Четверг, Март 28, 2024
Басты > Абай > Абайды оқы, ерінбе!

Абайды оқы, ерінбе!

«…Әлемдік мәдениетте Абайды қанша­лықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе.

Адамдықты көздесең,

Жаттап тоқы көңілге, —

деп қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай, Абайды оқу, оның асыл мұрасын өскелең ұрпаққа жеткізу — ортақ парыз. Осы орайда Абай Құнанбаевтың шығармаларын жас буын арасында насихаттау, ақынның қара сөздері мен өлеңдерінде айтылған асыл қасиеттерді олардың бойына сіңіру мақсатында елімізде 20 жылдан бері «Абай оқулары» байқауы ұйымдастырылып келеді.

Бұл байқаудың тағы бір ерекшелігі —  қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөздік қорын насихаттау, Абай шығармашылығы арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру.

Биыл байқау жаңа форматта өтеді

Жыл сайын республика көлемінде өткізілетін «Абай оқулары» байқауына облыстан ең үздіктер ғана қатысады. Ал облыстық кезеңді «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы ұйымдастырады.

Аталған орталықтың шығармашылықты дамыту бөлімінің меңгерушісі Замира Табынбаеваның айтуынша, «Абай оқулары» байқауының облыстық кезеңі жалпы білім беретін мектептердің 5-11 сынып оқушылары арасында өткізіледі. Өткен жылы аталған байқау жиырмасыншы рет ұйымдастырылған. Ал биыл Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай байқау кең көлемде және жаңа форматта өткізілмек.

  • Биыл Абай шығармаларын насихаттау, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын дамыту мақсатында дәстүрлі түрде «Абай оқулары» байқауы өткізіледі. Сондай-ақ «Абай — дана, Абай — дара» атты облыс көлемінде көркемсөз оқудан байқау ұйымдастырылмақ. Оған облыстағы дарынды, жан-жақты оқушылар қатыстырылады. Жалпы байқаудың облыстық кезеңіне жыл сайын аудандық, қалалық кезеңнен жеңімпаз атанған 70-ке жуық оқушы қатысады. «Абай оқулары» 4 номинация бойынша өткізіледі. Бірінші – «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», яғни Абай, Шәкәрім өлеңдерін жатқа оқу сайысы. Екінші бөлім – «Көңілім әнді ұғады», яғни Абай, Шәкәрім әндерін орындау. Үшінші – оқушылардың ақындық өнері, «Болмасаң да ұқсап бақ». Төртінші – «Абай әлемі» тақырыбында эссе жазу. Ал өткен жылы бұл байқау 6 бағыт бойынша өткізілді. Оқушылар Абайдың қара сөздері мен Шәкәрім шығармаларын жатқа айтты. Әр номинациядан облыстық кезеңде бас жүлдеге ие болған оқушылар Семей қаласында өткен республикалық «Абай оқулары» байқауына қатысуға жолдама алды. Айта кету керек, былтыр елімізде алғаш рет Алматы қаласындағы республикалық Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың ұйымдастыруымен І республикалық Абай олимпиадасы және «Абай жаққан бір сәуле сөнбес үшін» атты І республикалық оқушылар айтысы өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасатын болады, — дейді З.Табынбаева.

Ал облыстағы Абай өміріне, шығармашылығына қатысты зерттеу жүргізетін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереевтің айтуынша, бұл байқаудың жастарға, әсіресе оқушыларға Абайдың шығармаларын насихаттауда маңызы зор.

  • «Абай оқулары» байқауының мақсаты — тілімізді Абайдың шығармалары арқылы өзге ұлттарға таныту, жастарға насихаттау. Бұл тұрғыдан келгенде, Абай туындыларының мазмұны терең, айтар ойы биік, көзқара­сы ерекше, жастарға берер тәлім-тәрбиесі де, ұлағаты да мол. Абай өз өлеңдері арқылы жастарды бойын жаман әдеттен аулақ ұстауға, жақсылыққа құштар болуға үгіттейді. Ал Абайдың қай қара сөзін алсақ та жүректі тербетер, көңілге түйсік келтірер нақылдарға бай. Сондықтан байқауға қатысқан кез келген жас Абай өлеңдерін жаттаумен, оқумен қатар оларда айтылған ұлағатты, нақыл сөздерді есте сақтап, жақсы қасиеттерді бойына сіңіреді, — дейді А.Пангереев.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Соңғы бес жылда Ақтөбе облысы бойынша «Абай оқулары» байқауының республикалық кезеңіне 23 оқушы қатысып, оның бесеуі — І орын, бесеуі — ІІ орын, екеуі ІІІ орынды иеленген. Ал 4 оқушы Мақтау қағазымен марапатталған. Жыл сайын байқаудың облыстық кезеңіне 70 оқушы қатысып, Абайдың өлеңдері мен поэмаларын, қара сөздерін жатқа айтып, жарысады.

