Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тағылымды тарих – жарқын болашақ бастауы (Құдайберген Жұбанов атындағы университетке 85 жыл)

Тағылымды тарих – жарқын болашақ бастауы (Құдайберген Жұбанов атындағы университетке 85 жыл)

Бүгінде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті – еліміздегі жоғары білім беру жүйесінде өзіндік орны бар, уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлайтын оқу орны. Сексен бес жылдық тарихында талай тағдырлы кезеңдердің, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің куәсі болды. Бүгінде халықаралық байланыстары нығайған университет әлемдік білім кеңістігінен өз орнын айқындап, еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындары арасында көшбасшылық межені сақтап келеді.

 

«Тарих – біздің істеріміздің өткенінің куәсі, қазіргіміздің үлгісі мен өнегесі, ал болашағымыздың асыл қазынасы» деп бекер айтылмаса керек.

Бастауын өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан алатын университетімізге биыл 85 жыл толып отыр. Ұжымымыздың бүгінгі жетістіктері осы жылдары жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ізгілікті де білікті маман даярлау ісінде аянбай тер төккен ұстаздар мен қызметкерлеріміздің бірнеше ұрпақ өкілдерінің ерен еңбегінің нәтижесі екендігі даусыз.

Байтақ еліміздің батыс аймағындағы күре жолдың үстінде Ақтөбеде 1935 жылы жоғары білім беретін екі жылдық Ақтөбе мұғалімдер институты ашылып, жоғары оқу орнының іргесі қаланды. Облыстағы тұңғыш жоғары оқу орнының тарих, физика-математика мамандықтарына және дайындық бөліміне алғашқы 81 студент пен тыңдаушы қабылданды.

Жаңа оқу орнының 30-40 жылдары қалыптасып, дамуына институттың алғашқы директорлары Нұғман Залиев, Семен Шейнессон, Құрманғали Оспанов, Дзандар Кантемиров, Наум Пак елеулі үлес қосты. Әр тарихи кезеңнің өзіндік талаптарына сәйкес бұл кездегі институт ұжымының басты миссиясы – мектепке маман даярлау ісінің негізін қалау, халықты жаппай сауаттандыру, ағарту міндеттерін жүзеге асыру болды. Қиындықсыз болған жоқ: материалдық базаның жұтаңдығы, қажетті құрал-жабдықтардың, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың, ғылыми әдебиеттің жетіспеушілігі, саяси қуғын-сүргін мен репрессия зардаптары, Ұлы Отан соғысының басталуы институт қызметіне зиянды әсерін тигізбей қалмады. Алайда, институт мұғалім кадрлерін даярлау ісінде абыройсыз болған жоқ. Соғысқа қатысқан институт түлегі Қожабай Жазықов Кеңес Одағының Батыры атанды. Көптеген түлектер «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атанды, халық ағарту, жоғары білім беру және партия-атқару ісі салаларында ұстаздық, басшылық қызметтер атқарды.

1945 жылы институтқа Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ақын, жырау Нұрпейіс Байғаниннің есімі  берілді. Соғыстан кейін қазақ қыздарынан мұғалімдер дайындау қажеттілігіне орай 1948 жылы Н.Байғанин атындағы Ақтөбе мұғалімдер институтының негізінде екі жылдық қыздар педагогикалық институты ашылды. 1954 жылы ол қайтадан толық білім беретін педагогикалық институт мәртебесін алды. Бұл жылдары оқу орнына Зияда Баймұхамбетова, Қазина Балниязова, Ғабдрахман Абуханов басшылық жасап, институттың материалдық базасын нығайтып, оқытушылар құрамын жасақтауға лайықты үлес қосты.

1958 жылдың тамызында Н.Байғанин атындағы Ақтөбе педагогикалық институты жабылып, оның оқу ғимараты мен жатақханасы 1957 жылы ашылған медициналық институтқа берілді. Студенттер көрші облыстардағы жоғары оқу орындарына ауыстырылды. Көп кешікпей-ақ облыс мектептерінде мұғалімдердің жетіспеушілігі айқын сезіле бастады. Сөйтіп сегіз жылдан соң, 1966 жылы Ақтөбе педагогикалық институты қайта ашылды. Оқу орнын басқаруға П.С.Щетинин тағайындалды. Институттың материалдық базасы жақсартылып, оқу үдерісін жетілдіруге көңіл бөлінді, профессор-оқытушылар құрамы білікті мамандармен толықтырылды.

