Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Музыка мен хореографияны оқытудың заманауи әдістерін талқылады

Музыка мен хореографияны оқытудың заманауи әдістерін талқылады

Жұбанов  университетінің Жастар сарайында  «Рухани құндылықтар (саз және би) принципі негізінде оқытудың әдістері» атты аймақтық әдістемелік семинар өтті.

Жастар сарайына жиналғандарға алдымен университет қыздарының қолынан шыққан көйлектерінен арнайы дефиле көрсетілді.

Аталған жиында Жұбанов университетінің  «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының доценті Нұржамал Мукеева, А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің директоры Аманжол Исмағұлов  және  басқа да ғалымдар,  музыканттар, хореографтар  өз тәжірибелерімен бөлісіп, тұшымды ойларын ортаға салды.

Өз кезегінде Ақтөбе қаласындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының директоры Альфия Нигматуллина «Тәжірибеде дуалды оқыту элементтерін қолдану» тақырыбындағы баяндамасында  болашақ музыканттар мен хореографтар үшін практикалық сабақтың маңыздылығы туралы айтып өтті. Сондай-ақ, Жұбанов университетінің оқытушысы, облыстық филармония жанындағы қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі  Мербол Құспанов студенттік хормен жұмыс жасаудың заманауи әдістері туралы кеңінен баяндады. Жас маман хормен жұмыс  жасау тәжірибесінде заманауи әдістемелік тәсілдерді шебер көрсетіп, «Siyahamba» атты Оңтүстік Африканың танымал әнұранында африкалық әуендермен араласқан академиялық стильді қолданды. Семинарға қатысушылар мен студенттер музыкант-педагогтың басқаруындағы хорды зор қызығушылықпен қабылдады.

Басқосуда мұғалімдер жеке тұлғаны жетілдіретін және жас ұрпақтың имандылығы мен имандылығының кілті болып табылатын эстетикалық тәрбиенің маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар семинарда жоғары білікті мамандар даярлауға ықпал ететін дуальды білім беру мәселелері талқыланды.

«Рухани құндылықтар (саз және би) принципі негізінде оқытудың әдістері» атты аймақтық әдістемелік семинар соңында қатысушыларға сертификаттар мен Жұбанов университетінің басшылығы атынан оқу ордасының  серіктестеріне Алғыс хаттар табысталды.

Еске салсақ, бүгінгі таңда Ақтөбе қаласындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында, №1 балалар музыка мектебінде, №23 мектепте және Шалқар қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық мектепте  Жұбанов университетінің  «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының филиалдары ашылып, университет пен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония арасында тығыз ынтымақтастық орнады.

Айта кетейік, аймақтық әдістемелік семинар барысында аудандық, қалалық жалпы білім беретін және музыка мектептерінің мұғалімдері үшін тренингтер мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, семинарға қатысушылар Жастар сарайындағы халық әртісі Роза Жаманова атындағы хор өнері кабинеті, қазақтан шыққан тұңғыш балерина Нұрсұлу Тапалова атындағы хореография залы, фортепиано класы, мультимедиялық кабинеті, музыкалық өнер әдістемесі, баян классы және домбыра сыныбы кабинеттерімен танысты.