Воскресенье, Декабрь 8, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Бейбітшілік кепілі

Бейбітшілік кепілі

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы ғимаратында «Рухани келісім — бейбітшілік тірегі» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Шара 18 қазан — Рухани келісім күніне орайластырылды.

Мақсат — Тәуелсіз Қазақстандағы конфессионалдық жағдай, діни сенім бостандығы туралы түсіндіру, ұлтаралық және дінаралық келісімнің осындағы моделі мен бұған қатысты жүргізіліп отырған жұмыстар жөнінде жан-жақты хабар беру. Отырысқа діни бірлестіктердің жетекшілері, мемлекеттік орган қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, басқа да ұйымдардың белсенділері мен журналистер қатысты.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіләлемдік конгресте манифест қабылдап, 18 қазанды Рухани келісім күні деп жариялаған болатын. Соған сәйкес, осы күнді қазақстандықтар жыл сайын атап өтеді. Бұл —  үлкен мереке. Себебі рухани келісім арқылы біз, қазақстандықтар, үлкен жетістіктерге жеттік. Қазақстанда тұрып жатқан жүзден астам ұлт өкілі болып тату-тәтті, бейбітшілікте  өмір сүріп келеміз. Сондықтан бүгінгі дөңгелек үстел басына әртүрлі ұлт өкілдерін, ғалымдар мен оқытушыларды, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелерін және журналистерді шақырып, атаулы күннің маңыздылығы мен оның ұлтаралық достастықта атқаратын рөлін талқылайтын боламыз, — деді Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов.

Басқосуда облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Асылхан Темірханов сөз алып, әу бастан-ақ Ислам дінінің ұстанымы — рухани келісім екенін, шариғатта адамдарды нәсіліне, дініне, басқалай да бөлуге қатаң тыйым салынғанын атап өтті. Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы Дмитрий Мацюк еліміз егемендік алғалы бағындырған белестерге тоқталып, бұның бәрі халықтар арасындағы татулыққа үндейтін саясаттың арқасы екенін тілге тиек етті.

Шарада, сондай-ақ, этномәдени бірлестіктер, басқа да белсенді топ өкілдері баяндама жасап, атаулы күннің еліміздің күнтізбесінде алатын орны айрықша екенін, бұны өскелең ұрпаққа да жете түсіндіру керектігін қосты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

источник

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.