Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе облысы:Ауылда педагогтар, дәрігерлер мен агрария мамандары жетіспейді

Ақтөбе облысы:Ауылда педагогтар, дәрігерлер мен агрария мамандары жетіспейді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында педагогтар, дәрігерлер мен аграр мамандар тапшы. Бұл туралы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің түлектерімен кездесу барысында аудан әкімі Ермек Кенжеханұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқу ордасындағы кездесу «Жас маман» және «Дипломмен ауылға» бағдарламаларын жүзеге асыру аясында өтті.

Мәртөк ауданының әкімі Ермек Кенжеханұлы студенттерге аймақты дамытудың басым бағыттары, сонымен қатар педагогикалық, медициналық кадрлар мен ауылшаруашылық саласы мамандарының тапшылығы туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол жас мамандарды мемлекеттік қолдауға, атап айтқанда 265 100 теңге мөлшерінде жәрдемақы алуға, 1500 АЕК көлемінде тұрғын үй сатып алуға берілетін несиеге баса назар аударды. Бұл шамамен 0,01% пайыздық үстемемен 4 миллион теңгені құрайды.

«Өткен жылы ауданға келген 68 жас маман көтерме жәрдемақы алды, ал 49 адамға тұрғын үй алуға несие берілді», — деді аудан әкімі.

Сонымен қатар ол ауданның ауылдық мектептерінде бастауыш сыныптар мен математика, орыс тілі, тарих және шет тілдері пәндерінің мұғалімдері қажет екенін айтты.

Жұбанов университетінің мәліметінше, кадр жетіспеушілігін толтыра алатын 160-қа жуық болашақ маман 2020 жылы аталған мамандықтар бойынша оқу бітіреді. Алайда жас кадрлардың ауылға барар-бармайтыны әлі белгісіз.

Мәртөктегі №2 мектеп-гимназия базасында университеттің филология факультетінің «Шетел филологиясы және аударма ісі», «Ағылшын және неміс тілдері» және «Теориялық және қолданбалы лингвистика» кафедралары ашылды. Онда университет мамандары мен мектеп мұғалімдері тәжірибе алмасады, мұғалімдер мен мектеп оқушыларына арналған семинарлар өтеді. Әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында Мәртөк ауданы мектептеріндегі үш түлек Қ.Жұбановтың грантын алды.

https://www.inform.kz/kz/aktobe-oblysy-auylda-pedagogtar-darigerler-men-agrariya-mamandary-zhetispeydi_a3623423