Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық артып келеді

Шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық артып келеді

Ректор Бауыржан Ердембеков бастаған Жұбанов университетінің делегациясы Янки Купала атындағы Гродно мемлекеттік университетінде өткізілген «Университет — озыңқы даму аумағы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Жұбанов университетінің стратегиялық әріптесі — Янки Купала атындағы Гродно мемлекеттік университеті білім мен ғылымның стратегиялық бағыттарын дамытуда инновациялық тәсілдерді қолданатын Беларусь Республикасының ең үздік жоғары оқу орындарының бірі.

Конференция аясында университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков Гродно университеті кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты. Отырыс барысында Бауыржан Аманкелдіұлы Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығын дамытып, университеттер арасындағы достық және өзара тиімді байланыстарды нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін Янка Купала атындағы Гродно мемлекеттік университетінің ректоры Ирина Китуркоға алғыс айтып, «Жұбанов медалін»  табыстады.

Халықаралық конференция шеңберіндегі пленарлық отырыста университеттің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры, профессор Қуанышбек   Шүңкеев «Беларусь Республикасы және Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының консорциумы шеңберінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту перспективалары» тақырыбында баяндама жасады.  Профессор Қуанышбек Шүңкеев өз баяндамасында көпжылдық ынтымақтастық негізінде қол жеткізілген радиациялық физика саласындағы бірлескен ғылыми-техникалық жобалар нәтижелер жөнінде баяндады.

Хаттамалық іс-шаралармен қатар, қосдипломды білім беру, білім алушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамның академиялық алмасу бағдарламалары, бірлескен ғылыми жобалар мен жоғары рейтингті журналдардағы жарияланым  мәселелері бойынша университеттің факультет декандары мен құрылымдық бөлім басшыларының қатысуымен бірқатар кездесулер ұйымдастырылды. Іс-шаралар барысында түрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Сапар барысында Ғылыми-технологиялық парктің директоры Александр Васильевичпен жемісті кездесу өткізілді. Кездесуде дайын жоғары технологиялық өнімдер шығару мақсатында құрылған өндірістер, оларды нарыққа шығару, бизнес-инкубациялық процестерін жүзеге асыру мәселелері талқыланды.