Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ауылда еңбек етсеңіз…

Ауылда еңбек етсеңіз…

Түлектер

миллиондаған теңге грант, мыңдаған теңге жәрдемақы беріледі

Мәртөк ауданына мұғалім, дәрігер, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, мемлекеттік қызметкерлер керек. Еңбек жолын ауылда дәрігер болып бастаған жас маманға 1 миллион 500 мың теңге көлемінде облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің гранты табыс етіледі. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында көтерме жәрдемақы (265 мың теңге) мен пәтер сатып алуға немесе үй салуға өте төмен пайызбен бюджеттік несие беріледі. Бұл туралы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өткен жиында Мәртөк ауданының әкімі Ермек Кенжеханұлы айтты.

Шараға аталған университеттің ректоры Бауыржан Ердембеков, Мәртөк ауданының әкімі Ермек Кенжеханұлы қатысты. Сонымен қатар жиынға аталған аудандағы әр салаға жауапты басшылар, университет декандары, өңіріміздегі жоғары оқу орындарының студенттері жиналды.

Жиынды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры Бибігүл Әбенова жүргізіп, шараның мақсаты туралы жан-жақты түсіндірді. Бұдан кейін сөз алған университет ректоры Б.Ердембеков Мәртөк ауданы әкімінің кадр тапшылығын жою мақсатында жоғары оқу орындарының биыл бітіретін түлектерімен кездесу өткізу туралы ұсынысын қуана қабыл алғанын айтты.

  • Мемлекет тарапынан жұмыс істеуге ниетті маманға бар жағдай жасалып жатыр. Бүгінгі игі іс — соның бір парасы. Эстафетаны басқа жұмыс берушілер жалғастырады деген үміттеміз, — деді Бауыржан Ердембеков.

Шарада сөз сөйлеген Мәртөк ауданының әкімі студенттерге ауданның ерекшеліктері, артықшылықтары жөнінде жан-жақты баяндап берді. «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында орналасқан аудан облыс орталығына жақын орналасуымен де ерекшеленеді. Аудан халқы көптеген игіліктерді көріп отыр. Мысалы, халықтың 77 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Ауызсумен қамту көрсеткіші — 95 пайыз. Аудан тұрғындарының орташа жалақысы — 130 мың теңге. Ал педагогтердің орташа табысы — 160-200 мың теңге. Дәрігерлердің орташа еңбекақысы — 188 мың теңге.

Мәртөкке математика, ағылшын тілі, орыс тілі, тарих пәндерінің, сонымен бірге бастауыш сынып мұғалімі керек. Ауыл шаруашылығының мамандары да тапшы. Мемлекеттік қызметте 10-ға жуық бос орын бар. Дәрігерлерге де сұраныс жоғары. Биыл Жайсаң ауылында жаңа амбулатория еңсе тіктейді. Аталған медицина мекемесіне 6 тәжірибелі дәрігер қажет. Дәрігерлер Мәртөк, Саржар ауылдарына да керек.

  • Ауылға дәрігер болып келетін маманға облыс әкімінің 1,5 милиион теңге гранты табысталады. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша ауылда еңбек еткісі келетін жас маманнның әрқайсысына 265 мың теңге көтермеақы, пәтер сатып алуға немесе үй салу үшін 3,9 миллион теңге көлемінде өте төмен пайызбен несие беріледі.

Жалпы облыс бойынша «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жас мамандарға көп қолдау көрсеткен аудандардың көшін біздің аудан бастап тұр. Өткен жылдың өзінде 68 маманға көтерме жәрдемақы берілді. 49 маман тұрғын үй сатып алуға несие алды, — деді Ермек Кенжеханұлы.

Мәртөк ауданындағы жастарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 3 мектеп бітірушіге Құдайберген Жұбанов атындағы грант табыс етілді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.