Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Таза табиғат пен ядролық қарусыз ғасырға

Таза табиғат пен ядролық қарусыз ғасырға

Бүгін Жұбанов университетінің мәжіліс залында «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы  қозғалысының құрылған күніне орай «Таза табиғат пен ядролық қарусыз ғасырға» атты аймақтық ғылыми конференция өтті. Жиын жұмысына  қоғам қайраткерлері, «Невада-Семей» қозғалысының Батыс Қазақстан аймағы филиалының белсенділері мен университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы және студенттері қатысты.

Алғашқы болып сөз алған университеттің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры, профессор Қуанышбек   Шүңкеев конференцияға қатысу­шыларға сәттілік тілеп, көтерілген мәселенің өзектілігіне тоқталып өтті.

Ғылыми басқосуда антиядролық қозғалыстың Батыс аймағының филиалының нәтижелері мен 2020 жылға арналған жоспарлары айтылды. Сондай-ақ,  Атырау қаласының мұнай және газ өндіретін аудандарындағы экологиялық жағдай,  ядролық сынақтардың қоршаған ортаға әсері туралы мәселелер талқыланды.

Конференция барысында «Полигон к митингу» фильмі көрсетіліп, қоршаған ортаны жақсартуға үлес қосқан бір топ белсенділерді «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысының Батыс филиалының директоры, профессор Ізімғали Көбенов марапаттады.

Еске салсақ, «Невада-Семей» ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыс – қоғамдық-саяси ұйым. КСРО депутаттарының I съезіне қатысқан  Олжас Сүлейменов 1989 жылы 28 ақпанда ядролық сынаққа қарсы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын құру туралы үндеу тастаған болатын. Республика халқынан кеңінен қолдау тапқан қозғалыс ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті. Нәтижесінде, 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл күн Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күні болып жарияланды.  Қазақстанның көптеген қалалары мен аймақтарында, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Италия, Жапония,  Түркия тағы да басқа  елдерде ұйымның бөлімшелері құрылған.