Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Студенттер емханасы кестеге сай жұмыс жасайды

Студенттер емханасы кестеге сай жұмыс жасайды

Күннің салқындап, ауа райының құбылуы түрлі жұқпалы аурулардың өршуін қоздырады. Әсіресе, тұмау мен жедел респираторлы-вирусты инфекциясы үшін қолайлы кезең. Сондықтан аурумен күрес шараларын қолға алу маңызды болмақ.

Бүгінде әлемді жайлаған жұқпалы инфекция  біздің елімізде де тіркелді. Бұл ретте Жұбанов университетінің емханасы барлық медициналық мекемелер сияқты қалыпты жұмыс жасайды. Ал, демалыс күндері кезекші дәрігерлер жұмыс істейді.

Жұқпалы аурудың  алдын алу мақсатында университет емханасында бірқатар шаралар қолға қолынған. COVID-19  таралуын болдырмау үшін емханаға кіре берісте санитарлық өткізгіш орнатылды. Онда келушілердің дене қызуы өлшеніп, медициналық бетперделер беріледі. Мәселен, мұнда дене қызуы көтерілген, аталған ауру түрлеріне тән белгілері бар науқастарды арнайы «фильтр» кабинетінде бөлек қабылдау жүргізіп, дәрігерлер алғашқы көмек көрсетеді. Медицина қызметкерлерінің жеке бас гигиенасын сақтау үшін сұйық сабынмен, аптисептик,  бір реттік бетперде және қолғаптармен жеткілікті қаматамасыз етілген. Емхана тарапынан жұқпалы аурумен науқастанғандарды ерте анықтау, уақытылы есепке алу мақсатында кіреберіс есік алдында орналасқан анықтамалық бөлім медбикесі әрбір қаралушыдан аталған ауруларға тән белгілердің бар-жоғын сұрап, егер қандай да бір шағымы болса, бірден бір реттік бетперде беріп, фильтр кабинетіне жолдайды.

Емхана меңгерушісі Жұмагүл Жұмағазинаның айтуынша, COVID-19 пандемиясы  барысында алдын алу және сақтық шараларын сақтау өте маңызды. Емхана  мамандары қажет болған жағдайда резервтік ауруханалардың дәрігерлеріне қосылуға дайын. Мамандар қолыңызды сабынмен жуып, бетіңізге медициналық бетперде тағып жүруге кеңес береді.

P.S. Коронавирус – құрамында РНҚ-лы бар вирустар тұ­­қымдасына жатады. Мамандардың айтуынша, 4 ан­тигендік топтан тұратын бұл індеттің 40-қа жуық түрі бар көрінеді. Оның зияны адамдарға, иттер мен мысықтарға, сонымен қатар ірі қара мал, доңыз бен құстарға тиеді. Инфекция тыныс алу жолдарын, жүйке жүйесі мен асқазан-­ішек жолдарын да зақымдайды. Бұл жұқпалы аурудың ең үлкен қаупі – алғашқы белгілері тұмауға да ұқсайды. Жөтеледі, дене температурасы жоғарылайды, бара-бара тыныс алу қиындайды.