Институттың қарқынды дамып, бүгінгі келбетінің түзілуі оқу орнының басшылығына 1983 жылдың тамыз айында келген Мұхтар Арыновтың есімімен байланысты. Бұған дейін жоғары мектеп саласында бай тәжірибе жинақтаған білікті басшы алдымен институттың миссиясын жаңаша айқындауға ерекше көңіл бөлді. Жоғары оқу орнын бірыңғай кадр даярлаумен ғана шектеп қоймай, тәрбие ісін тұтастай жүргізетін рухани орталық деңгейіне көтеруге күш салды. Осы бағытта оқу орнының бас ғимараты пайдалануға берілді, жаңа мамандықтар, қазақ тілінде оқытатын бөлімдер ашылды, білікті мамандар шақырылып, жас ұстаз-ғалымдар даярлау мәселесі қолға алынды, институтқа студент қабылдау, кәсіби бағдар беру жұмыстары жаңаша ұйымдастырылып, мұғалім мамандығына икемі бар жастар тартылды. 1990 жылы институт тұңғыш лингвист-ғалым, профессор Құдайберген Жұбановтың есімін иеленді, «Жұбановтану» ғылыми зертханасы құрылып, ғылыми мектеп қалыптасты. Институт білім ордасы ғана болып қоймай, облыстағы мәдени-көпшілік шаралардың ұйтқысы, рухани орталығына айналды. Ұлы Абайды облыс жұртшылығына танытуда жүйелі жұмыстар атқарылды, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, қазақ тілінде оқытатын мектептердің санын ұлғайтуға ереше мән берілді, өңірдің айтулы тұлғалары Есет батыр Көкіұлының және Есет батыр Көтібарұлының, Әйтеке бидің, ғалым Қ.Жұбановтың, сазгер Қазанғаптың, мемлекет қайраткері Ұ.Құлымбетовтың мерейтойлары өткізілді.

Тәуелсіз Қазақстан, нарықтық экономика жағдайында облыста жоғары сұранысқа ие мамандарды даярлау ісін қайта құру қажеттілігін жете түсінген институт ректоры Мұхтар Ғалиұлы үкімет алдында бірнеше мәрте Ақтөбеде классикалық түрдегі университет, тым болмаса көп профильді институт ашу мәселесін қойды. Тиісті дайындық жұмыстары жүргізілді. 1996 жылы институтқа университет мәртебесі берілді.

Оқу орны басшылығына Кенжеғали Кенжебаев келген жылдары университеттің материалдық базасын нығайтуға баса назар аударылды, инженер мамандықтарына студенттер қабылдана бастады, бірнеше магистратура мамандықтары және математика, физика салалары бойынша кандидаттық диссертация қорғау кеңестері ашылды, әлеуметтік зерттеулер институты, қолданбалы математика және информатика инситуты құрылды. Университеттің материалдық базасы нығая түсті, спорт кешені, студенттер емханасы, редакциялық-баспа бөлімі ашылып, Студенттер сарайы мен Жастар сарайы салынып, қаладағы мәдени орталық ретінде университеттің рөлі күшейе түсті. Жастар үйі мен Инновациялық технологиялық парктің құрылысы басталды.

2004 жылы университеттен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты бөлініп шыққан кезең басшы – Ғалымжан Нұрышевтың есімімен байланысты. Оқу орны бірнеше мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының авторы атанды. Институт түлектері республикада бірінші болып Президент шақыруына үн қосып, «Дипломмен – ауылға!» және «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі!» акцияларының бастамашысы болды. «Қазына» әдеби мұра жобасы атауымен Н.Байғаниннің жаңа таңдамалысы, бұрын еңбектері қалың жұртшылыққа жете қоймаған Ақтөбе өңірінің XIX-XX  ғасырлардағы ақын-жыраулары Жөкей Шаңғытбайұлының, Сарышолақ Боранбайұлының, Айса Байтабыновтың шығармалары жарық көрді. 2009 жылы институт Болонья қаласындағы Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойып,  еуропалық білім кеңістігіне енді.

