Вторник, Март 31, 2020
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті бетперде тігуді қолға алды

Жұбанов университеті бетперде тігуді қолға алды

Республика бойынша медициналық бетпердеге сұраныс жоғары. Соның ішінде Ақтөбе қаласында да коронавирус қаупіне байланысты медициналық бетпердеге сұраныс күшейді.

Бұл ретте Жұбанов университетінің тігінші мамандары да медициналық бетперде  тігіп, оқу ордасының ұжымын бетпердемен қамтамасыз ету жұмыстарын бастап кетті. Медициналық бетперделердің жетіспеушілігін қамтамасыз ету үшін университеттің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті мен кәсіби-шығармашылық факультетінің өкілдері тігін жұмыстарын жүргізіп отыр. Олар университеттің StartUp академиясындағы тігін шеберханасында 2 күннің ішінде 200-ге жуық бетперде тігіп үлгерді.

— Әркім бұл індетке қарсы күресті өзінен бастауы керек. Біз ғылыми инновациялық бағдарламалар департаментінің жүзеге асыруымен оқу ордасының ұжымы үшін университет логотипімен безендірілген медициналық бетпердені тігуді бастадық. Айта кетейік, бетперде тігіп, оны оқу ордасының ұжымына тарату ректор Бауыржан Ердембековтің бастамасы. Бұл – бірнеше қабаты бар медициналық бетпердені шыт матадан тігіп жатырмыз. Бұлардың басты артықшылығы оны жуып, қайтадан пайдалануға болады, — дейді мамандар.