Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбенің білім беру орындары коронавирустың алдын алу шарасын күшейтті

Ақтөбенің білім беру орындары коронавирустың алдын алу шарасын күшейтті

Кеселдің алдын алуға ақтөбелік білім ошақтары да мықтап кірісті. Мұнда санитарлық-дезинфекциялық жұмыстардан өзге, оқушылар мен студенттерге дерттен сақтану жолдары егжей-тегжейлі түсіндіріліп жатыр. Мектептерде кезекті тоқсанды аяқтау үшін бес күн оқитын балаларға ертең де сабақ болады.

Облыс мектептерінде соңғы екі күннен бері тазалық шаралары күшейді. Ғимараттағы барлық сыныптар мен асхана, тіпті әжетхана да әдеттегіден жиі жуылатын болды. Бактерияға қарсы дәрілер мен қауіпті дерттен сақтануды үгіттейтін жаднамалар молынан жеткізілген.

Маржан Тойшыманова, №21 орта мектеп-гимназиясының директоры:

— Бұл коронавирус дерті туралы біз хабардармыз. Бұған дейін де мектеп-гимназияда сақтық шаралары жүргізіліп жатыр. Мүмкіндігінше хабардар етіп жатырмыз және сақтық шараларын қолданып жатырмыз. Каникул күндері мұғалімдер жұмыс жасайтын болса әрі қарай осындай жұмыс жалғасады. Адамның өмірі мен денсаулығын қорғауға қолдан келген бар мүмкіндікті жасаймыз.

Мектепте жиі жүргізілетін санитарлық-дезинфекциялық жұмыстарға оқушылардың көзі үйренген. Қазір олар көктемдегі каникулға әдеттегіден ерте кететіндіктен, тоқсанның жиынтық бағалау сынақтарын тапсырып жатыр. Ал демалыста ауқымды іс-шараларға қатысуға рұқсат жоқ. Тіпті саяхаттауды да кейінге шегергені дұрыс дейді мамандар. Ал барып жүрген үйірмелеріне қатысуда да жауапкершілік қажет көрінеді.

Гүлназ Сүлейменова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

— Қалада және аудандардағы қосымша білім беру ұйымдары штаттық режимде жұмыс жасайды. Егерде ата-ананың баланы үйде қалдыруға тілегі, өтініші болса,  ол да келісіледі. Тыйым салынбайды. Ата-ана рұқсатымен болады. Барлық білім беру ұйымдарында вирустың алдын алу жұмыстары жүргізілді.

Дүйсенбіден бастап мектеп оқушыларына кезекті каникул болғанымен студенттер үшін оқу жалғасады. Бірақ бұған дейін айтылғандай қашықтықтан оқыту жүйесі жүреді. Сондықтан қазір Ақтөбеге білім іздеп келген өзге аймақтың жастары үйлеріне қайтып жатыр. Солардың бірі Нұрқасым Қуаныш көрші өңірдің орталығы Оралға бүгін қайтпақ. Биыл ғана университет табалдырығын аттаған ол, мұнай-газ саласының мамандығын меңгеруге кіріскен еді. Дегенмен, үйде отырып та сапалы білім алуға болатынына сенеді.

Нұрқасым Қуаныш, студент:

— Бізге өзіміздің кураторларымыз, декандарымыз, замдекандарымыз барлығын бізге түсіндірді. Біз Ютуб желісінен және өзіміздің универ сайтынан барлық мағлұматтарды алып, сол бойынша дистанционно жұмыс жасауға танысты. Бүгін бізге тәжірибе жұмыстарын жүргізді.

Аружан Қуанышева, студент:

— Біз мұндай бағдарламаға дайынбыз шынын айтсақ. Себебі негізгі оқыту жүйесінде де үй тапсырмаларын немесе студенттің өзіндік жұмыстарын, барлығын қашықтықтан орындап жүрдік.

Өңірдегі ең үлкен оқу орны — Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университетте он мыңнан астам студент білім алады. Оларға белгілі кестеге сай сабақ өткізу үшін қазір мұғалімдер дәрістерін электронды нұсқада жазуға кіріскен. Бүгіннің өзінде алдағы екі аптаның тапсырмасы дайын. Дегенмен, дәріс онлайн режимінде де жиі өткізіледі.

Бибігүл Әбенова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры:

— Әр аптаның тапсырмасын және аралық бақылаудың тапсырмасын уақытында орындауы керек. Оны әр оқытушы көріп отырады. Наурыздың 16-сынан бастап студенттер еліне қайту керек болғандықтан, бүгін қанша адам қайтады, қанша адам жатақханада қалады анықталып жатыр. Жатақханадағы студенттер үшін де барлық жағдай жасалды. Компьютер кабинеттері жұмыс жасайды. Интернеттің және FI-WIдың қуатын арттыру жұмыстары жасалды.

Білім беру қашықтықтан оқыту жүйесіне көшірілгенімен, студенттердің стипендиясы уақытында беріліп тұрмақ. Ал жоғарғы оқу орны көпшіліктің ордасы болғандықтан қауіпті дерттің алдын алу шаралары әлдеқашан басталған. Оқытушылар құрамы мен студенттерге сақтану жолдары күнде насихатталады. Соңғы айларда шетелдерде дәріс алған мұғалімдер мен жастар меншіктегі емханада тексеруден өткен. Әзірге әлемді жайлаған індеттің белгілері анықталмапты.

https://www.youtube.com/watch?v=d—3FOU307U&feature=emb_logo 

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев