Среда, Апрель 17, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе өңірлік университеті: Білім ордасының кеңестік кезеңде қуғынға ұшыраған басшылары

Ақтөбе өңірлік университеті: Білім ордасының кеңестік кезеңде қуғынға ұшыраған басшылары

Саяси қуғын-сүргін зұлматтарының әсері отызыншы жылдары білім ордаларында қызмет атқарған зиялы азаматтардың тағдырын қиды. Сондай зиялы қауым өкілі – орта мектептер үшін жоғары білікті мұғалім кадрлар дайындау мақсатында Қазақ КСР ХКК-нің 1931 жылдың тамыз айындағы жалпыға бірдей жеті жылдық білім беруді енгізу туралы қаулысы, Қазақ КСР-і халық ағарту комиссариатының (қазіргі ҚР ҒжБМ) №163 қаулысы, 1934 жылғы 13 желтоқсандағы Ақтөбе облыстық БКП(б) бюросының №65 қаулысы негізінде жоғары білім беретін екі жылдық Ақтөбе мұғалімдер институты ретінде ашылған облыстағы тұңғыш жоғарғы оқу орны, қазіргі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тұңғыш директоры қызметін 1934-1936 жылдары атқарған атқарған Зәлиев Нұғман еді.

Нұғман Зәлиұлы 1888 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жанғала ауданының №7 ауылында дүниеге келген. ҚазАКСР Халық ағарту комиссары (1922-1924), ҚазОртАтКом мүшесі (1922-25). Ол Ордадағы қалалық орыс-қазақ Романов училищесін, училище жанындағы педогогикалық курсты бітірген. Орынборда төрт жылдық Мұғалімдер семинариясын, кейін, 1924 жылы екі сатылы саясиағарту Мектебін тәмәмдаған. 1905-1917 жж Бөкей Ордасында, Хан ордасы ауылында орыс-қазақ мектебінде мұғалімдік қызметте болады. 1905 жылдан бастап шыға бастаған «Қазақстан» газетінің шығарушыларының бірі болды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қатысушысы. 1917-18 жж Новая Казанка ауылында мұғалім, 1918-20 жылдардың аралығында Бөкей облыстық атқару комитетінің мүшесі, Бөкей облысы білім бөлімінің меңгерушісі, Қазақ аты әскер полкінің саси қызметкері, Жанғала, Камыш-Самар уездік атақару комиетінің председателі қызметін атқарады. 1922 жылдың 06 маусымынан Қамыш-Самар уездік комитетінің 1-хатшысы болды.

1922 жылдың қазанынан 1924 жылдың желтоқсанына дейін, яғни республиканың астанасы Қызыл Ордаға көшкенге дейін ҚазАКСР Халық ағарту комиссары болған. Сонымен қатар, 1924 жылы ҚазОртАткомның жанындағы Орталық балалар комиссиясының төрағасы қызметін қоса атқарған. 1925-26 жж Гурьев уездік аткару комитетінің төрағасы, 1927-28 жылдары Орал губерниялық комитеті «Қосшы» кедейлер Одағының төрағасы, 1928-29 жж. Орал округтік білім беру бөлімі меңгерушісі болса, 1929-1931 жылдары Алматыда рабфактің (Жұмысшы факультеттерінің), соңынан, Қостанай оқу-ағарту институтының директоры қызметінде жүрген кезінде алғаш рет себептен-себепсіз Біріккен мемлекеттік саяси басқармасы Қостанай бөлімінің (ОГПУ) қызметкерлерімен 1933 жылы 4 желтоқсанда тұтқындалады. Көп ұзамай екі айдан соң, 1934 жылы 10 ақпанда кінәсі ділелденбегендіктен Ақтөбе облыстық БМСБ (ОГПУ) бөлімінң шешімімен ақталып шығып, Ақтөбе губерниясының Халық ағарту басқармасы бастығы қызметіне тағайындалады.

