Суббота, Май 30, 2020
Басты > Жаңалықтар > Ғалым есімі ұмытылмайды

Ғалым есімі ұмытылмайды

Қазақ ғылымы мен әдебиетінде өзіндік орны бар белгілі қоғам қайраткері, әрі ғалым, ағартушы ұстаз Мұхтар Арын тірі болғанда бүгін 84 жасқа толар еді.  Мұхтар Ғалиұлының есімін ақтөбелік жерлестері жадынан шығармақ емес…

Мұхтар Арын —  қазақтан шыққан тұңғыш лингвист-ғалым Құдайберген Жұбановтың есімін педагогикалық институтқа беруді ұсынған тұлға. Ол Тама Есет батырға кесене тұрғызып, тәлім-тәрбиенің тереңі тарихтың қойнауында жатқанын ұғындырды. 1983 жылдан өмірінің соңына дейін Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланып, бірнеше жыл Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған абыройлы азаматтың артында қалдырған рухани мұрасы өте көп. Белгілі ғалым облыс орталығындағы әлеуетті зор жоғары оқу орнының ілгері дамуына өлшеусіз үлес қосып, ұрпақ зердесінде өшпестей із қалдырған танымал тұлға.

Университет тарихында ойып орын алған ірі  тұлғалардың есімдерін жаңғыртып, ғимараттар мен оқу кабинеттеріне беру игі дәстүрге айналған.  Жұбанов университетінің бас ғимаратының Мұхтар Арын есімімен аталуы да бекерден-бекер емес… Осындай ардақты тұлғалардың халқының игілігі жолындағы істерін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында жасалып жатқан жұмыстар көп. Олардың есімдерін ұрпақ жадында жаңғырту мақсатындағы істер алдағы уақытта да жалғасын таба береді…

Айта кетейік, Мұхтар Арын – Жетісу өңірінің перзенті, ол бұрынғы Талдықорған облысы Ақсу ауданында 1936 жылы дүниеге келген. Ол кеңестік кезеңде жабылып қалған қазақ мектептерін ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қайта ашылуына, жер-су атауларының қазақша аталуына үлесін қосты. Сондай-ақ, тарих қойнауында қалған арыстар мен абыздардың еңбектерін зерттеген ғалым, «Бес анық» тәрбие туралы толғамдарының авторы.