Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Биыл грант саны 53 мыңнан асады

Биыл грант саны 53 мыңнан асады

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Есеп беру кездесуі министрліктің және министрдің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында онлайн форматта жүргізілді. Онлайн режимде өткен халық алдында есеп беру кездесуінде ведомство басшысы 2019 жылы атқарылған шараларды атап, білім сапасы және мұғалімдердің жалақысын көтеру сынды өзекті мәселелерге тоқталды.

— Өткен 2019 жыл білім және ғылым саласы үшін өте маңызды жыл болды. Жылдың басты оқиғасы — еліміздің тәуелсіздік тарихында алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Екіншіден 2025 жылға дейінгі білім және ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітіліп, іске асырылып жатыр. Бұл құжаттардың білім және ғылым саласы үшін тарихи маңызы бар екені сөзсіз», — деді министр.

Оның айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» заң мұғалімдердің жұмыс барысындағы түрлі мәселелерін шешуге, ең бастысы олардың  міндеттеріне жатпайтын артық жүктемелерден босатуға материалдық және моральдық жағынан ынталандыруға бағытталған.

— Барлық педагог қызметкерлердің  демалысы 56 күнге ұлғайды. Жалпы педагогтердің құқықтарын бұзу фактілері орын алған жағдайда тұрғылықты жері бойынша сапаны қамтамасыз ету департементтері бар. Сол департаменттердің құзіреттілігіне берілген мәселелер бар. Қазірдің өзінде осы санкциялар бойынша тиісті шаралар қабылданғанын айтқым келеді. Бірнеше облыста біздің әріптестеріміз мектеп басшылары болса да ата-аналарға болса да осындай нақты тиісті жауапкершілік бойынша шаралар қолдана бастады. Бұл жұмысты біз әрі қарай да жалғастырамыз, — деді Асхат  Аймағамбетов.

Министр халық алдында есеп беру кездесуі барысында жоғары оқу орындарындағы еңбекақы мәселесіне тоқталды. 

— Жоғары білім беру бойынша тоқтала кетсем, жыл сайын мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді, соңғы төрт жылда мемлекеттік тапсырыс 1,3 есеге артты. Тиісінше, биыл грант саны 53 мыңнан асады. Президенттің тапсырмасы бойынша биылдан бастап грант құны артып келеді. Өздеріңіз білетіндей, ол 10 жылға жуық уақыттан бері өзгерген жоқ. Бұл ретте біз мемлекеттік жоғары оқу орындарын еңбекақы мөлшерін ұлғайтуға міндеттеп отырмыз, — деді ол.

Ведомство басшысы грант құнының артуы педагогтар жалақысының өсуіне әсер етуі маңызды екенін айтты.

— Біз қазір еңбекақы төлеу қорына жалақының ең төменгі шегін белгілеу жөніндегі мәселені талқылап жатырмыз. Грант құнының артуы педагогтар жалақысының өсуіне әсер етуі өте маңызды. Жекелеген жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың жалақысы 70-80 мың теңгені құрайтынын айтқан кезде, бұл мүлдем қисынсыз сандар екенін ескеру керек, — деді.

Министр соңғы жылы жалақы мөлшері 70, 50, 20%-ға айтарлықтай өскенін жеткізді.

— Бірақ, әлі де әлеует, деп ойламыз. Мемлекеттік тапсырыс құнының артуына байланысты ЖОО-лар да жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының жалақысын ұлғайтатын болады деген сенімдеміз, — деді А.Аймағамбетов.