Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Түрколог-ғалымдар бас қосты

Түрколог-ғалымдар бас қосты

Жұбанов университетінің Халықаралық ынтымақтастық орталығының жоспарына сай халықаралық вебинар ұйымдастырылды.

«Түркі тілдерін оқытудағы инновация (компьютерлік-лингвистикалық жобалар) тақырыбында өткен халықаралық вебинарды университеттің ғылым  және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров ашып берді. Университет проректоры өз сөзінде  түркі дүниесінің ортақ дүниелеріне арнайы тоқталып, түркі әлемін жақындастыратын семинар жұмысының маңыздылығын ерекше атап өтті. Әрі қарай халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры Гүжан Шоқым жүргізіп, халықаралық семинар жұмысына сәттіліктер тіледі.

Түркітілдес мемлекеттер және Түркияның  жоғары оқу орындарынан белгілі филолог, түрколог-ғалымдар Ораз Сапашев (Стамбул университеті), Орхан Сөйлемез (Кастамону университеті), Якуб Челик (Йылдыз техникалық университеті, Стамбул), Йылдыз Исмайлова (Карабюк университеті), Кемале Алекберова (Еуразия университеті, Азербайжан) мен өзге де ғалымдар,  докторанттар қатысты.

Ғылыми жиынға қатысушылар түркітану мәселелері, оқытудағы жаңашылдықтар, компьютерлік жобалық жұмыстардың барысы және оқытудағы жаңа үдерістер, Түркияның жоғары оқу орындарымен  халықаралық байланыстырды нығайту жөнінде тың ойлармен бөлісті.

Халықаралық деңгейде өткен іс-шара соңында қатысушылар  тақырыптар туралы пікір алмасып, әр түрлі ойларын ортаға салу арқылы қашықтық жүздесуін мазмұнды ұйымдастыра білді.