Вторник, Май 26, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Соғыстың алғашқы жылдарындағы Ақтөбе облысы

Соғыстың алғашқы жылдарындағы Ақтөбе облысы

Соғыстың алғашқы жылдарынан бастап елдің экономикасы майдан талабына сай жұмыс істей бастады. Мемлекет тұтастай соғыс лагеріне айналды. 1941 жылы 16 тамызда КСРО ХКК-і мен БК(б) П-ы Волга өңірі, Жайық, Батыс Сібір, Орта Азия мен Қазақстанға арналған 1941 жыл және 1942 жылдың төртінші тоқсаны аралығына арналған «Әскери-шаруашылық жоспары» бекітті.

Жоспарда мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту және стратегиялық маңызы бар шикізатты өндіруді ұлғайту көзделді. Көшірілген кәсіпорындарды тез орналастыру көзделді. Шығысқа қарай заводтардың мүлікі мен қызметкерлері вагон-вагонымен көшірілді. 1941 жылдың күзі мен 1942 жылдың басында Қазақстанның 7 облысына, соның ішінде Ақтөбе қаласына тамыз-желтоқсан айларында Витебск, Харьков, Подольск, Днепропетровск және Мәскеуден өндіріс орындары, мәдениет, өнер ошақтары, әскерки оқу орындары мен госпитальдер көшіріле бастады. Қазақстанға соғыс жылдары барлығы 300-ден астам халықшаруашылық нысандары көшірілген.

1941 жылдың 19 қазанында КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті Мәскеудің рентген зауытын Ақтөбеге көшіру туралы шешім қабылдады. «Мосрентген» 1930 жылы құрылған еді. 1941 жылы зауыттың жаңа тарихы басталды. Алғашқыда «№692 Мемлекеттік одақ зауыты» деп аталып, қорғаныс саласына бағытталды (директоры-Алдошин). Зауыт сол кездегі партиялық курс және мұғалімдер институты ғимаратына орналасты. Қазір бұл нысан сауда үйіне айналған. Тек 1954 жылғы 31 тамыздан бастап, «Ақтөберентген» зауыты болып аталды.

Қызыл әскердің сапер және партизан отрядына қажетті ПМ-1, ПМ-2 машинасы шығарылды. Зауытта шығарылған екі аппарат «Құпия», «Аса құпия» болып саналды. Рентген аппараты да майдан даласына жіберілді. Сол жылдары рентген аппаратының үш түрі болды. Олар: көшпелі, жылжымалы және диагностикалық. Үшеуі де Қызыл әскеридің «Бас санитар басқармасына» тапсырылды. Кәсіпорында Мәскеуден келгендер мен ақтөбелік жұмысшылар еңбек етті.

1941 жылы 7-қарашада Ақтөбеге Днепропетровсктегі «Большевик» шойын-мыс құю механикалық өнеркәсіп артелі көшірілді.

Алғашқыда артель Чкалов (қазіргі Орынбор) қаласына тасымаланған болатын. Оны Киров атындағы зауыт базасына орналастыруға шешім қабылданған екен. Бірақ Киров зауытының өз жүктемесі артып, «Большевик» артелі Ақтөбе қаласына жіберілді. Сол жылы 31 бірлік құрал-жабдық, 48 жұмысшы мен олардың отбасы келді. «Автотракторсбыт» қоймасына орналастырылды. 1942 жылы «Большевик» артелі №6 зауыт деп аталып, әуе өнеркәсібі үшін арматура шығарды. 1967 жылдан бастап зауыт «Ақтөбесельмаш» деп аталды.

Сонымен бірге, 1941 жылы Ақтөбенің Жайсаң стансасына Мәскеуден № 2-автобронтанкісін жөндеу базасы үш эшелонмен жеткізілген. Әскери қызметкерлер, инженер-техниктер мен жұмысшылар және олардың отбасы мүшелері бар, барлығы 800-ден астам адам көшіп келді. Бұл нысанның құпиялығы соншама, тіпті 40 шақырым радиусте «күмәнді» деген адамдар тексеріліп, шектеулер қойылған.

