Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде ашық есік күні басталды

Жұбанов университетінде ашық есік күні басталды

 Бүгін ақтөбелік оқушылар сұранысқа ие маман болу үшін асфальт жасауды, жылыжайда құлпынай өсіруді және басқа да кәсіп иесі болуды үйренді.

Өңірдегі кадрлар тапшылығын жою, білікті мамандар даярлау және  мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру үшін Жұбанов университетінде Ашық есік күндері басталды.  Университет мамандары қаладағы 15 мектептің 500-ден астам мектеп бітірушілеріне сұранысқа ие мамандықтар туралы әңгімеледі.

Ашық есік күнінде мектеп бітірушілер университеттің Студенттер сарайымен, Жастар сарайымен, Инновациялық технологиялар паркімен,  зертханалармен, болашақ кәсіпкерлерге арналған StartUp академиясымен, жылыжай, кинотеатр және көрме залдарымен танысты.

Аталмыш шара жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын одан әрі дамыту, жас түлектерге дұрыс мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру, жергілікті жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу мақсатында ұйымдастырған «Жұбанов керуені» жобасының жалғасы болып табылады. Айта кетейік, жуырда университет өкілдері «Жұбанов керуені» жобасымен облыстың 12 ауданында  300-ге жуық мектепте, 3000-нан аса мектеп түлектерімен кездескен болатын. Кездесуге аудан түлектерінен бөлек олардың ата-аналары мен мектеп мұғалімдері, аудан басшылары қатысты. Жоба барысында аудан мектептерінде университеттің 16 кафедра филиалы ашылып, жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату мақсатында 5 ауданда меморандумдарға қол қойылды.

Мұнда жоғары оқу орындарына түсемін деген әрбір мектеп бітірушіге барлық көмек көрсетілді. Жоба аясында университет ғалымдарының еңбектерін табыстау рәсімі, білім бағдарламаларының көрмесі, студенттік клубтардың жәрмеңкелері, қолөнер көрмесі, шеберлік сабақтары өткізіліп, оқу ақысына жеңілдіктер мен басқа да сыйлықтар алу үшін байқаулар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, университет ректоры Бауыржан Ердембеков түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарды қанатының астына алып, үнемі қолдау көрсетіп отырады. Соның айғағы ретінде «Жұбанов керуені» жобасы барысында мүмкіндігі шектеулі, түрлі байқаулардың жеңімпаздары, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, толық емес отбасынан шыққан 45 мектеп бітірушіге  «Құдайберген Жұбанов атындағы білім грантының» сертификаты табысталды. Сонымен қатар жоба аясында ұйымдастырылған  «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясына қатысушылар арасынан 36 мектеп бітірушіге  Жұбанов университетінің оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік сертификаттары тарту етілді.

Ашық есік күнінің ашылуында университеттің өнерпаз студенттерінің концерттік бағдарламасы ұсынылды. Салтанатты жиынға облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлназ Мырзағалиева және университет түлегі, «Ақтөбе қаласының білім бөлімі» ММ басшысы Саян Сүлейменов арнайы қатысты.

Мектеп бітіруші түлектермен кездесу барысында университет ректоры, профессор  Бауыржан Ердембеков шараның негізгі мақсаттарын таныстырып, мамандықты таңдаудың маңызын жете түсіндірді. Өз кезегінде университет басшысы маман жетіспеу мәселесін шешу жолдарында оқу орнының атқарып жатқан қызметтері мен оң нәтижесіне де тоқталып өтті.

— Күн тәртібіндегі негізгі мәселе — мектеп бітіруші түлектің өз мамандығын дұрыс таңдауы. Барлық сыннан өтіп, тек құжаттарын өткізуге келгенде ғана мамандық таңдап, немесе грант үшін, төрт жыл, жүрегі қаламаған мамандықты аяқтап диплом алған жастар, не жұмыссыздардың санатында, не сапасыз кадрдың санатында жүретіні бізді қынжылтады. Бұл арада, әрине, жан-жақты кәсіби бағдар беру жұмысын жетілдіре түсу қажет, — деді ректор.

Сөз соңында университет ректоры бірқатар мектеп ұстаздары мен түлектерін өз атынан Алғыс хаттармен марапаттап, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына үлес қосу мақсатында «Абайтану» атты авторлық кітабын қаланың барлық мектептерінің кітапхана қорына тарту етті.

Мінберде сөз алған облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлназ Мырзағалиева ұрпақтардың ертеңіне елеулі үлес қосып, түлектердің дұрыс мамандық таңдауына бағыт-бағдар берген ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

— Университеттің «Жұбанов керуені» жобасы ауыл-аймақты аралап, үлкен мүмкіндіктерге жол ашқаны белгілі. Бүгінгі шара соның жалғасы іспетті. Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу басты мақсат болуы тиіс! Сондықтан университет жаңалықтарын тыңдап, білім бағыттарымен танысу біздің оқушыларымыз бен мұғалімдер үшін үлкен мүмкіндік ашатынына сенімім мол! Мектеп түлектері үшін ауқымды шараны қолға алып, ұйымдастырып отырған университет басшылығына алғысымды білдіремін!,- деді ол.

Содан соң университеттің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұржан Бердыбаев «Жоғары оқу орнына түсу ережелері» туралы баяндап,  онда білім деңгейінің сатыларына, жаңадан ашылған мамандықтарға, әлеуметтік жобаларға, нысандар мен оқу процесіндегі мүмкіндіктерге,   білім беру гранттарына тоқталды.

Өз кезегінде «Ақтөбе қаласының білім бөлімі» ММ басшысы Саян Сүлейменов Жұбанов университетінің кәсіби бағдар беру бағытында өткізіліп отырған іс-шаралары мектеп бітіруші түлектер үшін зор мүмкіндік екенін айтып, көлемді шараны ұйымдастырған университет ректоры мен ұжымына  ризашылығын білдірді.

Кездесу соңында университеттің белсенді жастары концерттік бағдарламасын ұсынып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, ашық есік күндері Жұбанов университетінде бір аптаға дейін жалғасатын болады.