Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Жұбанов керуені» гранттары табыс етілді

«Жұбанов керуені» гранттары табыс етілді

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 85 жылдық мерейтойына байланысты университет басшылығының қолдауымен мектеп бітірушілерге 85 білім гранты бөлінді.

Бұл гранттар мүмкіндігі шектеулі жастарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және толық емес отбасынан шыққан түлектерге, түрлі байқаулардың жеңімпаздарына берілмек. Қазірдің өзінде  «Жұбанов керуені» жобасы аясында 45 мектеп  бітірушіге білім грантының сертификаттары табысталды.  Жобаның «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясына қатысушылар арасынан 36 мектеп бітірушіге  оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік беретін арнайы сертификаттар берілді.

Аталған оқу орнының ректоры Бауыржан Ердембековтің бастамасымен бастау  алған «Жұбанов керуені» жобасы аясында түлектерге кәсіби бағыт-бағдар беруде біраз жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Жұбанов керуені» жобасы барысында жылжымалы топ мүшелері былтырғы жылдың қазан айынан бастап осы уақытқа дейін облыстың барлық ауыл-аймағын аралады. Оның құрамында жоғары оқу орнының басшылары, профессорлық-оқытушылық құрамы, кәсіби бағдар беру және қабылдау бөлімінің мамандары, әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің белсенділері мен шығармашыл жастар  бар. Жоба мақсаты — мектеп түлектеріне бағыт-бағдар беру, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын одан әрі дамыту, ауылдық жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу, жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату.

— «Жұбанов керуені» жобасы арқылы болашақ студенттердің дұрыс мамандық таңдауына бағыт бердік деп ойлаймын. Шараға 6500-ге жуық мектеп түлегі қамтылды. Кездесу барысында сауалнама жүргізіліп, ауқымды талдау жасалды.  Сауалнаманың қорытындысынан білгеніміздей, 2400-ге жуық түлек біздің университетке оқуға түсуге ниеттеніп отыр. Түлектердің көпшілігінің математика-физика, химия-биология, биология-география бейіндік  пәндеріне қызығушылығы жоғары, — дейді университеттің кәсіби бағдар беру және қабылдау комиссиясы бөлімінің басшысы Рауан Жалтырбаева.

Оның айтуынша, мектеп түлектерімен қатар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын бітіретін түлектер мен магистратура, докторантураға түсушілерге де кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Университетте мектеп оқушысының мамандық таңдауынан бастап, университетті бітіріп. жұмысқа орналасуына дейінгі аралықтағы қызметті қамтитын «Кәсіби даму және мансап» орталығы құрылды. Қазақстандағы шетелдік инвесторлар қауымдастығының ұсынысымен мұндай орталық 5 жоғары оқу орнында ашылса, соның бірі — Жұбанов университеті. Орталықтың негізгі мақсаты — ең алдымен, өңірге қажетті мамандардың мониторингін жасау. Бүгін оқуға түскен студент төрт-бес жылдан кейін жұмыссыз қалмауы қажет.

Қала және аудандар бойынша кәсіби бағдар беру жұмыстары тек 11-сыныпта емес, 8,9-сыныптардан басталуы керек. Ата-аналардың 80 пайызы, пән мұғалімдері, сынып жетекшілерінің де баланың мамандық таңдауына қосатын үлесі зор. Барлық сыннан өтіп, тек құжаттарын өткізуге келгенде ғана мамандық таңдап немесе грант үшін төрт жыл өзі қаламаған мамандықты аяқтап диплом алған жастар, не жұмыссыздардың санатында, не сапасыз кадрдың санатында жүретіні бізді қынжылтады. Бұл арада, әрине, жан-жақты кәсіби бағдар беру жұмысын жетілдіре түсу қажет, — дейді ректор.

«Жұбанов керуені» жобасы барысында  жоба өкілдері Алға, Қобда, Темір, Байғанин, Мұғалжар, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау, Ырғыз, Әйтеке би, Шалқар, Ойыл аудандарындағы 300-ден аса мектептерде кездесу өткізді. Пәндік негізде кеңестер беру және мектеп ұжымы мен факультет ұжымының тәжірибе алмасуын жүзеге асыру, теориялық білім мен практикалық дағдыны бірлесе қалыптастыру мақсатында аудан мектептерінде университеттің 16 кафедра филиалы ашылды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату мақсатында 5 ауданда меморандумдарға қол қойылды. Ауыл мектептерінде университет факультеттерінің ғылыми-әдістемелік семинарлары өткізіліп, 400-ден астам мұғалім өз біліктіліктерін арттырды.

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты облыстың 400-ге жуық мектебінің кітапхана қорына профессор Бауыржан Ердембековтің «Абайтану» кітабы сыйға тартылды.

P.SҚазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде 14 600 студент білім алады. Оның 6800-і педагогикалық мамандықтарда оқиды. Жаңа оқу жылында І курсқа 6000-ға жуық студент қабылданды. 1400 студент мемлекеттік және облыс әкімі грантын иеленсе, меценаттардың қолдауымен 43 млн теңгеге 128 студент білім алуда. 21 студент «Құдайберген Жұбанов атындағы грант» иегері атанса, 794 студентке түрлі жеңілдіктер берілді.

 

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы

https://aqtobegazeti.kz/?p=84355