1941 жылы 19 желтоқсанда Ақтөбе облыстық еңбекшілер депутаттары кеңесі мен облыстық партия комитетінің шешімімен №14-Мәскеу жүн өңдеу кәсіпорны да орналастырылды. Оны теміржол техникумының ғимаратына орналастырды. Жұмысшыларға да 350 жатын орын дайыналды. Жалпы соғыс жылдары Ақтөбе облысына «Витебск спирт зауыты, «Черниговск типографиясы», «Мәскеурентген» зауыты, «Большевик» артелі, Харьков «Жылуэлектржоба бөлімі»,  «№14- Мәскеу жүн иіру» кәсіпорны Ақтөбе қаласына жеткізілсе, Жұрын стансасына экскаватор шеберханасы, Бершүгір стансасына қиыршық тас зауыты орналастырылды.

Сонымен бірге 1941-1942 жылдар аралығында бірнеше әскери училище көшірілді. В.П. Чкалов атындағы ұшқыштардың әскери – әуе мектебі, Бердичев жаяу әскер училищесі, 1942 жылы Бершүгір ауылына Камышинск танк училищесі жеткізілді. Мәскеудегі қолөнер училищесінде білім алып жүрген адамдар Ақтөбедегі өнеркәсіп жұмысына жұмылдырылды.

Соғыс жылдары өңірге бірнеше госпиталь эвакуацияланды. Барлығы 1700 кереуеттік госпитальдер Алға, Шалқар аудандары мен Ақтөбе қаласына орналастырылды. Қонақүй, перзентхана, интернат пен мектептер госпиталь қызметін атқарды. Ал 1941 жылы Харьковтан балалар туберкулез санаторийі көшірілді. Санаторий үшін құрылыс техникумының жатақханасы мен №6 қазақ орта мектебінің ғимараты берілді.

1941 жылы Ақтөбенің Қобда ауданына Қалмық мемлекеттік драма театры көшіріліп әкелінді. Элиста қаласынан эвакуацияланған театр ұжымының алаңсыз жұмыс істеуі үшін аудандық клуб берілді. Сонымен бірге соғыс жылдары Ақтөбе қаласында Т.Г. Шевченко атындағы Днепропетровск драма театры жұмыс істеп тұрды. Теміржол мәдениет үйіне орналасқан театр, қала тұрғындары үшін, барлығы 14 спектакль сахналады.

Өнеркәсіп, білім ордалары мен мәдениет ошақтарынан өзге де адамдар эвакуацияландыру мақсатында облыс басшылығы 1941 жылдың 23 шілдесінде «Эвакуацияланған тұрғындарды қабылдау және орналастыру» туралы шешім қабылдаған болатын. Алдымен олардың жатын орнын дайындау, ауылдарда жер аударылғандарға арналған үйді босату, оларды күтіп алу, теміржолдан ауылға дейін жеткізу ұйымдастырылды. Оларды жұмысқа қабылдағанда бір реттін жәмдемақы беру міндеттелді. 1941 жылдың тамыз айында облыста 3 мыңнан астам адам эвакуацияландығы туралы мәлімет бар. Олардың ішінде, қолхоздарға 1800-ден астамы жіберілсе, өндірістік өнеркәсіп жұмысына 500 адам тартылды. Эвакуацияланғандар арасында есепші, тігінші, сатушы, инженер мен техник мамандықтарын иеленгендер мен үй шаруасындағы адамдар болды.

Ал 1942 жылдың 10-қаңтарында 28 мыңнан астам адам келді. Олардың үштен бірі еңбекке қабілетті, 9 мыңнан астамы  бала, өзгесі жұмыс істей алмайтын ересектер. Көбі Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьков, Днепропетровск, Курск және  Черниговадан болған.

«Арнайы жер аударылғандар» саны 24 мыңға жеткен. Олардың арасында поляк, молдавандар басым. Астрахань мен Қырым тұрғындары да көп. Сол жылдары өңірге 10 мыңға жуық немістер эвакуацияланды.

52 «Испандық саясиэмигранттар» келген. Олар механикалық зауытта, денсаулық сақтау саласы мен совхозда жұмыс істеген. Тағы бір жайт бар. 1942 жылдың 16 маусымында Ақтөбе облысының Темір ауданына Сталинградтан 110 бала әкелінді. Франк және Кольбск сәбилер үйінің тәрбиеленушілері ауданда тұрғындар мен басшылардың қамқорлығында болды.

Ақтөбе өңірінен мыңдаған адам майданға аттанса, дәл сол майдан аймағынан мыңдаған адам келіп, пана тапты. Бірі өндіріс жұмысына үлес қосса, тағы бір тобы денсаулық, білім, мәдениет саласын қатар алып жүріп, совхоз-колхоздарда еңбек етті.

 

Дәулет ӘБЕНОВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университетінің доценті

 

https://bilimdinews.kz/?p=103481