Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Құдайберген ЖҰБАНОВ: Қазақтың көрнекті ғалымы қалай репрессия құрбанына айналды?

Құдайберген ЖҰБАНОВ: Қазақтың көрнекті ғалымы қалай репрессия құрбанына айналды?

Отызыншы жылдардың қуғын-сүргін зұлматы жаңа ғана дамып келе жатқан қазақстандық ғылымды аяусыз тұншықтырып бақты. Қазақтың небір саңлақтары сұм саясаттың құрбанына айналды. Көбі қамал бұзар қырығында айдаудың зорлық-зомбылығын бастан кешті. Солардың бірі, 85 жылдық тарихы бар Батыс өңірдегі ірі білім ордасы атын иеленген – Құдайберген Қуанұлы ЖҰБАНОВ.  

Қазақстың тұңғыш лингвист-ғалымы, түркітанушы, профессор Қ.Жұбанов бұрынғы Орал облысы Темір уезі Темір-Орқаш болысының 9-ауылындағы Қосуақтам деген жерде (қазіргі Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы, «Жаңа тұрмыс») 1899 жылы 19 желтоқсанда дүниеге келген. Білімі жоғары – гуманитарлық. Қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалаушылардың бірі. 1935 жылдан КСРО Ғылым академиясының қазақстандық филиалының президиум мүшесі болған. Олай дейтініміз, аталған филиал одақтық академияның филиалы ретінде 1932 жылы Алматы қаласында ашылған болатын. Қ.Жұбанов 1904-1912 жылдары Оспан ишанның мешітінен дәріс алып, араб тілін үйренеді, бастапқы білімін әкесі Қуан ашқан ауыл мектебінен алады. 1912-1914 жылдары екі кластық Жұрын мектебін үздік тәмамдайды.

Білімін 1914-1916 жылдары Орынбордағы «Хусайния» медресесінде жалғастырады. 1917-1918 жылдары Күйік қаладағы (Елек қаласы) екі кластық орыс училищесіне түсіп, оны мерзімінен бұрын бір жылда үздік бітіріп шығады. 1918-1920 жылдары ауылдық мектептің мұғалімі, кейін Көлденең Темір болыстық совдепінің хатшысы, одан кейін төрағасы болып қызмет етеді. Күйік қалада – «Тез», ал Темірде «Ай» атты журнал жұмысын ұйымдастырып, оның бетінде М.Горькийдің «Сұңқар туралы жыр», «Дауылпаз туралы жыр», «Хан мен ұлы», т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударып жариялаған. «Ай» деген өлеңі жоғарыда аталған журналдың беташары ретінде жарияланады. Көпшілік көкейіне тез қонатын сықақ, фельетондары сахнада, сауық кештерінде айтылып жүрсе, кейбіреулері «Еңбекші Қазақта» жарияланған.

Құдайберген Жұбанов 1920-1922 жылдары Темір әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде халық бақылаушысы болып қызмет атқарады. 1922-1923 жылдары Темір аудандық атқару комитеті мүшесі, 1923-1925 жылдары Темір уездік халық ағарту бөлімінде инспектор болады. 1928 жылы Ленинград (Қазіргі Санкт-Петербург) шығыс тілдері институтында, ал, 1929-1932 жылдары КСРО Ғылым академиясы Тіл және ойлау институты, Шығыс тілдері институтының «Жалпы тілтану және түркі тілдері мамандығы» бойынша аспирантурада оқиды. Профессор Қ.Жұбанов өзінің анкеталық құжаттарында парсы, араб, неміс, түрік, монғол, грузин, чуваш, коми, орыс және бірнеше түркі халықтарының тілдерін меңгеретінін көрсеткен. Кей деректерде, зерттеушілердің айтуынша «18 тіл білген» деген мәліметтер кездеседі. 1925 жылы Ақтөбе губерниясының Халық ағартушылар съезіне қатысады. 1925-1928 жылдары губерния орталығы Ақтөбедегі губерниялық халық ағарту бөлімінің инспектор-методисі қызметін атқарады және педтехникумның (осы күнгі педколледж) мұғалімі болады. Ақындық, жазушылық өнерімен де танылып, өлең, пьеса жазған.

