Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Танымал кәсіпкер шеберлік сабағын өткізді

Танымал кәсіпкер шеберлік сабағын өткізді

2017 жылдың 12 қазанында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Құдайберген Жұбанов» атындағы  конференц-залында танымал кәсіпкер, ментор, Arman Holding КТ халықаралық холдингінің негізін қалаушысы және президенті Серікбай Бисекеев «Бәрі де өз қолыңда» атты ашық шеберлік сабағын өткізді.

Серікбай Жолдыбайұлы Бисекеев табысты мансап және бизнес құру бойынша студенттер мен кәсіпкерлерге арнап, ашық дәрістер және шеберлік сағаттарын өткізетіндігімен көпшілікке белгілі.

Шеберлік сабағына тек университетіміздің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері ғана емес, қаламыздың тұрғындары да қатысты.

Кәсіпкер шеберлік сабағын қатысушыларға өте қызықты сұрақтармен бастады. Көптеген студенттердің жоғары оқу орнына қаламаған мамандығы бойынша оқуға түсетіндігін, кейбір адамдардың жұмысқа тек күнкөріс қамымен ғана келіп, жұмыстан  не үшін қажып, шаршайтындығын алға тартты. Тіпті мұндай жағдайлардың адам денсаулығына кері әсерін тигізетіндігін тілге тиек етті.

Осылай жиналғандарды ойға сала келе, Серікбай Бисекеев «Тек сүйікті ісімен айналысқан адам ғана – кәсіби маман деңгейіне жете алады», «Ешқандай әлеуметтік желідегі ақпарат, кітаптағы ақпаратты бере алмайды. Кітап – жан азығы, рухани жан дүниесін байытам деген адам кітап оқуы керек» деген мағыналы ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ, өз-өзіңе сенімсіздік таныту, алғашқы сәтсіздіктен-ақ сағы сыну  көп адам жіберетін қателіктер екендігін айтты. Шеберлік сабағы өте жоғары деңгейде өтті. Серікбай Жолдыбайұлының тәжірибелік кеңестерін тыңдай отырып, жиналғандар өз-өзіне деген сенімділіктерін арттыра түсті. Шеберлік сабағы соңында Серікбай Бисекеев сұрақ қоюда белсенділік танытқан көрермендерге «Бәрі де өз қолыңда» және «Сделай себя сам» қазақ-орыс тілдерінде жазылған кітабын сыйлыққа тарту етті.