Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет ректорының құттықтауы

Университет ректорының құттықтауы

Қымбатты Жұбанов арулары!

Жер ана бусанып, табиғат оянып, жан-жануардан бастап жәндікке дейін жаңадан жан бітіп, қайта туып жатқан көктем айындағы Арулар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін тұлымшағы желбіреген қаракөз қарындастар, балауса қыздар мен ақ босаға аттаған келіндердің, шаңырақтың ұйтқысы – ақ жаулықты аналар мен тәрбиенің бесігін тербеткен кимешекті әжелердің күні.

Қазақ әуелден қыз баласына аса бір қамқорлықпен қараған. «Қыз – қонақ»,- деп, қашанда төрге оздырған. «Қыз балаға қырық үйден тыю» жасап, сыпсың сөздерден, сұғанақ көздерден аулақ ұстаған. «Қыздың құнын қырық жеті»,- деп бағалағанымен, «теңін тапса тегін берген» текті ел, шаңыраққа түскен келінді әулетімнің өрісі, ұрпағымды жалғастырар жан деп аса қадір тұтқан…

«Анаңа, анаңа, тағы да анаңа жақсылық жаса, сонан соң әкеге жаса»,- дегенде, әкенің тауанын қайтару үшін емес, он ай сені көтерген, тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен ананың қасиетін ұлықтау үшін айтқан. Туған тілімізді неге Ана тілі дейміз? Біле білгенге мұнда тамыры терең пәлсапа жатыр.

«Баламның табанына кірген шөгір, менің жүрегіме қадалсын»,- дейтін жан, ол – Анаңыз! Ана, сені тоғыз ай құрсағында көтерсе, бес жыл қолынан түсірмей әлдилейді. Ол аз, ана сені өмір бақи жүрегінде аялап, көңіл көкжиегінен бір сәт те шығармайды. Анаңды меккеге үш рет арқалап апарсаң да перзенттік парызыңды өтей алмайтының сондықтан…

           Жер басып жүрген аналарымыз аман болсын!!!

Тарихтың талай соқпағын бастан өткеріп, бүгінде өз жеріне өзі ие болған қазақтың даласында да талай арулар, даңғайыр елді бастаған даналығымен, шерменге кеткен дауды шешер шешендігімен, ауыл-елдің ұйтқысы болар ақылдылығымен, ерлермен бірге, жауға шапқан батырлығымен тарихта тәпсірлене алды. Сонау, ұрғашы қауымның пірі болған Ұмай, Домалақ аналарымыздан бастап талай қасиетті жандар әлемді тәрбиесімен тербетіп келеді.

Қазақтың даласын шарламай-ақ қояйық, дәл осы Ақтөбенің ойпатында ойқастаған Тайбурылдың қырық күндік кемдігін таныған Қобыландының Құртқасына қарап бой түзейік, ел болып 175 жылдығын тойлап жатқан Абайдың әжесі, Құнанбайды дәретсіз емізбеген қасиетті Зереден тектілікті үйренейік, биыл 95 жылдығын атап, университетімізде арнайы кабинетін ашқалы отырған Әлия Молдағұловалардың ерлігіне бас иейік.

Жұбановтың төріне қойылған Ақтөбе ақтангерлері платформасының өзінде қаншама жерлес аруларымыздың бейнесі болашаққа бағыт сілтеп тұр. Аққағаз Досжанова, Нұрсұлу Тапалова, Әлия Молдағұлова, Рабиға Сыздық, Ғазиза Жұбанова, Роза Жаманова сияқты тұлғалар – «Ақтөбе ақтаңгерлері» деп біз атаған, кешенді зерттеу обьектісінің бір-бір уықты тақырыптары….

Бүгінде Жұбанов атындағы қара шаңыраққа 85 жыл… Өз дәрежесінде аталып жатыр. Міне осы тарихты жасаған жүз мыңдаған оқытушы мен студенттердің арасында қаншама нәзік жандар еңбек етті. Бүгінгі таңда оқу ордамызда мыңға жуық оқытушылар мен қызметкерлер, яғни ұжымның 85% және алты мың студентіміз – арулар екен.

Қадірлі ару-әріптестер! Бала табуға да, оны бағуға да, ерлеріңіздің қабағын тануға да уақыт тауып, сол алтын уақыттың көбін осы университеттің дамуына жұмсап, ерлермен қатар ауыр жүкті арқалап жүрген Сіздерге алғысымыз шексіз. Бүгінгі мереке көктемдей көңіл күй сыйласын!

 

Абай ауылының баласы болғандықтан, сөзімді екі ауыз өлеңмен түйіндейін:

Сіздердің күліп келгендеріңізді құба-құп көрем,

Көктем сайын Аруларымызға гүл алып келем.

Шуағын төксін көктегі күн де, шаңырағымызға

Табысқа бірге жетейік Жұбановпенен!

                  

Байрақты ордам, Сіздер ғой – күміс керегелерім!

Сұлулық қана толтырар береке белін.

Болашақ үшін атқарып жүрген ерлердің ісін

Баянды болсын, Арулар, мерекелерің!

 

Құрметпен, ректор Бауыржан Ердембеков