Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе мұғалімдер институты Ұлы Отан соғысы жылдарында

Ақтөбе мұғалімдер институты Ұлы Отан соғысы жылдарында

Кеңестер Одағына фашистік Германияның тұтқиылдан шабуыл жасауы елге көп ауыртпалық түсіргені белгілі. Жоғарғы оқу орындарының жұмысы да соғыс жағдайына бейімделді. 1941 жылы күзде институттың оқу ғимараты жаралған әскерлерді емдейтін әскери госпитальға айналды 1934 жылы мұғалімдер институттына арнайы салынған, ауданы 3203 шаршы метрге тең екі қабатты ғимараты Облыстық атқару комитеті кеңесінің 1941 жылғы 12-ші қарашадағы шешімімен № 692 «Мемлекеттік Одақтық зауыт» мәртебесіндегі Ақтөбеге көшірілген әскери зауытқа (1954 жылдан бастап «Актюбрентген») беріледі. Оқу орны жатақхана үшін салынған Сталин көшесіндегі №7 үйге орналасты.

Оқу ғимараты студенттік жатақханаға көшуіне байланысты оқу жұмысы 1941 жылы 3 қарашада басталды. 1941 жылдың 1 сәуірінен бастап Н.Г.Чернышевский атындағы Мәскеу тарих, философия және әдебиет институтын 1939 жылы бітірген, 1941 жылға дейін мұғалімдер институтының жалпы тарих кафедрасын басқарып келген Кантемиров Дзандар Салангереевич директорлық қызметке кіріседі. Студенттерді қабылдау жұмысы ойдағыдай жүргізіліп, 1940-1941 оқу жылының басында студенттер контингенті 300 адамға дейін өсті. Институтта 35 оқытушысы бар 7 кафедра құрылды.

Институт оқытушы кадрлармен толық қамтамасыз етілді. Олардың ішінде тәжірибесі мол, педагогикалық шеберлігі қалыптасқан, өз ісінің шеберлері жеткілікті болды. Олар: кафедра меңгерушілері – А.Е.Спринцов (ғылым кандитаты), С.Байтақов, Ж.Досқараев, М.Р.Решетов, П.А.Севрин және т.б. Оқытушылардың көпшілігі соғыс болып жатқан Украина, Белоруссия, РКФСР батыс аймақтарынан көшіп келгендер (эвакуацияланғандар) еді. Институт қызметінде олардың үлесі айрықша болды. Кейінірек бұлардың қатарын Черняк С.Г. (Белоруссиядан – ағылшын тілі оқытушысы), Дмитриенко П.Г., Андрухова Р.В. (Харьков дене тәрбиесі институтының түлектері), Берестинская С.И. (Мәскеу консерваториясының түлегі), Вайнберг Б.С. (Белоруссиядан) толықтырды.

Соғыс уақытының қиындығына қарамастан, жергілікті билік басшылығы мен институт дирекциясы олардың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайларына қолдау жасады. Оқытушылар да өз кезегінде институттың дамуына, ғылыми педагогикалық деңгейінің жоғарылауына, облыс мектептері үшін білімді мұғалім кадрларды даярлауға өз үлестерін қосты. Олардың қатарына белгілі лингвист, педагог Харьков мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетінің 1909 жылғы түлегі Н.М.Баженовты жатқызуға болады. Ол 1940 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, 1941 жылдың желтоқсанында Ақтөбеге эвакуацияланып, институттың орыс тілі және әдебиеті кафедрасын басқарды.

Н.М.Баженов 1944 жылдың сәуірінде отбасымен Харьков қаласына қайта көшті. Кафедра жұмысының алға басуына Кыштым қаласынан отбасымен эвакуацияланған профессор А.С.Долонин, Киевтен қоныс аударған Киев университетінің түлегі, аспиранты С.Я.Фрадкина өз үлестерін қосты. Институтта шет тілдер пәнінің оқытылуының қалыпты жолға қойылуына Черняк С.Г. (Белоруссиядан келген ағылшын тілі маманы), Эренброд Л.А. (Украинада келген неміс тілі маманы, Львов университетінің 1939 жылғы түлегі, философия магистрі, бірнеше шетел тілдерін жетік меңгерген, Вена қаласында туған), Зильберборд Р.А. (Харьков шетел тілдері институтының 1939 жылғы түлегі) бірден-бір ат салысты.

Осы жылдары «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығының қалыптасуына Дмитриенко П.Г. (Харьков мемлекеттік дене тәрбиесі институтының түлегі, Винница медицина институтының кафедра меңгерушісі), Андрухова Р.В. (Харьков мемлекеттік дене тәрбиесі институтының түлегі) үлестерін қосты. Институттағы музыкалық білім берудің алғашқы қадамдары Мәскеу консерваториясының түлегі С.И.Берестинскаяның қызметімен байланысты.

