Четверг, Июнь 4, 2020
Басты > Жаңалықтар > Ғалым, тарихшы Жанжігіт Орамах дүниеден озды

Ғалым, тарихшы Жанжігіт Орамах дүниеден озды

Қазақ елінің қанатты перзенттерінің бірі, қазақ халқының тарихы мен  мәдениетіне елеулі де, өлшеусіз еңбек сіңірген белгілі ғалым, тарихшы, профессор, Жұбанов университетінің «Құрметті профессоры», еңбек ардагері Жанжігіт Орамахұлы Орамах дүниеден өтті.

1939 жылы 14 наурызда Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Жылыой ауданы шаруа отбасында дүниеге келген, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор. Қазақтың  С.М.Киров (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-і) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетің 1966 жылы үздік дипломен бітірген. 1972 жылы аталған университеттің аспирантурасын бітіріп, 1973 жылы «Қазақстан ұжымшарларын ұйымдық-шаруашылық жағынан нығайту (1946-1955 жж.) тақырыбында  кандидаттық диссертациясын қорғаған, 1977 жылдан ЖАК доценті.

Жанжігіт Орамахұлы — ол 80-ге жуық ғылыми еңбектердің авторы. Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты: Қазақстандағы аграрлық саясаттың проблемалары мен жеке тарихи тұлғалардың өмірнамасы, Бөкей Ордасының тарихы. 1966 жылдан қазіргі уақытқа дейін Орал, Ақтөбе, Арқалық қалаларында ассистенттен проректорлыққа дейінгі лауазымды жұмыстарды сатылап абыроймен атқарды. Тарихшы ғалым өмірінің соңына дейін Жұбанов университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасында қызмет атқарды,  ол бүкіл саналы өмірін ЖОО-да жастарға білім беру мен ғылымға арнады.

Ғалымның қаламынан шыққан негізгі оқу және оқу-әдістемелік  құралдары: «Қазақстан Республикасының тарихы» (2001 ж.), «Қазақстан экономикасының тарихы» (Кеңестік кезең Н.Мұхлисовпен авторлықта, 2002 ж.), «Тұғыры биік тұлғалар» (2008 ж.), «Қазақстан экономикасының тарихи очеркі» (толық бағдарламалық курсы, Г.Қожақметовамен авторлықта, 2013 ж.), кафедра ұжымымен бірге жазылған «Қазақстан тарихы» (дәрістер жинағы, 2005 ж.); монографиялары: «Жәңгір хан-реформатор» (2011 ж.), «Ішкі Қазақ Ордасы» (2015 ж.) және тағы басқа еңбектері ғалымның ұзақ жылдардағы ғылыми жұмысының жемісі.

Жұбанов университетінің ұжымы «Тарих және дінтану» кафедрасының профессоры Жанжігіт Орамахұлы Орамахтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, тума-туыстарына орны толмас қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.