Амантай Нұрмағамбетов басшылық жасаған 2013 жылы Ақтөбе мемлекеттік университеті мен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты қайта біріктіріліп, оқу орнына өңірлік университет мәртебесі берілді.

1935 жылдан іргетасы қаланған оқу орнының дамуына әр басшы өзіндік қолтаңбасын қалдырып, қыруар істердің жасалуына ұйтқы болды. Сөз жоқ, көш бастаған  басшылардың қасында шаш етек шаруаны үйлестіріп, мыңдаған шәкіртке тағлым берген профессорлық-оқытушылық құрам мен қызметкерлердің төккен тері, қарымды қарекеті қара шаңырақтың бүгінгі күндегі келбетін қалыптастырды.

Бүгінгі таңда университет елімізде және өңірде инновациялық өзгерістерді жүзеге асыратын адами капитал қалыптастыру мақсатында қарқынды дамып келеді. Сөз жоқ, «тарихтан – ғибрат, ұрпаққа – аманат». Десек те, әр уақыттың төл талабы, өз міндеттері бар. Сондықтан, қара шаңырақ тірлігін заман талабына сәйкестендіріп қайта құру мақсатында Университет миссиясы қайта қаралды, стратегиясы жаңғыртылып, кешенді жоспар жасалды. Осыған сәйкес университетіміз жоғары білімді интернационализациялауға, ғылыми жетістіктерді коммерциялизациялауға және классикалық университет моделінен Smart университет моделіне көшуге ұмтылу үстінде. Бүгінгі таңда ұлттық рейтингте үздік төрттікке енген оқу орнымыз көздеген меже биік: ұжым халықаралық QS World University Rankings рейтингісінде үздік 500 университет қатарына ену үшін қарқынды жұмыс жасауда.

Басты мақсат өзгерген жоқ, университет Ақтөбе өңірі агломерациясына сұранысы жоғары мамандар даярлау, әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиеленген азамат қалыптастыру бағытында еңбек етуде.

Университетіміздегі білім алушылардың сапалық құрамы жылдан-жылға жақсарып келеді. Бүгінде білім алушылар контингентін республиканың әр өңірінен және шет елдерден келген 15 мыңға жуық жас құрайды.

Профессор-оқытушылар құрамының 50%-ын ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD құрайды. Университетте белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, мемлекеттік және ведомстволық марапаттардың, Ш.Уәлиханов және Қ.Сәтпаев атындағы сыйлықтардың иегерлері, әлем чемпионаттарының жеңімпаздары, мәдениет қайраткерлері, Ақтөбе облысы мен қаласының құрметті азаматтары, ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының және «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегерлері қызмет етеді. Соңғы жылдары профессор-оқытушылық құрам «Жұбанов – ғалымдар ордасы» жобасы ауқымында жұмысқа қабылданған 100-ден астам жас буын PhD мен магистрлер есебінен жаңартылды.

Бүгінде университетімізде 78 бакалавриат, 40 магистратура және 6 докторантура мамандықтары бойынша мамандар даярланады, диссертациялық кеңестер жұмыс жасайды. 14 мамандық бойынша арнайы білім беретін Жоғары колледж қайта құрылды. Облысымыздағы шағын жинақталған мектептерге мамандар қажеттілігі ескеріліп қосарланған мамандықтар бойынша мұғалімдер даярлануда, жұмыс берушілердің ұсыныстары негізінде білім бағдарламаларына жаңа білім траекториялары енгізілді, университетішілік қосдипломды білім беру, «Білім» бағыты мамандықтары бойынша көп тілде оқыту жүзеге асырылуда. Өндіріс сұранысына сай дуалдық оқыту жүйесін енгізу және өндірістік практика өткізу мақсатында отызға жуық Қытай компанияларымен меморандум жасалып, 230 өндірістік кәсіпорындармен байланыс орнатылды, университет кафедраларының жүз жиырмадан астам филиалы ашылып, негізгі пәндер кәсіпорын базаларында жүргізілуде.

