Вторник, Март 31, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбедегі Жұбанов университеті де бетперде тігуді бастады

Ақтөбедегі Жұбанов университеті де бетперде тігуді бастады

Республика бойынша медициналық бетпердеге сұраныс жоғары. Соның ішінде Ақтөбе қаласында да коронавирус қаупіне байланысты медициналық бетпердеге сұраныс күшейді. Бұл ретте Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тігінші мамандары да медициналық бетперде тігіп, оқу ордасының ұжымын бетпердемен қамтамасыз ету жұмыстарын бастап кетті, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Медициналық бетперделердің жетіспеушілігін қамтамасыз ету үшін университеттің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті мен кәсіби-шығармашылық факультетінің өкілдері тігін жұмыстарын жүргізіп отыр. Олар университеттің StartUp академиясындағы тігін шеберханасында екі күннің ішінде 200-ге жуық бетперде тігіп үлгерді.

– Әркім бұл індетке қарсы күресті өзінен бастауы керек. Біз Ғылыми инновациялық бағдарламалар департаментінің жүзеге асыруымен оқу ордасының ұжымы үшін университет логотипімен безендірілген медициналық бетпердені тігуді бастадық. Айта кетейік, бетперде тігіп, оны оқу ордасының ұжымына тарату ректор Бауыржан Ердембековтің бастамасы. Бұл бірнеше қабаты бар медициналық бетпердені шыт матадан тігіп жатырмыз. Бұлардың басты артықшылығы оны жуып, қайтадан пайдалануға болады, — дейді мамандар.

 

https://bilimdinews.kz/?p=94651