Физика және математика кафедрасында да тәжірибелі әдіскерлер мен ғалымдар еңбек етті. Доцент Г.А.Виттен (Астрахань классикалық гимназиясының, Петербург университеті физика-математика факультетінің түлегі, Бірінші дүниежүзілік, Азамат соғыстарына қатысқан, Астрахань пединститутының оқытушысы) жоғарғы «Математика негіздері» және «Математиканы оқыту әдістемесі» курстары бойынша лекция оқып, студенттердің педпрактикасына жетекшілік етті. Сол жылдары жазған «Курс тригонометрии на основе понятия вектора» атты оқулығы студенттер мен мектеп мұғалімдері арасында үлкен қызығушылық туғызды.

Физика-математика кафедрасының оқытушысы М.Р.Решетов 1944 жылы орта мектеп мұғалімдері үшін «Некоторые недотчеты в математических знаниях учащихся» атты әдістемелік құрал жазды. Жалпы тарих кафедрасының аға оқытушысы В.Д.Прянишниковтың ғылыми зерттеу еңбегі ерекше назар аударуға тұрарлық. Ол, белгілі ғалым, академик Д.Н.Прянишниковтың баласы, Швейцарияда туған, балалық шағы Мәскеуде өткен, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің тарих факультетін және Ярошевский атындағы музыкалық техникумды бітірген. Ғылыми-педагогикалық қызметін 1931 жылы Москваның торф институтында бастап, Мәскеудің мемлекеттік педагогика институтында жалғастырған.

1936-1942 жылдары Алматыдағы қазақ мемлекеттік университетінде жұмыс жасаған. 1941 жылы Краснодар мемлекеттік педагогика институтының ғылыми кеңесінде қорғауға ұсынылған «Материальная культура Египта» атты диссертациясы, соғыстың басталуына байланысты, қорғалмады. Өкінішке орай, кейін анықталғандай, диссертация жоғалып кеткен. В.Д.Прянишниковтың 100-ден аса ғылыми мақалалары жарық көрген, ол европа тілдерін тамаша, жетік білген). 1942 жылдың көктемінде В.Д.Прянишников ІІХК (НКВД) шешімімен тұтқындалып, Ақтөбедегі лагерьге жіберілді. 1944 жылы мерзімінен ерте босатылып, ІІХК-ның Ақтөбе комбинатына экономист-жоспарлаушы қызметіне алынды.

1944 жылдың 8 қазанында облыстық партия комитетінің сұранысы бойынша оқытушылары жетіспейтін мұғалімдер институтының тарих факультетіне ауыстырылды. Орасан зор ғылыми-зерттеушілік тәжірибесі оның төңірігіне творчестволық және ғылыми ізденіске құштар мамандарды топтастырды. В.Д.Прянишников студенттерден, оқытушылар мен облыстық мұрағат қызметкерлерінен ғылыми топ құруғабастамашы болды. Ғылыми топтың жоспарындағы Ақтөбе облысының тарихын зерттеу мәселелері ҚазКСР Ғылым академиясының және Республикалық мұрағат басқармасының жоспарларына енгізілді.

Ғылыми ұжым зерттеу нәтижелері негізінде өлкеміздің белгілі қайраткерлері туралы мақалалар сериясын «Актюбинская правда» газетінде жариялады. Өзі КСРО Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі А.Панкратованың жетекшілігімен «Ақтөбе облысы территориясындағы Азамат соғысының тарихы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын жұмысын жазуды бастады.

В.Д.Прянишников тарих факультетінің студенттерімен ғылыми зерттеу үйірмесін де ұйымдастырды. Үйірме жазба бюллетеньдер шығарып тұрды. Бюллетеньдер негізінен соғыс тақырыптарымен байланыста «Крах мифа о непобедимости фашистско-немецкой армии», «Расовая теория фашизма», «Борьба украинского народа против немецких оккупантов», «Александр Невский как государственный деятель и дипломат», «Борьба русского народа против немецкой агрессии на Востоке» деп аталды. Соғыс басталғаннан кейінгі алғашқы 2 жылда 34 оқытушы мен студент армия қатарына алынды. 1941 жылдың 18-29 шілдесі аралығында алғашқы майданға аттанғандардың арасында:

Тарих факультетінің 2 курс студенті Хусайнов, оқу ғимаратының коменданты Иова, жатақхана коменданты Бурмистров, директордың әкімшілік-шаруашылық бөлімі бойынша көмекшісі Василенко, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жолудь, марксизм-ленинизм негіздері кабинетінің меңгерушісі Шынғалиев болды. Ең алғаш соғыс майданына аттанғандар ішінде институт директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары А.К.Мустаев та бар. Кафедралардың профессорлық-оқытушылық құрамынан өз еркімен майданға сұранушылар көбейді. Атап айтатын болсақ, майданға аттанғандар: Байтақов Салахий Хаирлиевич – жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі (Абай атындағы Қазақ педагогика институтының тарих-экономика факультетінің түлегі) 1944 жылы майданға алынды.

