Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > 85 жылдыққа — 85 кітап

85 жылдыққа — 85 кітап

Эстафета

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кітапхана қоры тың туындылармен толықты. Тарих ғылымдарының кандидаттары Дәулет Әбенов пен Бибігүл Әбенова университеттің 85 жылдығына орай ғылыми кітапханаға 85 кітабын тарту етті.  

Авторлардың  монографиялары, оқу құралдары мен жинақтары туған өлке тарихына қызығушылық танытқандар үшін қолжетімді болмақ.

Ғалымдардың еңбектерінің ішінде Әбілқайыр ханның ұрпағы Бақытжан Қаратаевтың 1934 жылдан бері Алматы қаласы Орталық кітапханасының «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар» қорында сақталып келген, бұрын-соңды баспадан шықпаған қолжазба жұмыстарының негізінде жазылған кітап бар.

Сондай-ақ, кітапхана қорына тапсырылған еңбектердің ішінде ғылыми айналымға жаңадан енгізілген тарихи деректер негізінде жарық көрген «Ресей империясының қазақ жерін отарлау тарихы», «Ресей империясының Орынбор өлкесіндегі аймақтық саясаты», «1868 жылғы Әкімшілік реформаның Орынбор өлкесінде енгізілуі» атты монографиялар, т.б. ғылыми жинақтар да бар.

Жиын барысында тарихшылар оқулықтарға қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Өз кезегінде магистранттар мен студенттер де кітаптардың ғылыми-зерттеу жұмыстарында таптырмас көмекші құрал екенін тілге тиек етті.

Авторлар аталған оқу орнының мерейтойына үлес қосу мақсатында эстафетаны университеттің педагогика және филология факультетіне тапсырды.

Осыған орай педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Төребаева, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Сәлима Сейтенова және педагогика ғылымдарының кандидаты, аталған факультеттің деканы Жанна Жүсіпованың шығарған ғылыми-әдістемелік еңбектері университет кітапханасына табысталды. Ғылыми еңбектер педагогика, психология, арнайы білім беру салаларына арналған.

Айта кетейік, ғылыми еңбектер отандық, шетелдік мұрағаттардағы іргелі зерттеулерді жинауға және тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған «Архив-2025» бағдарламасы аясында ұсынылды.

Шара соңында «Университеттің 85 жылдығына — 85 кітап» эстафетасы жаратылыстану факультетіне жолданды.

 Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ.

https://aqtobegazeti.kz/?p=82945