Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қолөнер — сырлы өнер

Қолөнер — сырлы өнер

Халқымыз ежелден күнделікті тұрмысқа қажетті өнімді қолдан жасап тұтынған.  Кең-байтақ  жерімізді  мекендеген  сақ, үйсін,  қыпшақ,  ғұн,   қарлұқ  тәрізді  көне түркі тайпаларының  мәдениетінен арқау алған қасиетті қазақ халқы қолөнерінің  тарихы тереңде. Ерлер ағаштан түйін түйсе, әйелдер қауымы киіз басып, кілем тоқып, басқада түрлі дүниелерді қолдан жасаған.

Осындай ізгі өнерді  бойына сіңірген жандардың бірі жастардың қолөнер саласын меңгеруіне  мұрындық болып жүрген ұстаз, әрбір шығармасымен  көпті елең еткізетін Университетіміздің  «Бейнелеу өнері және кәсіптік білім» кафедрасының аға оқытушысы, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі  Қонысбек Райсұлы Қоблановтың есімі де көпке  жақсы таныс.

Қонысбек Райсұлы, жалпы ұстаздық жолына қалай келдіңіз. Сол туралы айтып өтсеңіз?

Балалық шақтан нағашы атамның қасында жүріп арба оңдау, ер-тоқым жөндеулерді көргенмін. Қолөнер саласын таңдауыма  себеп сол болса керек. А.С.Пушкин  атындағы  Орал  педагогикалық  институтын  «Бейнелеу  өнері, сызу  және  еңбек  пәнінің   мұғалімі» мамандығын аяқтап, дипломдық жұмысымнан  ағаштан Орал қаласындағы бала-бақшаға ертегілер қалашығын жасаудан қорғадым. Оқу бітірген соң  Атырау  облысы,  Қызылқоға  ауданы,  Қоныстану  селосында  мамандығым  бойынша  Жаңашаруа  орта  мектебінде үш жыл сабақ  бердім. Қазірде  1992  жылдан  бастап Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Бейнелеу  өнері және сызу  кафедрасында қолөнер саласында ағашты көркемдеп өңдеу»  пәні бойынша   және қазіргі заман талабына сай суретшілерге көп көмегін тигзетін Корл программасын игеріп студенттерге дәріс беремін.

Өзіңіз шеберсіз. Қандай бұйымдарды жасайсыз? Әлде жаңғыртумен айналысасыз ба?

Жалпы, «Өнерлі адам – өрге жүзеді», — демекші, өнердің құдыреті арқылы әрқашан биік шыңдардан көрінетініміз рас. Өз қолыннан шыққан бұйымыңның еңбегінің рахатын көріп, сол істің шебері болу да үлкен мәртебі.  Қазақ қолөнері өте бай, қайталанбас қазына. Онда адам баласының талғамына сай әр түрлі бұйымдарды көреміз. Менің де жұмыстарымның қатарынан да осы алуан түрлі қазақи бұйымдардың ерекшеліктерін байқауға болады. Әрине, қазіргі қоғамның сұранысына байланысты ұлттық стильде орындалған қолөнер бұйымдарын заман талабына сай жаңғыртып та жасаймын. Сонымен қатар, ұлттық бұйымдарды  жаңғыртып, орындау арқылы оқу процесінде студенттерге де үйретемін. Мәселен, студенттер қазақтың ұлттық ыдыс-аяқтарын, үй жиhаздарын жаңа үлгіде, ұлттық нақышты сақтай отырып, практикалық сабақтарда қызығып орындайды.

Қолөнермен айналысасыз. Жеке қорыңызда қанша туындыңыз бар және осы саланы қалай дамытуға болады?

Ата-бабадан қалған көнекөз асыл мұра – қазақтың ұлттық қолөнеріне деген ықылас сонау ғасырлардан бері өз өзектілігін еш жойған емес. Ұлы Жібек жолын бойлай өтіп, айшылық алыс елдерді көшпенділер мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныстырып, қазақ даласын әлем жұртына паш етуге үлес қосқан да осы ұлтымыздың қолөнер туындылары десек артық айтпаспыз. Осы айтылған салада біраз жыл еңбек еткесін, сонымен қатар осы қызметім жаныма жақын болғасын ұлттық стильде орындалған, шығармашылық жұмыстарымның саны өте көп деп айтуға болады.

Бұрындары сатып алушылардың 80 пайыздайы шетелдіктер болатын. Ал, қазір жағдай мүлдем өзгерді дер едім. Бүгінде біздің өнімдерімізге қызығушылық танытып, сатып алатындардың 75-80 пайыздайы өз отандастарымыз. Олар тек сувенирлік бұйымдарды ғана емес, үй жабдықтарын, ұлттық нақыштағы киім-кешек пен аксессуарларды да сатып ала бастады.  Қазір Ақтөбе қаласының көшелерінде ұлттық оюмен әдіптелген киіз пальто киіп, қазақи ою басқан сөмке ұстап, ұлттық сырға, білезік, алқа таққан қыз-келіншектерді жиі көреміз. Сол сияқты, қыздың жасауына арналған көрпеше, сандық, кебеже, қоржын сынды бұйымдар да сәнге айналған. Тіпті, қалада туып-өскен ағайынның өзі ұзату, үйлену тойларының жабдығын таза қазақи жолмен жасағысы келеді. Әрине, бұл өз кезегінде қол өнері нарығына жаңа леп, серпін беріп, осы саланы дамытуға ықпал етуде. Соған сәйкес қолөнершілер қатары да толысып, кеңейіп келеді. Бұл қуантарлық жайт.

Сіздің бұйымдарыңызды тұтынып жүрген лауазымды тұлғалар бар ма?

Бұйымдар жалпы негізі халық үшін жасаймыз. Қыз жасауы, бесік түрлері соның ішінде айта кететін бір жағдай жиналмалы бесіктер қазіргі заман талабына сай. Мысалы, сәби өсе келе бесік ары қарай қызмет қылу үшін орындық-столға айналады. Тағы бір түрі жиналмалы бесік неге десеңіз жол жүрген жағдайда өз бесігін іздейтін сәбилер болады.

«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» дейді халқымыз. Мақтанатын шәкіртіңіз бар ма?

Әр жылда бітіруші түлектерден үш-төртеуі қолөнер саласында бағытталып, кәсіби деңгейде жұмыс жасап жүргендері бар. Нұрлан Жақыбаев, Айболат Қангелдин, Ғалымжан Қозыбақов, Даурен Асарбаев, Мұрат Бақыткереев, Ұлан Омаров, Әміржан Есіркепов т.б. да түлектерімді мақтана айта аламын.

 

Сұқбаттасқан: 

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