Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жошы ұлысының егемендігінің 750 жылдығына арналған конференция

Жошы ұлысының егемендігінің 750 жылдығына арналған конференция

Жұбанов университетінің тарих факультеті «Жошы Ұлысы және оның Орталық Азия мемлекеттерінің тарихындағы рөлі. Жошы ұлысының егемендігінің 750 жылдығына орай» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.  Конференцияға Нұрсұлтан, Алматы, Санкт-Петербург, Ташкент, Саратов, Қызылорда, Орал, Ақтөбе және өзге де қалалардың  тарихшылары қатысты.

Тарихшы ғалымдар Алтын Орда тарихының негізгі кезеңдеріне тоқталып, мемлекеттік басқарудан бастап дәстүрлі қоғамның құқықтық жүйесіне дейінгі тақырыптарды қозғады.  Сондай-ақ, тарихшылар Жошы ұлысындағы жария құқық және мемлекеттік басқару, Алтын Орда тарихының соңғы кезеңіндегі Ақ Орда сұлтандары мен Тимуридтер, Жошы ұлысының экономикасындағы қалалардың рөліне жіті тоқталды.

Өз кезегінде заң ғылымдарының кандидаты, доцент Роман Почекаев (Санкт-Петербург қаласы) Жошы ұлысының құқықтық жүйесі туралы баяндаса, профессор Берекет Кәрібаевтың (Алматы қаласы) «Алтын Орда тарихының соңғы кезеңіндегі Ақ Орда сұлтандары мен Тимуридтер» тақырыбындағы баяндамасы конференция қатысушыларының қызығушылығын  тудырды.

Одан кейін сөз тізгінін алған «Сарайшық» мұражай-қорығының директоры, профессор Әбілсейіт Мұхтар Сарайшық қаласындағы қазба жұмыстары туралы, оның алғашқы нәтижелері мен ортағасырдағы қаланың рөлі туралы кеңінен тарқатып айтты. Ал, тарих ғылымдарының докторы  Арман Бисембаев Ақтөбе облысы аумағындағы Алтын Орда дәуіріндегі археологиялық ескерткіштерді сипаттап, осы кезеңнің Қызыл там және Абат-Байтақ атты екі бірегей ескерткіштері жайында құнды материалдармен бөлісті.