Заманауи университет қызметінің басты салаларының бірі – ғылыми-зерттеу жұмыстары екендігі белгілі. Жұбанов университеті де іргелі ғылыми зерттеулермен қатар, аймақтың қолданбалы міндеттерін шешуді үнемі назарында ұстап келеді. Жаңадан құрылған «Инновациялық технологиялар паркі» қосымша жабдықталу үстінде. Техникалық факультеттің металлургия кафедрасының ғалымдары «Казхром» Трансұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамымен хром кенінің шаңын кәдеге жарату бойынша бірлескен жоба әзірлеуде. Аймақтың экологиялық мәселелерін диатомит минералының көмегімен шешуді жүзеге асырумен физиктер, химиктер және экологтардан құрылған бірлескен команда айналысып жатыр.

Ғылыми гранттық және шаруашылық келісімшарт жобалары негізінде материалтану, өлкетану бағытында орындалған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері халықаралық рецензияланатын басылымдарда тұрақты жарияланып тұрады, оларға сілтеме жасау үлесі де артып келеді.

Ғалымдарымыздың ғылыми жаңалықтары негізінде жүзден аса патенттер мен авторлық куәліктер алынған.

Университетімізде барлық дайындық бағыттары үшін «Кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізіліп, «Start-up академиясы» ашылды.  Мұнда студенттік кәсіпкерліктің экожүйесі негізінде бизнес-жобалар дайындалып, жас кәсіпкерлердің идеялары дамытылуда. Start-up жобасы нәтижесінде ашылған «Зерек» балаларды дамыту орталығы мен «Балалар университеті» тек балаларды әлеуметтендіру, қолдау бағытында ғана емес, дуалды оқыту жүйесін іске асыруда да оқу-тәжірибе базаларына айналып отыр.

«Жұбановтану», «Абайтану және ұлттық руханият» және т.б. ғылыми орталықтар мен зертханаларда ғылыми зерттеу жұмыстарымен қатар БАҚ, әлеуметтік желілер, тарихи ғылыми басылымдар арқылы үлкен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Осы бағдарлама аясында 2017 жылдан бастап «Жұбанов кітапханасы» сериясы бойынша университет ғалымдарының еңбектері жарық көре бастады. Университет мерейтойы қарсаңында олардың санын 85-ке жеткізу көзделіп отыр. Осы жылы Абайдың 175 жылдығы, Құдайберген Жұбановтың 120 жылдығы және университеттің 85 жылдығы аясында Ақтөбеден Шығыс Қазақстанға дейін «Жұбановтан – Абайға» экспедициясы ұйымдастырылды. Сөйтіп, кезінде Мұхтар Арын бастап кеткен игілікті іс жалғасын тауып Ақтөбе-Нұр-Сұлтан-Павлодар-Баянауыл-Семей-Жидебай-Қарағанды-Қарқаралы бағыты бойынша жасалған ғылыми-интеллектуалдық экспедиция жақсы рухани олжамен оралды. Мәдени-тарихи құндылықтарды насихаттау және мұражай қорын толықтыру мақсатында дәстүрлі «Жәдігер жерде қалмасын» акциясы мен «Ақтөбе ақтаңгерлері» жобасы бастау алды, Археологиялық зертхана ашылып, Орынбор мұрағат қорымен ынтымақтастық жасалды. Ғалымдарымыз жоба аясында жинақталған құжаттар мен мәліметтер негізінде Ақтөбе облысының тарихы бойынша цифрлы деректер базасын құруға кірісті.

Бүгінде университет әлемнің жүз елуге жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Польшаның Быдгощ қаласындағы Экономика университетімен, Қытай мұнай университетімен, Түркиядағы Кастамону университетімен қосдипломды білім беру бағдарламалары сәтті жүзеге асып келеді. Польшадағы және Түркиядағы аталмыш университеттерде «Qazaq eli» атты қа­зақ мәдениетінің орта­лықтары ашылды. Алдағы уақытта академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелдік жоғары оқу орындарында білім алушылар санын екі есеге көбейту жоспарланып отыр. Білім бағдарламаларының барлық деңгейлерінде ағылшын тілінде оқытатын мамандықтар бар, соның нәтижесінде университетте білім алатын шетелдіктер саны артып келеді. Осы мақсатта университетте «Ата Қоныс – Ақтөбе» жобасы басталып, соның аясында алыс және жақын шетелден келген ұлты қазақ студенттерге арнайы жеңілдіктер жасалды.

