Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > «ERG күні» өтті

«ERG күні» өтті

Жұбанов университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы  мен «Металлургия», «Тау-кен ісі», «Органикалық заттардың органикалық технологиясы», «Бейорганикалық заттардың органикалық технологиясы», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Құрлыс» білім бағдарламаларының 3-курс студенттері Еуразиялық Тобына (ERG) кіретін ірі компаниялардың бірі «Қазхром» трансұлттық Компаниясы» АҚ өкілдерімен кездесті. Аталмыш шара  оқу орындарындағы ERG күні  аясында өткізіліп отыр. Мақсат – дарынды жастарды сұранысқа ие өндірістік мамандықтарға тарту.

Бұл күні студенттер алдында өндірістің білікті шеберлері мен ERG-дің HR мамандары сөз алды. Олар Топ кәсіпорындарының өзге компаниялардан артықшылықтарына тоқталып, өндіріс ошақтарының алдағы жылдардағы даму бағыттарын тілге тиек етті. Шараға қатысқандар «ERG-дағы болашақ» атты бағдарлама туралы ақпаратқа қанықты. «ERG-дағы болашақ» бағдарламасының артықшылығы ақылы жетекшінің тағайындалуы, жұмысқа орналасу, қызметте өрлеу жоспарын әзірлеу және кадрлар резервіне енгізу. Сондай-ақ, Топтың студенттер және түлектермен әрекеттестігі, кәсіпорын қызметкерлеріне ұсынылатын даму мүмкіндіктері мен компаниядағы жастар кеңестерінің белсенділігін атап өтті. Сонымен қатар студенттерге Топ кәсіпорындарындағы сыртқы және ішкі ротация аясындағы қызметтік өрлеу, өсу мүмкіндіктері туралы айтылды.

Кездесуде қызметкерлерге ұсынылатын әлеуметтік жеңілдіктер туралы ақпараттар берілді. Өйткені, бұл жұмысқа қабылдау барысындағы маңызды артықшылықтардың бірі. Олардың қатарында медициналық сақтандыру, тамақтандыру, жыл қорытындысында берілетін бонус, өндіріс мамандарының демалысына қосымша күндер қосып беру,  санаторлық-курортты карталарды жеңілдетілген бағамен беру, ішкі және сыртқы тренингтер, Топтың тұрғын үй бағдарламасына қатысу мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, ERG ондаған компаниялармен бірлесіп, жыл сайын жоғарғы оқу орындары өздерінің түлектеріне арнап өткізетін бос орындар жәрмеңкелеріне ұдайы қатысады. Сондай-ақ, компания халықаралық World Skills чемпионаты мен қазақстандық Хакатон – бизнес-кейстерді шешу жолындағы үздік идеялар байқауына атсалысып келеді. Оларда үздік шыққан түлектер Топ кәсіпорындарында тәжірибе, тағылымдамадан өту мүмкіндіктеріне ие болған. Олардың арасынан дараланған, жұмысқа орналасқан  университет түлектері де бар.