Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Білім > Ұлтының сөзін сөйлеген…

Ұлтының сөзін сөйлеген…

Тағзым
«Қазақ үшін ар-ұяттың орны ежелден төр еді, босағаға бір-ақ түсті. Осыларды ойлағанда, Тұрсекеңді сағынамын», — деген еді жазушы Дулат Исабеков. Иә, ұлттық әдебиеттану ғылымының тұғырлы тұлғасы, халқының адал ұлы болған азамат Тұрсынбек аға Кәкішевті бәріміз де сағындық. Биыл ғалым-ұстаздың өмірден озған жоқтаулы жылына 90 жылдық мерейтойы орайласып, қалың қазақ, жалпы жұртшылық қастерлеп атап өтіп жатыр.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ғалым-ұстаз, әдебиет тарихын зерттеуші, көрнекті әдебиет сыншысы, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, Еларалық қоғамдық Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің құрметті кафедра меңгерушісі, жазушы… Ол Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Бөрлі ауылында, жер біткеннің төресі Көкшетау өңірінде туған. «Тектіден текті туады» демекші, Тұрсынбек ағаның әкесі де керемет қарулы, батыл да батыр, жүректі адам болған көрінеді. «Бізді батылдыққа, адалдыққа, тазалыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеген әкеміз» — деген сөздерін естуші едік.

Ұстаздық жолын ұлттық университет қабырғасында бастаған Т.Кәкішев — жоғары мектепте дәріс жүргізуді ғылыми зерттеу ісімен егіз өре отырып, сан-салалы әдеби шығармашылықпен айналысуға жарты ғасырлық ғұмырын жұмсаған адам. Ең алдымен, Тұрсынбек Кәкішев — ұстаз. Жоғары мектептің дәріс сабағының эмоциялық бояуы қалың, ғылыми мазмұнға негізделген, өнегелі сипаты терең және ғылыми дәлелдемелері, деректері, құжаттары мен тұжырымдары анық, дәлелді болуы шарт. Біздің ұстазымыз ешуақытта дерексіз, дәйексіз сөйлемейтін. Ұлттық мұрағаттардың есігінен кіріп, төріне дейін тексеріп өткен, алыс-жақын шетел мұрағаттарының шаңын жұтқан ізденімпаз ғалым тек қана дерекке сүйеніп, шындықты айтатын. Өзі де: «Құжатқа сүйене сөйлесеңдер, мерейлерің әрқашан үстем болады. Ешқашан ақиқатқа қиянат жасамаңдар!», — деп отырушы еді. Қазақтың ғалым қызы Алма Қыраубаева Кәкішевтің Сәкен туралы эмоцияға толы дәрісін ерекше атайды: «Ақынның сұлулық нышанына айналған қасиетін, жаны таза – ары таза жанның саясаттың шырғалаңына түсіп тартқан азабын, «Тар жол, тайғақ кешудегі» қиын тағдырын, атылғанын айтты. Аяушылық сезіммен емес, ар биігінен айтты. «Сөздің қуаты шындығында» екенін ұқпаған адам жоқ. Сәкен Сейфуллин сынды алып тұлға алаңнан қарап тұрғандай әсерленді. Сілтідей тынған халықтың біразы үнсіз жылады. Іштегі суық намыс кенеттен көтерілген асқақ рухтың тегеурініне шыдай алмай, жас болып шықты. Сол күні Сәкен тойына жиылған жұрт Кәкішевті халық қаһарманындай сезінді», — дейді.

Сондай-ақ: «Университет аудиториясындағы мөлдіреген қыз-жігіттер бітімі бөлек, сөзі ерек профессордың лекциясында оның Сәкенге деген сүйіспеншілігін қызыға тыңдап отырады. Қағазға түскен үнсіз сөздер аудиторияға кірісімен жанданып, қуаттанып, бірде зұлпықардай жарқылдап, ұйқыдағы сананы оятса, бірде сүңгі болып еріншек ойларды түрткілейді. Бірде мәуелі ағаш болып қызықтырады»,– деген пікір — барлық шәкірттері атынан халықтың азаматына, білімнің беделіне айналған тұлғаға айтылған жүрекжарды сөз. Ғылым жолында адалдықты пір тұтқан әдебиетші ұстаздың әр лекциясы ұлағаты мол ғылыми ізденіске апаратын бастау бұлақтар-тын.