Халықаралық тәжірибе Smart-университет құру идеясын жүзеге асырған жоғары оқу орындарының барынша бәсекеге қабілетті болатындығын дәлелдеп отыр. Біз де осы бағытта біршама қадамдар жасадық. Бүгінде «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Ситуациялық орталық, «ИРБИС» электронды кітапханасы, science.arsu.kz, science.s.arsu.kz, rating.prepod.arsu.kz мәліметтер базалары және т.б. құралған ақпараттық-аналитикалық жүйе және виртуалды мұражай университеттің smart-ортасын құрайды.

Университет қызметін цифрландыру және интеграциялау мақсатында «Smart Zhubanov University» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Автоматтандырылған кітапхана, виртуалды білім беру ортасы, онлайн медиаресурстар, цифрландыру бағытындағы жаңа білім бағдарламаларының ашылуы, оннан астам IT-кабинеттердің жасақталуы – соның айғағы. Оқу ордасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оқу жүйесінің сапасын жақсартуға бағытталған Ситуациялық орталық университет нысандарын бақылап, ақпаратпен таныстырып отыратын коммуникация және интерактивті құрылғылар арқылы төтенше жағдайлардың алдын алуды жүзеге асырады. «Темірқазық» «бір терезе» қағидасы бойынша әкімшілік, оқу-ағартушылық және кеңес беру қызметтерін көрсетеді. Пайдаланушылардың көрсетілетін қызмет түрлерін оңтайландыру бойынша «eARSU» және «e.arsubot» телеграм-бот мобильдік қосымшалары арқылы онлайн кеңес алып, тапсырыс беруге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар орталықта ашылған «еGOV» порталының мемлекеттік қызметтерді алу үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы арқылы 300-ден аса қызметті онлайн режимде ала алады. Smart-технологияларды енгізу бағытында барлық білім алушылар, профессор-оқытушылар мен қызметкерлер және ата-аналарға арналған Smart ARSU мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл жүйе пайдаланушыларына оқу процесінің, кітапхана қорының, емхананың ақпараттық және интерактивтік сервистерінің ыңғайлы қызметімен қамтамасыз етеді.

Университет қызметінің тағы да бір жетекші саласы – еліміздің ертеңгі тұлғаларына айналар жас ұрпақтың ұлттық тәрбиеге негізделген рухани келбетін қалыптастыру. Жалпы, университетіміздің академиялық саясаты «білім мен тәрбиенің егіздігіне» бағытталған. Осы мақсатта бакалавриат деңгейінің білім бағдарламаларына «Ұлттық руханият» пәні енгізілді, «Тәрбие концепциясы» жасақталды, бірнеше әлеуметтік, ғылыми жобалар іске асырылуда. Бұл салада университет базасында құрылған Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі де үлкен әдістемелік көмек көрсетуде. Ақтөбе аймағы тарихи тұлғаларының есімдерін қайта жаңғырту мақсатында университетіміздің оқу ғимараттарына көрнекті тарихи тұлғалардың есімін беру мәселесін көтердік. Осылайша, оқу ғимараттарына профессор Мұхтар Арынның, тарихшы ғалым Бекежан Сүлейменовтің, халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің есімдері берілді. Университет қаржысы, эндаумент қоры мен жомарт жанды меценаттардың көмегімен өңірге белгілі тарихи тұлға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған заманауи озық технологиямен жабдықталған арнайы оқу кабинеттері ашылды. Бұл ретте Құдайберген Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Әбіш Кекілбаев, Өтежан Нұрғалиев атындағы конференц-залдар, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының кабинеті, Нұрсұлу Тапалова атындағы хореография залы, Роза Жаманова атындағы музыка кабинеті, Дербісәлі Беркімбаев, Тілеу батыр, Қабақ батыр, Әлім Алмат, Досжан хазірет, Бекежан Сүлейменов, Рабиға Сыздық, Есет Жұбанов, Амантай Өтегенов сынды тұлғалар мен Ауған соғысы ардагерлері атындағы дәрісханалар танымдық-тәлімдік маңызы зор орталықтарға айналып отыр. Соңғы кезде ашылған «Жұбанов жастары» аллеясы, жаңғыртылған Жастар сарайында кинозал, «Атриум» көрме залы және «Мәңгілік ел» конференц-залы университетте жүргізілетін тәрбиелік шаралардың пәрменділігі мен тиімділігін арттырып отыр.