1934 жылы желтоқсанда жоғарыда Ақтөбе екі жылдық мұғалімдер институтына директорлық қызметке алынады. Бастапқыдан-ақ тәжірибелі, кәсіби педагог Нұғман Залиев оқытушылар құрамын жасақтау, студенттер контигентін қалыптастыру және институт жұмысын жан-жақты ұйымдастыруды шебер атқарады. Жаңадан ашылған педагогикалық институттың алғашқы оқу корпусы Ақтөбе облыстық әскери комиссариаты орналасқан бұрынғы Жоғарғы коммунистік ауылшаруашылық мектебі ғимаратында оқу пункті ретінде 12 бөлмеде орналасқан. 1935 жылы директор Н.Зәлиевтің бастамасымен Ақтөбе педагогикалық институтының студенттер контингенті педагогикалық техникумдар мен жоғары класс оқушыларын тарту есебінен қосымша толықтырылды.10 қаңтардан бастап, Ақбұлақ педагогикалық техникумы үшінші курсының 11 оқушысы, 13 қаңтардан – Қостанай педагогикалық техникумының 19 оқушысы, 15 қаңтардан – Арал қаласы онжылдық мектебінің 9-шы класының 11 оқушысы институтқа қабылданды.

1936-1937 оқу жылында профессорлық оқытушылық құрамның сапалық деңгейі жұмысқа қабылданған оқытушылар есебінен көтеріледі. Жаңа құрамдағы 15 адамның 1-уі – профессор, 7-уі – доцент, 7-уі оқытушы болды. Бір жылдан кейін 1936-37 жылы Орынбордағы қазақ мұғалімдер курсының директорлығы қызметінде жүрген кезінде, тағдыры Құдайберген Жұбановпен ұқсас Нұғман Залиев 1937 ж. 22 қыркүйекте ІІХК органдары тарапынан тұтқындалып, 1938 ж. 15 ақпанда КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясы «үштігінің» қаулысымен РКСРФ-ның (РСФСР) Қылмыс кодексінің 58-2, 58-8, 58-9, 58-11 баптары бойынша айып тағылып, қуғын-сүргінге ұшыраған 57 адаммен Ақтөбе қаласынан 25 шақырым жердегі Түйетөбе мекенінде бірге атылды. Жыл сайын қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні жас жұбановшылар білім ошағының тұңғыш директорының басына барып тағзым жасайды. 1959 жылы 23 қаңтарда Жоғары соттың шешімімен толығымен ақталды.

Оқу орнының екінші директорының тағдыры да осыған ұқсас. Н.Залиевтың Орынбор қаласындағы мұғалімдер курсының директорлығына ауыстырылуына байланысты, 1936 жылдың 3 мамырында институттың директоры қызметіне Берн университетінің (Швейцария) түлегі, профессор С.Т.Шейнессон тағайындалды. Жаңа директор институт жұмысына көптеген жаңалықтар енгізді. 1936 жылдан бастап институтта «Қазақ тілі және әдебиеті» бөлімі ашылып, алғашқы студенттер қабылданды. Ақтөбе педагогикалық институтына келгенге дейін 23 жылдық ғылыми педагогикалық өтілі бар С.Т.Шейнессон тәжірибелі маман, кең ойлы ғалым, полиглот (француз, ағылшын, неміс тілдерін еркін меңгерген) ретінде өңірімізде педагог кадрларды дайындаудың алғашқы дәстүрлерін қалыптастыруға үлкен үлес қосты. С.Г.Шейнессон 1937 жылы 19 наурызда ашылған екі жылдық Шымкент мұғалімдер институты, қазіргі Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің тұңғыш басшысы қызметіне тағайындалып, кейін қуғындалады. Өкінішке орай, ол кісінің суреті тұрмақ, бірде-бір жеке іс-қағаздары сақталмаған.

 

Даулет АБЕНОВ, 
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік мемлекеттік 
университетінің
доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

 

https://bilimdinews.kz/?p=105831