Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Театр әртістері көрермендер көңілінен шықты

Театр әртістері көрермендер көңілінен шықты

Шуақты көктемнің алғашқы мерекесі Халықаралық Әйелдер күні қарсаңында өңірдегі  Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Ғабит Мүсіреповтің   «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» драмасы сахналанды.

«Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» қойылымына жиналған көрермендердің санында шек болмады. Сондай-ақ  Жұбанов университетінің барша  ұжымы бас қосқан  театрға ректор Бауыржан Ердембеков те арнайы  барып, көрермен ретінде қойылымды тамашалады.

Қазақтың махаббат символына, қазақ лиро-эпосының інжу-маржанына айналған «Қозы көрпеш-Баян Сұлу» жыры — атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл мұраның бірі.

Тарихқа көз жүгіртсек, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырда өмір сүрген ғашықтар. «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклі шынайылық пен сезімге, сүйіспеншілікке толы екі ғашықтың кіршіксіз  таза махаббат хикаясы. Туындының негізгі идеясы – адал махаббат. Сарыбай мен Қарабай күні бұрын Қозы мен Баянды атастырып, кейін келе сараң Қарабай жетім ұлға қызын бергісі келмей Қодарға қоспақшы болады. Қос ғашықтың тастай берік махаббаты бұл зұлымдыққа қарсы тұра алатыны хақ.

Ғабит Мүсірепов қағаз бетіне көркемдеп түсірген драма еліміздің маңдай алды театрларынан бастап, кішігірім өнер ұжымдарында сахналанып келсе де, ақтөбелік драма театры бұл қойылымға ерекше ден қойып, өзге қырынан көрсете білді. Ел арасында кеңінен таралған спектакль жастық пен махаббат, сұлулық пен нәзіктік, ерлік пен өрлік тақырыбында сыр шертеді.

Қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» драмасы Жұбанов университеті ұжымының  көңілінен шықты.

Қойылым соңында университет ректоры Бауыржан Ердембеков  өзінің ізгі тілегін және театр ұжымына алғысын білдірді.