Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Серіктестестік стратегиясы — интернационализация

Серіктестестік стратегиясы — интернационализация

Күні кеше Жұбанов университеті шетелдік серіктестермен бірге Zoom платформасының тиімді тетіктерімен үзіліссіз онлайн режимінде жүздесіп, алдағы бес жылға жол картасын жасады.

Университеттің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры Куанышбек Шүнкеевтің басшылығымен өткен серіктестік жиынға Эстонияның Тарту университетінің профессоры Александр Лущик пен Польшаның Быдгощ экономика университетінің профессоры Александр Скалий және университтеттің барлық басшылық құрамы қатысты.

Шетелдік серіктестермен бірлесе атқаратын стратегиялық мақсат-міндеттер оқу ордасын әлемдік көшбасшы университеттер қатарына енуге бастайтын батыл қадамдар, яғни Жұбанов университетінің әлемдік келбетін, халықаралық имиджін, танымалдылығын ұшқырлайтын бағдарлық жоба.

Стратегия білім, ғылым мен инновация, халықаралық ынтымақтастық салаларын интернационалдандыруды көздейді.

Шетелдік серіктес университеттер атынан қатысқан жиын қонақтары өз кезегінде ғылымды интернационалдандыру, ғылыми өнімді ізденістерді іріктеу, инновацияға жол ашу, ғылым-білім кеңістігіндегі интеграция жайына ерекше назар аударды.

Айта кетейік, университеттің 85 жылда жүріп өткен жолы, тарихы, өзіндік дәстүрлері әлемдік биіктікке көтерілуге тұғыр болатыны сөзсіз. Заман ағымымен қатарласа өркендеп келе жатқан оқу орны соңғы 3 жылда халықаралық ынтымақтастығы мен танымалдылығын арттыруға барынша серпін берді. Бүгінгі таңда әлемдік рейтингте үздік 500-ге енетін 8 университетпен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Одан бері 100 -ден аса Америка, Еуропа, Азия елдерінің бірнеше университеттерімен білім-ғылым саласында ынтымақтасып келеді. 400-ге жуық студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламасына, халықаралық гранттық жобаларға қатысып, шетелде білім алып келді.

— Осы жылдар ішінде 70-ке жуық шетелдік ғалым-профессорлар, кәсіби мамандар, сарапшылар келіп дәріс сабақтарын жүргізді, тәжірибе алмасып, бірлескен инновациялық жобалар жасауда. Халықаралық ұйымдармен байланыс, консорциумдарға мүше болып ену, дипломатиялық өкілдіктермен бірлескен шаралар, тілдік орталықтар (ағылшын, қытай, корей, поляк, түрік) ашу сынды өзара ықпалдастық пен ынтымақтастыққа ұштасқан қызметтер жайын жекелеп талдауға болады. Сондай-ақ, қазір университетіміз сенімді шетелдік серіктестерімен қанаттаса жаңа кезеңге, яғни ғаламдық кеңістікке, әлемдік биіктікке халықаралық білім, ғылым, инновация жолымен самғауға дайын, -дейді халықаралық ынтымақтастық орталығының басшысы Г. Шоқым.