Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ашық есік күндері өтіп жатыр

Ашық есік күндері өтіп жатыр

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде білікті мамандар даярлау, студенттерге мамандық таңдауға көмектесу және кадрлар тапшылығын жою мақсатында Ашық есік күндері басталды.

Дүйсенбі күні Ақтөбе қаласындағы15 мектептен 500-ден астам мектеп бітіруші сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алды.

Олар алдымен университеттің Инновациялық технологиялар паркімен, зертханалармен, болашақ кәсіпкерлерге арналған «StartUp» академиясымен, Студенттер сарайымен, Жастар сарайымен, жылыжай, кинотеатр және көрме залдарымен танысты.

— Облыста педагогикалық мамандықтарға сұраныс жоғары. Физика, математика, ағылшын тілі, әсіресе, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері тапшы. Бүгінде университет 64 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Бұл салалар нарықтың сұранысына қарай жаңарып отырады. Жыл сайын педагогикалық және техникалық мамандықтарға грант көп бөлінеді. Биыл да бұл үрдіс сақаталады. Себебі бұл мамандықтар бойынша кадр жетіспеушілігі байқалады. Ашық есік күндеріне барлығы 80-ге жуық мектептен оқушылар қатыспақ. Сонымен қатар шара барысында мектеп мұғалімдеріне де арналған семинар өтеді, —дейді университеттің кәсіби бағдар беру және қабылдау комиссиясының басшысы Рауан Жалтырбаева.

Аталған шара жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын одан әрі дамыту бағытында «Жұбанов керуені» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.Жуырда университет өкілдері «Жұбанов керуені» жобасымен облыстың 12 ауданында  300-ге жуық мектепте 3000-нан аса мектеп оқушыларымен кездескен болатын. Кездесуге олармен бірге ата-аналары, мектеп мұғалімдері және аудан басшылары қатысты.

Сондай-ақ аталған жоба аясында мүмкіндігі шектеулі, түрлі байқаулардың жеңімпаздары, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, толық емес отбасынан шыққан 45 мектеп бітірушіге Қ.Жұбанов атындағы білім грантының сертификаты табысталды. Сонымен қатар «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясына қатысушылар арасынан 36 мектеп бітірушіге университеттің оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік сертификаттары тарту етілді.

Ашық есік күндері 18 ақпанға дейін жалғасады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК

https://aqtobegazeti.kz/?p=83298