Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мәртөк ауданының әкімі университет түлектерін жұмысқа шақырды

Мәртөк ауданының әкімі университет түлектерін жұмысқа шақырды

Бүгін Мәртөк ауданының әкімі Ермек Кенжеханұлы Ақтөбе қаласының студент жастарымен кездесті.

Жұбанов университетінде өткен кездесуге шаһардағы университеттер мен колледж басшылары, жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері қатысты. Сондай-ақ кездесуге Мәртөк ауданының әкімінің орынбасары Медет Искаков, аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Әшімов, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысының орынбасары Орақбай Дүйсебайұлы, аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жәнібек Успанов және №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының музыка пәнінің мұғалімі Еламан Қалыбаев та арнайы қатысты.
Мәртөк ауданы Ақтөбе облысының солтүстік жағында орналасқан. 1935 жылы құрылған 85 жылдық тарихы бар аудан.
Кездесу барысында Мәртөк ауданының әкімі Ермек Кенжеханұлы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы мен перспективалары, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы, кадрлардың қажеттілігі туралы сөз қозғады.
Аудан басшысының айтуынша, бүгінде Мәртөк ауданынан жоғары және арнаулы орта білім оқу орындарында барлығы 1104 студент білім алуда, солардың 315-сі ағымдағы жылы оқуларын аяқтайды.
Білімді ұрпақ-ел болашағы және қоғам дамуының негізі драйвері екендігі белгілі, сондықтан біздің міндетіміз сапалы білім беру жағдайларын жасау болып табылады. Бүгінгі күні аудандарға жас мамандар көптеп қажет. Қазіргі таңда білім беру желісі 27 бірлікті құрайды, онда 912 педагог жұмыс істейді. Ауданда педагог мамандарының жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе, ауыл мектептеріне қазақстан тарихы, бастауыш сыныптар, математика, орыс және ағылшын тілдерінің мамандары тапшы. Егер диплом алған түлектер қаладан шалғай орналасқан елді-мекендерде қызмет атқаратын болса, оларға барлық жағдай жасалады, — дейді аудан басшылары.
Бұл шара жастарды еңбекпен қамту мәселесі бойынша «Жас маман», «Дипломмен ауылға» бағдарламаларын іске асыру, аудан мамандарымен бірлескен жұмыстар жүргізу және университет түлектерін жұмысқа орналастыруда нақты мәселелерді шешу мақсатында ұйымдастырылды. Себебі, түлектерді жұмысқа орналастыру қоғам үшін басты мәселелердің бірі. Осы орайда, университет ректоры әрбір жас еңбек жолын туған өлкесінен бастағаны жөн деп есептейді.
Кездесуде университет ректоры Бауыржан Ердембеков Мәртөк ауданымен және облыстың өзге де аудандарымен өзара ынтымақтастық қарым-қатынас орнатылғандығы туралы айта келе, кездесуді ұйымдастырған Мәртөк ауданың әкіміне алғысын жеткізді.
Айта кетейік, университет пен Мәртөк ауданы арасында былтырғы жылдан бері тығыз қарым-қатынас орнатылған. «Жұбанов керуені» жобасының аталған ауданға сапары барасында тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мұнда болашақ жастардың сапалы да кәсіби білім алуларына, олардың одан әрі өз мамандықтары бойынша жұмысқа тұруларына жақсы жағдай жасап отыр. Сонымен қатар, жобасы аясында жастарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 3 мектеп бітірушіге Құдайберген Жұбанов атындағы білім гранты табысталса, аудандағы №2 мектеп-гимназия базасында университеттің филология факультетінің «Шетел филологиясы және аударма ісі», «Ағылшын және неміс тілдері», «Теориялық және қолданбалы лингвистика» кафедралары ашылды.
Бүгінде білім ордасында он бес мыңға жуық студент-жастар педагогикалық және техникалық бағыттары бойынша білім алуда. Олардың ішінде 319 «Алтын белгі» иегері, жүздеген оқу озаттары мен халықаралық дәрежедегі олимпиада жүлдегерлері, спортшылар мен қазақ еліне танымал жас өнерпаздар бар. Осындай жас таланттарды қолдау жолға қойылған, оның айғағы – білім алушылардың жартысына жуығы грант пен жеңілдіктер негізінде білім алады, бұл ретте 128 студент меценаттардың қолдауымен оқып жатыр. Жұбанов университетін биылғы оқу жылында 1705 түлек бітіреді, оның 611-і білім бағыты бойынша тәмәмдайды.
Еркін форматта пікір алысқан шарада жастарды аудан басшылары еңбек жолын ауылда бастауға шақырды. Ашық микрофон шарасында жастар аудан басшыларының ұсынысын тыңдап, өз ойларын ортаға салды.
Кездесу соңында оқу озаттары мен белсенді студенттер аудан әкімінің сыйлықтарымен, мадақтамаларымен марапатталды.