Б.Жильцов – марксизм-ленинизм негіздері кафедрасының аға оқытушы; Басс Даниил Борисович – әскери дайындық кафедрасының оқытушысы (Мәскеу Д.Менделеев атындағы институт түлегі); Еркебаев Ходан Еркебаевич – Ақтөбе мұғалімдер институтының 1940 жылғы түлегі; Ибраев Алеке Ибраевич – Ташкент педагогика институтының тарих факультетінің 1939 жылғы түлегі; Исмаилов Бертай Абдуллинович – Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетінің 1938 жылғы түлегі; Колий Федор Лукич – Ақтөбе мұғалімдер институтының физика-математика факультетінің 1940 жылғы түлегі. Студент кезінде Сталин атындағы стипендияның иегері болған. Соғыстан оралған соң Қызылорда педагогика институтының сырттай бөлімін бітіріп, институттың сырттай бөлімін басқарды. 1960-1970 жылдары «Путь к коммунизму» газетінің бас редакторы болды; Кулибаба Леонид Федорович – 1944 жылы ауыр жарақат алған соң, елге оралып, институттың тарих факультетінде оқуын жалғастырды. Үздік студент ретінде Н.Байғанин атындағы стипендияның иегері болған. Бітірген соң, жалпы тарих кафедрасының оқытушысы қызметіне қалдырылды. Кейінгі жылдары мұғалімдік жұмысқа ауысып, «Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген мұғалімі» құрметті атағын алды. Көп жыл бойы бұрынғы Ленин, қазіргі Қарғалы ауданының оқу бөлімін басқарды.

Миронов Иван Михаилович – мұғалімдер институтының жалпы тарих кафедрасының оқытушысы. Соғыстан кейін де оқытушылық қызметін жалғастырды. Науанов Хамит Жолдыбаевич – Абай атындағы Қазақ педагогика институтының физика-математика факультетін бітірген. Соғыс жылдарының алғашқы екі жылында ғана Қызыл Армияға Отанды қорғау үшін 34 мұғалім шақырылды. 1943 жылы Д.С.Кантемировтің облыстық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушілігіне ауысуына байланысты, институт директоры қызметіне Пак Н.Ф. тағайындалды. Пак Наум Федорович 1909 жылы туған, Ақтөбе мұғалімдер институтын 1940 жылы айрықша дипломмен бітірген. Үлгілі тәртібі, қоғам жұмысына белсенді қатысқаны және барлық пәннен үздік баға алғаны үшін Сталиндік стипендия иегері атанды. Үздік бітірген студент бастапқы кезде институтқа лаборант қызметіне қалдырылды. Кейін Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының ассистенті, оқытушы және сырттай оқу бөлімі инспекторы, 1941 жылы филология факультетінің деканы қызметін атқарды. Орал педагогикалық институтын сырттай оқып, үздік бітірді. Ұзақ жылдар «Актюбинская правда» газетінде қызмет істеді. Орынбор қаласындағы Чкалов пединститутының профессоры Воробьевтың жетекшілігімен орыс тілінің лексикасына арналған ғылыми еңбек жазды.

1941 жылы шілдеде институт ұжымы Қорғаныс Қорын ұйымдастырып, оған алғашқы үш жылда 500 мың сомнан астам қаржы қосты. Соғыс жылдары институт қызметкерлері мен студенттер өндіріс орындарына, теміржол транспортына, ауыл шаруашылығына, емделуге әкелінген жаралы, мүгедек жауынгерлерге қолма-қол жәрдем беріп, күтіп, елдеріне хат жазысып, хат алысуға жәрдемдесті. Ұлы Отан соғысының барлық кезенінде институттың оқытушы, студенттері көктемгі егіс егу және жинау науқандарына үнемі қатысты. Тарих факультетінің В.Кулиш басқарған бригадасы Қобда ауданының Победа колхозында жұмыс жасап, күндік нормаларын 7-8 еседен астам орындап жүрді. Тек қана Қобда ауданында институт студенттері 3000-нан астам еңбеккүн тапты. Еңбек майданындағы жетістіктері үшін институттың көптеген оқытушылары «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Ерен еңбегі үшін» медалымен марапатталды. Олардың қатарында – Яфаров Лутфий Исмагилович, Жангужин Мухтар Жангужиевич, Искендирова Мариам Салиховна және тағы басқалар болды.

Н.Байғанин атындағы 2 жылдық Ақтөбе мұғалімдер институтының ғимараты (қазіргі М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының ғимараты)

1945 жылдың тамыз айында Облыстық атқару комитетінің шешімімен Дзержинский (қазіргі Қобыландин) көшесі, №2 үйде орналасқан Ақтөбе педагогикалық техникумының оқу ғимараты Мұғалімдер институтына берілді. 1945 жылдың 14 сәуірінде институтқа Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі  Президиумының Жарлығымен Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ақын, жерлесіміз Нұрпейіс Байғаниннің аты  берілді.

Даулет Абенов,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік
университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

 

https://bilimdinews.kz/?p=101965