Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жеңімпаздар марапатталды

Жеңімпаздар марапатталды

Үш айға созылған футзалдан студенттер арасындағы «ARSU League» шағын футбол лигасы өз мәресіне жетті.  Спорттық шара студенттік ортада салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спорт түрін дамыту, білім алушыларды спортпен тұрақты шұғылдануға  баулу мақсатында ұйымдастырылды.

Жас спортшыларды жеңісімен құттықтауға жанкүйерлер мен достары ғана емес, сонымен бірге университет басшылығы да жиналды. Футболшылар мен лиганың ұйымдастырушылары ректор Бауыржан Ердембековтің қолынан дипломдар мен марапаттарға ие болды.  Оқу ордасының басшысы  өз кезегінде футбол ойыны университетте спорттың ең дамыған түріне айналғанын айтып, жанкүйерлердің де үлесі зор екенін ерекше атап өтті.  Сондай-ақ, спорттық  жарыстарды тек қалалық деңгейде ғана емес, облыста кеңінен насихаттауға сенім білдірді.

Үш айға  жуық уақыт бойы Жұбанов университеті қабырғасында өткен  шағын футбол лигасы 13 тур бойынша өткізілді. Тартысты бәсекеде «мықты» атағы үшін 13 команда бақ сынасты.

Спорттық шара қорытындысында кәсіби-шығармашылық факультетінің «PTF Empire» командасы 1-орынға, техникалық факультетінің «Athletic» командасы 2-орынға,  кәсіби-шығармашылық факультетінің «Grand PTF» командалары ІІІ орынға  ие болды. Бұдан басқа кәсіби-шығармашылық факультетінің студенті Әлішер Мамбетжанов «Үздік қақпашы» және жаратылыстану факультетінің студенті Арнат Карамулдинов «Үздік бомбардир» болып танылды. Ал, «Үздік ойыншы» атағына  «PTF Empire» командасының ойыншысы Нұрхат Кушербаев  ие болды.

Салтанатты шарада сөз алған университет студенті Сымбат Сағат спорттық шараға қолдау білдірген университет басшылығы мен ұйымдастырушыларға ерекше алғысын жеткізді.

Айта кетейік, екінші  жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан дәстүрлі дода университет ректоры Б.Ердембековтің қолдауымен және Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің  мұрындық болуымен ұйымдастырылып келеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғашқы аймақтық чемпионат жоғары деңгейді өтті. Ойынға қатысқан жас спортшылар өздерінің дағдыларын көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізе білді. Тек салауатты өмір-салты ғана емес, университеттің  оң имиджін қалыптастыруға бағытталған осындай спорттық бұқаралық шаралар одан әрі жалғасын табатын болады.

Барлық жеңімпаздар медальдар, дипломдар және  кубоктармен марапатталды.