Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Латын әліпбиінің нұсқалары талқыланды

Латын әліпбиінің нұсқалары талқыланды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасы бойынша жалпыхалықтық ашық талқылау шарасы өтті.

Латын негізді әліпбидің жаңа нұсқаларын талқылау және саралау мақсатында өткен жиынға облыстық тілдерді дамыту басқармасының тілдерді оқыту орталығының өкілдері, аталған университет ғалымдары, тіл мамандары мен мектеп мұғалімдері қатысты.

 Бүгінгі шарада орфографиялық жұмыс тобы әзірлеген латын әліпбиінің жетілдірілген нұсқалары талқыланып жатыр. Бәріңізге мәлім, Мемлекет басшысы жаңа әліпбиді жетілдіру тапсырмасын жүктеді. Осы бағытта республика деңгейінде жаңа әліпбидің отыздан астам нұсқасы талқыланып, соның ішінен үш жоба іріктеліп отыр. Олар: акут, умлаут және аралас жобалар. Біздің мамандар осы үш жобаның әр әрпін талдап, оңтайлы, ұтымды жақтарын қарастырып, өз пікірлерін білдіруде. Талқылау барысында ұсынылған қорытындылар мен пікірлер Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінде жинақталып, оған мониторинг жүргізіледі.

2017 жылдан бері латын әліпбиінің үш нұсқасы шықты. Жалпы әліпби бірнеше жылға созылып, саралаудан, сынақтан өтетіні белгілі. Әр әріп өзінің өміршеңдігін, бәсекеге қабілеттілігін қолданыста дәлелдеп барып, орнын табуы керек. Сондықтан бұл — тілдегі қалыпты құбылыс, — дейді облыстық тілдері дамыту басқармасының тілдерді дамыту орталығының директоры Клара Серғазина.

Мониторинг қорытындылары Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік, сараптама және техникалық сүйемелдеу топтарының бірлескен кеңесіне ұсынылады. Жұмыс тобының ғалымдары ұсынылған әліпби жобаларын талқылап, ғылыми негіздемемен қорытынды шығаратын болады.

 

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

https://aqtobegazeti.kz/?p=83368