Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Білім > Мамандық таңдау — маңызды шешім

Мамандық таңдау — маңызды шешім

Биылғы мектеп түлектерінің болашағына жарқын жол бастайтын таңдауларын жасайтын кездері де алыс емес. Болашақ мамандықты қателікке ұрынбай таңдай білу ең маңызды шешімдердің бірі екендігі сөзсіз. Сондықтан талапкерлерге жөн сілтеу парызымыз.
Алда тұрған тағы бір күрделі мәселе – қандай оқу орнын таңдаған дұрыс? Осы сұрақтар төңірегінде білім саласында тәжірибесі мол парасатты ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.

— Құрметті Бауыржан Аманкелдіұлы, мектеп бітіруші түлектердің үлкен өмірге қадам басар кездері де таяу. Талапкерлерге өзіңіз басшылық етіп отырған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жайында толығырақ айтып өтсеңіз?
— Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Батыс өңіріндегі жарты ғасырлық тарихы бар ең іргелі оқу орны. Студенттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруге университет базасында толық жағдай жасалған. Қазіргі уақытта университет пайдалануында заманауи кабинеттер мен зертханалармен жабдықталған 8 оқу корпусы, 2 спорт кешені, спорт құрылысы, жүзу бассейні, 2 студенттік жатақхана, студенттік емхана, жастар сарайы, студенттер сарайы, агробиобекет, теннис корты бар. 500 орындық жатақхана салынып жатыр, жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, университет жанында «Конфуций институты» жұмыс жасайды
Ұзақ жылдар бойы дәстүрі қалыптасқан, білікті де білімді ұстаздар қауымының әлеуеті жоғары. Университет оқытушылары халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары, білім беру ісіндегі қызметтері үшін түрлі гранттардың иегерлері, бірқатар оқытушылар медальдармен, алғыс хаттармен және төсбелгілермен, «ЖОО-ның үздік оқытушысы» мемлекеттік грантымен марапатталған.
Жоғары оқу орны білім берудің әлемдік үдерісіне еніп, бәсекелестік қабілетін нығайту үшін шетелдік көптеген беделді оқу орындарымен жемісті байланыс орнатқан. Оқытушылар шетелде ғылыми тағылымдамадан өтіп, студенттер алмасу дәстүрге айналған.
Шетелдік оқу орындарымен онлаин режимінде телеконференциялар өткізіліп тұрады. Студенттерге университет қабырғасында ғылыми жұмыстармен айналысуға толық жағдай жасалған. Салауатты өмір салтын берік ұстанатын студент спортшыларымыз облыстық, республикалық, әлемдік деңгейдегі сайыстарда биік белестерді бағындырып, жүлделі орындарды иеленіп келеді.

— Университетте қандай мамандықтар дайындалады?
— Бүгінде университеттің білім беру жүйесінде 8 бағытпен бакалавриатта 55 мамандық, магистратурада 15, докторантурада 1 мамандық дайындалады. Материалдық-техникалық базасы жеткілікті. Негізгі іргетасын педагогикалық мамандықтардан құраған 50 жылдық тарихы бар оқу орнында педагогикалық мамандықтардың барлығы дерлік дайындалады. Техникалық мамандықтардың да материалдық базасы көңіл толтырарлық. Университет құрылымында экономикалық, құқық, педагогикалық, физика және математикалық, тіл, тарих, техникалық, шетел тілдері, жаратылыстану бағыттары бойынша университетте 10 мыңға жуық студент білімін шыңдауда.

— Қазіргі таңда еліміз үшін қандай мамандықтар сұранысқа ие деп ойлайсыз?
— Мамандық таңдау — өте жауапты дүние. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру үшін ата-анамен бірге мектептегі ұстаздар, ЖОО оқытушылары да үлкен жауапкершілікпен қараған дұрыс. ЖОО мен мектеп арасында тығыз қарым-қатынас орнауы тиіс. Мамандық мәселесі қиындап бара жатыр. Бұрынғы кезде бір мамандықты оқып алып, содан зейнеткерлікке шыққанша сол мамандық бойынша жұмыс жасайтын еді. Қазіргі заман басқа. Осыған орай қосарланған мамандықтар ашу жоспарланып отыр. Жастар әркез белсенді, мобильді болуы қажет. Барлық мамандық иелері компьютерді жетік меңгеруі керек.
Бала 7-8 сыныптан бастап нақты қандай пәнді таңдайтынын, қандай мамандыққа баратынын таңдап қоюы тиіс. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек.
Қазіргі таңда Елбасы Н.Ә.Назарбаев гуманитарлық пәндерге айрықша назар аударуда. Осыдан 10-15 жыл бұрын экономист, заңгер мамандықтарды таңдаған жастардың легі көп болды. Елімізде қазіргі уақытта техникалық мамандықтарға деген сұраныс жоғары. Психолог мамандар болашақта ең сұранысқа ие мамандықтардың біріне айналады. Шетелде ауқатты адамдардың барлығында өзінің жеке дәрігері, психологы, заңгері бар. Ең бастысы, еліміздің жарқын болашағы үшін – кәсіби білікті, үш тілді еркін меңгерген, жаңашыл мамандар қажет.

— Сіз мамандығыңызды қалай таңдадыңыз?
— Жастардың мамандық таңдауында белгілі бір тұлғаның ықпалы зор болады. Абай атамыз айтқандай «Болмасаңда ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дейді. Біз ауыл баласы, ол кезде біз үшін мұғалімнің ықпалы өте зор болды. Мектепте әдебиеттен сабақ беретін ұстазым өзімнің анам Фарида Сұлтанбекқызы өте білімді, тұлғалы жан. Сол кісіге еліктеп, соған ұқсасақ деп өстік. Менің әдебиетті таңдап, әдебиетші болуымның басты себебі осында деп ойлаймын. Мүмкін мықты дәрігерді, мықты математикті көргенде басқа жолды таңдар ма едім…

— Ғылым докторы, ғалым, жанашыр аға ретінде жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
— Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылғы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында бес негізгі басымдылықты атап көрсетіп, соның төртінші басымдығын адами капитал сапасын жақсартуға арнады. Елбасының мемлекеттің қарқынды дамуы үшін жасаған стратегиялық бағдарламаларындағы міндеттер барлық қазақстандық азаматтардың жауапкершілігімен ғана жүзеге аспақ. Адами капитал дегеніміз – ең алдымен студенттердің білім сапасын арттыру. Білімді ұрпақ – мемлекеттің тірегі. Сондықтан жастарға айтар ақыл кеңесім, қазіргі уақыт білімді, өз кәсібін толық меңгерген, шетел тілін білетін жастардың уақыты. Көп оқыңдар, көп ізденіңдер дегім келеді. Дұрыс таңдау жасау — өз қолдарыңызда!

— Әңгімеңізге рахмет!