Бекзат пен Миржан — қос жүлдегер

Оқушы кезінен Абайдың өлеңдерін жаттап өскен өнерлі жастардың бірі — мұғалжарлық Бекзат Құлшар. Ол Қаракөл ауылындағы А.Жұбанов атындағы орта мектептің 11-сыныбында оқиды. Бекзат 2019 жылы қараша айында елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Абай жаққан бір сәуле сөнбес үшін» атты жас ақындар айтысына қатысып, жүлделі 3-орынды иеленген.

16 жас қатысқан жарыста Бекзат қостанайлық талапкер Данияр Нигматовпен айтысып,

Рүстем Қайыртай, Талант Арынғали сияқты айтыскер ақындардың батасын алыпты.

Екі-үш жылдан бері аудан, облыс көлемінде ұйымдастырылған айтыстарға қатысып, көзге түсіп жүрген өнерлі жас алдағы уақытта республикалық жарыстарда да бағын сынамақшы.

— Биыл орта мектепті аяқтаған соң, филология факультетіне оқуға түспекпін. Айтыс өнерімен қатар филолог ретінде білімімді тереңдетіп, жақсы тіл маманы болғым келеді. Менің осындай жетістікке жетуіме жетекшім Гүлдана Қажғайдарованың еңбегі зор. Сондықтан мен білім берген ұстаздарыма, ата-анама ерекше алғысымды айтамын, — дейді ол.

Өзінің кесек-кесек ойлары мен сөздерін әдемі ұйқаспен жеткізе білетін Бекзат — мектебіндегі талантты, дарынды, жан-жақты оқушылардың бірі. Ол өзімен қатарлас достары арасында сыйлы, ал ұстаздары мен ауылдастары жас талапкерді әрдайым демеп, қолдап отырады. Болашағынан үлкен үміт күттіретін жастың алға қойған жоспары көп, мақсаты айқын.

Ал Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Миржан Жидебай өткен жылы «Абай оқулары» байқауында «Абай әндерін орындау» номинациясы бойынша жүлделі  І орынды иеленген. Ол республикалық кезеңде Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін орындапты.

15 талапкердің ішінде өзінің қоңыр даусымен, сахнада тұру мәдениетімен ерекшеленген Миржан қазылар алқасының жоғары ұпайына ие болған. Қазір ол Ресейде өтетін «Голос.Дети» байқауының 2-кезеңіне дайындалып жүр.

 Абайдың он шақты әнін білемін. Сондай-ақ халық әні «Дайдидау», Естайдың «Құсни Қорлан», Шәмші Қалдаяқовтың «Өмір-өзен» әндерін, тағы басқа да қазақ әндерін орындап жүрмін. Ал «Голос. Дети» байқауына Бейонсе, Кристина Агилера, Валерий Меладзе сияқты шетелдік әншілердің әндерін дайындап жатырмын, — дейді Миржан.

5-сыныптан бастап «Music land» студиясында жетекшісі Лаура Таусаровадан дәріс алатын Миржан болашақта Өнер академиясына оқуға түсіп, белгілі әнші, актер болуды армандайды.

— Абайдың өлеңдерін сүйіп оқимын, ал әндерін жүрегіммен орындаймын. Ұлы ақынның қай шығармасында да философия, үлкен тағылым, тәрбие жатыр. Сондықтан біз сияқты жастар үшін Абайға арналған жарыстардың, байқаулардың маңызы зор. Менің ойымша, Абайды оқымаған бала қазақтың баласы емес, — дейді Миржан.

 

Данагүл ҚАЗИХАН

https://aqtobegazeti.kz/?p=83308