Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Университет бетперде тігуді қолға алды

Университет бетперде тігуді қолға алды

Қазір елімізде медициналық бетпердеге сұраныс көбейді. Алайда жергілікті дәріханаларда гигиеналық құралдарға деген үлкен тапшылық сезіледі. Бұл олқылықтың алдын алу үшін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің мамандары медициналық бетперде жасауға кірісті.

Бетперде тігіп оны университет ұжымына тарату — ректор Бауыржан Ердембековтің бастамасы. Университеттің баспасөз қызметі бұған дейін хабарлағандай, оқу орнының  StartUp академиясындағы тігін шеберханасында 2 күннің ішінде 200-ге жуық бетперде тігіліп шығарылған. Университет логотипімен безендірілген бетперделер оқу ордасының қызметкерлеріне беріледі.

Ал сәуір айынан бастап университет ұжымы 3D форматындағы бетперделер әзірлеуге кіріскен.

— Біздің оқу орнында жаңа технологиялар көмегімен қажетті қорғаныс құралдарын жасау мүмкіндігі бар. Сондықтан осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалуымыз керек.  Мәселен, біздің инновациялық технологиялар паркінде 3D модельдеу зертханасында респираторлық масканы 3D форматында басып шығаруға болады.  3D-принтермен басылған маскалар көптеген артықшылықтарға ие. Олардың сүзгілерін үнемі ауыстырып отыруға, сондай-ақ  жуып алып та қолдануға болады. Сүзгілер ретінде қарапайым мақта жастықшалары қолданылады, — дейді университеттің физика және математика факультетінің деканы Алтыншаш Бекбауова.

Оның айтуынша, бір күнде мұндай бетперденің әзірге тек үшеуін ғана жасап шығару мүмкіндігі бар. Өйткені бір бетпердені дайындауға 3-4 сағат уақыт кетеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

https://aqtobegazeti.kz/?p=85224