдыраған кезде Едіге туралы монография жазды. Оларда 12 нұсқа бар, соның бәрін жеке-жеке кітап етіп шығарып, ғылыми еңбектер, докторлық диссертациялар қорғап, көп жұмыс атқарған. Ал бар-жоғы елу мыңға тарта ноғай да бұл бағытта көп шаруа тындырған. Көше мен мектепті, бүтін бір ауылды Едігенің атымен атап, кітап шығарып, үлкен конференция да өткізді. Бұл жұмыстарды олар тоқсаныншы жылдары жасап тастаған. Сол сияқты қарақалпақтар да тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін осы іспен айналысуға көшті. Аласапыран заманда Едіге батырға ескерткіш қойып, біраз зерттеулер жүргізді, халықаралық конференция өткізді. Бұл шараға Жапония, Германиядан атақты ғалымдарды шақыртқан. Ал өзімізге келер болсақ, біздің Едігемен қандай байланысымыз бар? Орта ғасырдағы атақты тарихшы Қадырғали Жалайыр «Елек өзенінің үстінде үш бөрте бар. Сол үш бөртенің ортаңғы бөлігінде Едіге батыр өлді» деп жазады. Бұл — Ақтөбенің Мәртөк ауданы территориясы екен. 2016 жылы біз Едіге қорын құрған болатынбыз. Сол маңға зерттеу жүргізу үшін 6-7 рет барғанбыз, нәтижесінде тас белгі қойылды. Артынша сол тұстағы облыстық мәдениет басқармасы басшысының нұсқауымен Едіге батырды ұлықтау, насихаттау мақсатында көптеген іс-шаралар жүргізілді. Осылайша Ақтөбеде едігетану шаралары 2016 жылдан бастау алды. Соның арқасында арнайы топ құрып, біз алты ауданда болдық. Едігенің біздің өңірмен тағы бір байланысы — Атыраумен шектескен жерде Едіге ойпаты бар. Байғанин ауданында «Едігенің жалы» деген жер және Едіге бейіті бар. Әрине мұның барлығы алдағы уақытта терең зерттеуді қажет ететін іс, — деді ол.

Сондай-ақ конференцияда С.Бәйішев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Баян Бораш «Алтын Орда кезіндегі жыраулар поэзиясы» тақырыбында баяндаса, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов мұндай шараның тағылымдық мәніне тоқтала келе:

— Конференцияның бір бөлігі Алтын Орда туралы болғаннан кейін еске салатын бір нәрсе бар. Ол — Алтын Орда 1243-1503 жылдар аралығында Орта ғасырда Шыңғыс хан империясының құрамында Дешті-Қыпшақта құрылған түрік мемлекеті. Бізге бұл сонысымен құнды. Ал Едіге туралы айтқанда Алтын орданы айтпау мүмкін емес. Ғылыми теория мен тәжірибелік практикалық тұрғыдан келгенде, біз мынадай ұстанымдарға келуіміз керек. Біріншіден — ұлттық ұстаным, екіншіден — мемлекеттік ұстаным, үшіншіден — жалпы адамзаттық ұстаным. Бізде ұлттық және мемлекеттік мүдде — бірлікте. Өйткені, Конституцияда айтылғандай, біз унитарлы мемлекетпіз. Ендеше унитарлы мемлекет болғаннан кейін бізде екі мәселе бар. Оның біріншісі — ұлттық, екіншісі — жалпы адамзаттық мүдделер. Осы екеуінің арасында бірігу арқылы қалыптасқан ұлттық ерекшеліктеріміз де бар. Оны көп жағдайларда біз «этностар» деп айтып жүрміз. Сондықтан мұндай үлкен тұлғалар —  халықтарға ортақ. Сондықтан біз бұл істі келер ұрпақ үшін жасаймыз. Егер де біз қателессек, олар да қателеседі. Біз жеткізбей айтсақ, олар жеткізеді.  Ендеше  бұл жерде абай болу керек сияқты. Сондықтан асырмай да, жасырмай да, өз деңгейімізде болсақ, келер ұрпақ бізден басқаша көзқараспен қарауы мүмкін, — деп Едігеге қатысты жазылған еңбектерден нақты мысалдар келтірді.

Сондай-ақ жиында Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин өткен жылы Ер Едігенің туғанына 650 жыл толуына қатысты Ақтөбе өңірінде де іс-шаралар өткізілгенін айта келе, сөзінің соңында ескерткіші Оңтүстік-батыс ауданы маңында орналасқан ауылға Едігенің атын беру турасында ұсыныс айтты.

Конференция соңында резолюция жобасы талқыланып, бірқатар ұсыныстар айтылды. Тарихшы Рахым Бекназаров мұндай тақырыпқа бойлаған кезде зерттеушілердің еңбектеріне сүйену қажеттігін айтып:

— Ұсыныс негізінде айтар болсам, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген уақытта қазіргі Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты және Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтпен тығыз байланысқа шыққандарыңыз орынды болар еді. Неге десеңіздер, мен бір-ақ мысал келтірейін. Ораз Жандосовтың туған шешесі Клавдия Пещулинаның жасы сексенге таяп қалды. Сол кісінің қолында дайын зерттеулер бар. Ғылыми зерттеулерге нық негіз болатын осындай зерттеушілердің еңбектеріне сүйенген абзал. Сол сияқты бұл тақырыпта археологиялық қазба жұмыстары міндетті түрде жүргізілуі керек, бейіт орны қазылуы қажет. Сондықтан бұл тақырып жан-жақты зерттеуді қажет етеді, — деді ол.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

https://aqtobegazeti.kz/?p=82897