Университет рейтингін анықтайтын басты көрсеткіштердің бірі – бітіруші түлектердің еңбекке орналасу деңгейі және жұмыс берушінің пікірі.

Университеттің еңбекке орналастыру бағытындағы стратегиясының жүзеге асырылуы негізінде түлектердің еңбекпен қамтылу көрсеткіші жылдан-жылға өсіп келеді. Мысалы, 2019 жылы «Білім» бағыты бойынша университетті бітірген түлектердің 95%-і жұмысқа орналасты.

Оқу орнымызда мектеп оқушысының мамандық таңдауынан бастап, университетті бітіріп жұмысқа орналасуына дейінгі аралықтағы қызметті қамтитын Кәсіби даму және мансап орталығы жұмысын бастады.  Мұнда облыстық, қалалық білім беру басқармаларымен, мектептермен, аудан әкімдерімен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Осы 2019-2020 оқу жылында университет өкілдері «Жұбанов керуені» жобасы бойынша Ақтөбе облысының барлық ауыл-аймағы мен қала мектептерін аралап, 6000-нан астам мектеп бітірушілермен кездесті. Бұл кездесулер жас түлектерге бағыт-бағдар беру, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын одан әрі дамыту, ауылдық жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу, жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнатуға ықпал етті. Жоба негізінде қала мен аудан мектептерінде университеттің кафедра филиалдары ашылып, бес ауданда жергілікті атқарушы билік пен университет арасында меморандумдарға қол қойылды. Университет мерейтойы аясында үздік оқитын республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы балаларына 85 білім гранты мен түрлі жеңілдіктер тағайындалды, олар келесі жылы «Менің таңдауым – Жұбанов» девизі бойынша қара шаңыраққа оқуға түсуді мақсат етіп отыр.

Университеттің материалдық-техникалық, оқу-әдістемелік базасы оқу-тәрбие ісін, ғылыми-зерттеу жұмыстарын кеңінен өрістетуге жетерлік мүмкіндік беріп отыр. Десек те, бұл бағыт үнемі назарымызда болмақ. Бұл әсіресе оқу, ғылыми зертханаларды заманауи құрылғылармен жабдықтау, университет қызметінің барлық салаларын цифрландыру мәселелерімен байланысты болмақ.

Әрбір білім ордасының басты мақтанышы өзі ұшырған, өмірден лайықты орнын тапқан түлектері мен оларды баптап, қанат бітірген ұлағатты ұстаздары екені даусыз. 85 жыл ішінде кең-байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен білімге шөліркеп келген жүз мыңдаған түлектер үлкен өмірге жолдама алды. Олардың арасында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, ұлағатты ұстаздар мен қаламы жүйрік ақын-жазушылар, майталман өнер иелері мен танымал спортшылар бар.

Байқап отырғанымыздай, бәсекеге қабілетті, ізгілікті, елге қажет патриот-маман даярлау үшін қажет ресурстар бізде жеткілікті. Ең бастысы шыңдалған, тәжірибесі мол аға буын өкілдері мен талабы таудай қабілетті жастарды біріктірген адами капиталымыз бар. Алдымызда сан-салалы қызметімізді әлемдік білім беру стандарттарына сәйкестендіріп, озық университеттер қатарына ену, өңіріміздің қажетті мамандарға деген сұранысын өтеп, биыл атап өтілетін Әл-Фараби және Абай тәрізді ұлы тұлғаларымыздың мерейтойларының шапағатын шәкірт санасына сіңіру мәселесі тәрізді асқар асулар күтіп тұр. Бұл асуларды бағындыру толысқан адами капиталымызды қара шаңырағымыздың материалдық базасының бай мүмкіндіктерімен кіріктіре білуде екендігін жақсы түсінеміз. Университет ұжымының бар қарым-қабілеті, күш-жігері осы бағытқа жұмылдырылмақ.

 

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

 

https://yadi.sk/i/NSA7V3S6pRnfsw