Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастықты орнату мақсатында Жұбанов университетінің басшылығы Беларусь Республикасының Минск қаласында іссапарда болды.

Сапар барысында  М.Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетіне барды.  Онда  екі жоғары оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу саласында өзара ықпалдасуын қарастыратын ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Екі жақты келіссөздер нәтижесінде тараптар профессорлық-оқытушылық құрам, жас ғалымдар мен студент алмасу туралы келісімге келді. Сонымен қатар, өзара ғылыми қызығушылық тудыратын бірлескен магистрлік бағдарламаларды әзірлеу және қосдипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру жоспарлануда. Кездесу барысында басшылар бірлесіп басқару, докторанттарды дайындау, Жұбанов университетіне дәріс оқуға шетелдік профессорларды шақыру мүмкіндігін талқылады.

Айта кетейік, Максим Танк атындағы Белорусь мемлекеттік педагогикалық университеті педагогикалық білім берудің жетекші мекемесі, ол 1914 жылдан бастап академиялық қызмет атқарады. Қазіргі уақытта Белорусь мемлекеттік педагогикалық университеті Беларусь Республикасының үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесінің ең ірі орталығы болып табылатын бірыңғай оқу-ғылыми-әдістемелік кешен. Белорусь мемлекеттік педагогикалық университетінде 12 мыңнан астам студент жоғары білімнің  I сатысының 64 мамандығы бойынша және жоғары білімнің II сатысының (магистратура) 18 мамандығы бойынша  білім алады.

Сапар барысында Жұбанов университетінің делегациясы Белорусь мемлекеттік педагогикалық университетіе экскурсия жасады. Онда көркем галерея, сирек кездесетін кітаптар залы, Робототехникалық білім берудің Республикалық ресурстық орталығы және Беларусь-Қазақстан жинақтары, құжаттар мен материалдарды дайындау және басып шығару бойынша жұмыстар жүргізілетін беларусь-қазақ мәдени-ағарту орталығында болды.