Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мектеп түлектеріне Қ.Жұбанов атындағы білім гранты табысталды

Мектеп түлектеріне Қ.Жұбанов атындағы білім гранты табысталды

Бүгін Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков мектеп бітіруші түлектерді құттықтап, олардың алдағы қадамдарына сәттілік тіледі.

Оқу ордасының басшысы биылғы жылы «Жұбанов керуені» жобасы аясында  Ақтөбе облысының барлық ауыл-аймағы мен қала мектептерін аралап, жастарға дұрыс мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруде 6000-нан астам мектеп бітіруші және 900-ге жуық колледж түлектерімен кездескенін атап өтті.  Аталған жоба аясында 45 түлекке  Қ.Жұбанов атындағы білім грантының сертификаты табысталды.   Олар осы жылы  «Менің таңдауым – Жұбанов» девизі бойынша қара шаңыраққа оқуды мақсат етіп отыр.

Ректор өз сөзінде өңірдегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 25 баланың Жұбанов университетінде білім алуға грант алатыны туралы мәлімдеді.

Еске салсақ, Жұбанов университетінде жастарды әлеуметтік қорғау мақсатында біраз жобалар іске асырылуда. Университетте оқу ақысына жеңілдіктер беру ережесі бекітілген.  Студенттердің білім, ғылым, өнер саласындағы жетістіктері, отбасы жағдайы ескеріліп, соңғы 2019-2020 оқу жылында категориялар бойынша 752 студентке 25-100%-дық жеңілдіктер берілді . Нақтылай кетсек, жетім балалардың оқу ақысына 100%, көп балалы отбасынан шыққан үздік студенттерге 50% жеңілдік беріледі. Сонымен қатар оқуда, спортта немесе шығармашылықта жетістіктері бар талапкерлер мен білім алушылар Қ.Жұбанов атындағы білім грантына немесе стипендияға үміткер бола алады. 200-ге жуық студентке өңір демеушілері мен кәсіпорындары қаржылай қолдау көрсетуде.

Айта кетейік, ректор  Бауыржан Ердембеков түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарды қанатының астына алып, үнемі қолдау көрсетіп отырады. Бұл ретте білімнің киелі шаңырағына баланатын Ақтөбедегі іргелі оқу орнының сексен бес жылдық мерейлі датасына орай университет басшылығы  тарапынан мүмкіндігі шектеулі, түрлі байқаулардың жеңімпаздары, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және толық емес отбасынан шыққан мектеп бітірушіге 85 білім гранты бөлініп отыр.

Бүгін онлайн режимінде ұйымдастырылған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға сертификат тапсыру рәсіміне Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, Ақтөбе колледждерінің директорлары және мектеп түлектері  қатысты.