1928-1929 жылдары Қазақстандағы тұңғыш ашылған оқу орны Қазақ педагогикалық институтында Салыстырмалы түркология кафедрасында ғылыми қызметкер болып жұмыс жасайды. 1932 жылдан бастап 1937 жыл бойы аталған оқу орнында кафедра меңгерушісі, профессор қызметін тастаған емес. 1933-1937 жылдары ҚазКСР Халық ағарту комиссариатында Оқу-әдістемелік кеңестің, ҚазКСР-і Мемлекеттік терминологиялық комиссияның төрағасы, «Мемтерминком бюллетені» журналының бас редакторы қызметін атқарады. 1936-1937 жылдары КСРО ҒА ҚФ-ның Ғылыми секретарі, Президиум мүшесі, «Қазақ тілінің академиялық сөздігінің» бас редакторы болады. 1935-1937 жылдары Жаңа (латындалған) алфавиттің Бүкілодақтық Орталық Комитеттің, Қазақстан ұлттық мәдениет институтының ғылыми кеңесінің мүшелігінде болады. 1935 жылы Қазақ Орталық Атқару комитетінің мүшесі, ХУІ Бүкілресейлік Кеңестер сьезінің делегаты болып сайланады. «Қазақстанның 15 жылдығы» Құрмет белгісімен марапатталған.

Ғалымның 100-ден астам ғылыми мақалалары, еңбектерінің 8 басылымы және оның редакторлығымен 7 кітап жарық көрген. 16 зерттеуі баспаға тапсырылған, бірақ баспада жоғалған. Құдайберген Жұбанов 1937 жылы 19 қарашада Алматы облысы ІІХКБ-мен РКСРФ ҚК-нің №№ 58-6, 58-8, 58-9, 58-11 баптарымен «халық жауы» деп айыпталып, тұтқындалған. 1938 жылы 25 ақпанда жаппай ату жазасына қиылған алғашқы күні КСРО Жоғары соты Әскери коллегиясының шешімімен Қазақстанның көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткерлерімен бірге Алматы облысы, Талғар ауданы Жаналық ауылының жанында атылған. Сол Әскери коллегияның шешімімен «қылмысы жоқ» деп танылып, 1957 жылы 3 қазанда толығымен ақталған (бұл деректер «КСРО-дағы саяси террордың құрбандары» базасының мәліметтерінен алынды).

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғалымның есімі еліне оралды. Құдайберген Жұбанов есімі 1990 жылдың 23 ақпанындағы №72 Үкімет қаулысымен Ақтөбе педагогикалық институтына, қазіргі Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне, Қарғалы орта мектебіне Жұбановтың есімі берілді. Ғалымның 100 жылдығы құрметіне есімін жас ұрпақ санасында мәңгілік сақтау мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен 1998 жылы университет жанынан Қ.Жұбановқа ескерткіш ашылды. 2017 жылдан бастап университетте «Жұбанов кітапханасының» 100 кітап жобасы бойынша ғалымның мұрасына арналған зерттеулер мен еңбектер жарық көруде. Абайдың 175 жылдығына орай «Жұбановтан Абайға» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылды. 2019 жылғы «Жастар жылы» аясында «Zhubanov Cinema» кинозалы, «Жұбанов галереясы», «Жұбанов жылыжайы», «Жұбанов жастары» аллеясы ашылды.

Жұбановтың ғылыми мұрасына арналған 10 ғылыми диссертация қорғалып, 756 мақала мен еңбек, «Жұбановтану жылнамасына» арналған 46 зерттеу жарық көрді. 18 ғылыми конференция, семинарлар материалдары жарияланды. Қазір университетте «Жұбановтың 100 жаңа есімі» «Жұбанов жылуы», «Жұбанов керуені» жобалары қолға алынуда. Ақтөбеде «Ағайынды Жұбановтар» атындағы көше, «Жұбановтар әлемі» орталығы бар. Құдайберген Жұбанов есімінің осылай ұлықталуы тек унверситет үшін ғана емес, республика үшін де биік мәртебе.

 

Дәулет АБЕНОВ, 
Қ.Жубанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университетінің доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты 

 

https://bilimdinews.kz/?p=106675