Ғалымның еңбегі әдебиет тарихшысы ретінде бағалы. «Қазақ әдебиетінің қалыптасу дәуіріндегі идеялық творчестволық ізденістер» деген тақырыптағы ғылыми зерттеу жұмысында 1917-1929 жылдар әдебиетінің тарихын жазды. Ұрпақ жадында есімдері көмескілеген ақын-жазушылардың шығармашылығына қайта өмір беріп, тірілтудегі еңбегі ерен еді. «Дәуір суреттері», «Дәуір дидары», «Садақ» сияқты туындыларында өткен ғасыр басында әдебиетке араласып, өмірден ерте озған ақын-жазушыларымызға ескерткіш қойды. Онан кейін қазақ поэзиясының асау тұлпары, қазақ қоғамына қалтқысыз қызмет еткен халқымыздың марғасқа ақыны Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен қызметіне саналы ғұмырын сарп етті. Еңбегі далаға кетпеді. Аршынды жүріп, анық та нық басты. Оның жемісі — «Сәкен Сейфуллин», «Қызыл сұңқар», «Сәкен және Гүлбахрам», «Сәкен сүйген сұлулар», «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» сынды іргелі еңбектері және тағы да басқа жүздеген мақалалар. Сәкенді шексіз құрметтеді, сертке берік болды. Сәкеннің маңдайына зәредей шаң қондырмады. Алла жарылқасын!

Т.Кәкішев — сын тарихын жазған тұңғыш әдебиеттанушы ғалым. Мұрағат қазынасының терең білгірі ретінде әдебиет сынының тарихын қалыптастырды. «Қазақ әдебиеті сынының туу және қалыптасу жолдары» атты докторлық диссертация нәтижесінде ғылымға «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» деген пән қосылды. Бұл еңбегі бүгінгі таңда жоғары мектепте филология факультеті студенттері үшін қолдан түспейтін құралға айналып отыр. Халық оны әдеби мұралардың жанашыры ретінде де кең таныды. «Әдебиет — ардың ісі» деп санайтын азаматтық тұлғасы әбден мойындалған, шындықты кесіп айтатын, жалтақтау мен жағымпаздықты білмейтін, бітім-болмысы, азаматтық тұғыры берік жан. Жайшылықта азамат деген сөзден аяқ алып жүре алмайсыз. Ал шын мәніндегі үлкен әріппен жазылатын «Азамат» атағына қадауда біреу лайық-ау, абзалы. Атақты ғалым Рахманқұл Бердібай өзінің құрдасы Т.Кәкішев туралы: «Бұл — тура сөйлеп, туғанына жақпай қалатын жігіттердің бірі. Ал қоғамның өркениеті үшін осындай мінездер керек. Қазақ қоғамына жол көрсетіп, зұлымдықты әшкерелейтін, жақсылықты мадақтайтын күрескер мінезді, табанды азаматтар өте көп керек», — дейді «Дарынды азамат» атты мақаласында. Рахаңның тап басып танып отырғаны — Тұрсынбек ағаға тән қоғамдағы жетістіктерге сүйініп, келеңсіз істерге күйінетін, қара бастың қамын күйттегендерден ауылын аулақ салатын тәкаппар да таза мінез.

Ол — мінезді адам. Оның мінезі — тумысынан халық қамын, жұрт пайдасын, ұлт мүддесін ойлаудан туған мінез. Көптің ісі дегенде дес бермей, ашына сөйлеп дүрсе қоя беретін, қазақтың мүддесі күйіп бара жатқан жерде бұғып қалмай, қашанда әділет жағынан табылатын. Бұл — елдік мінездің көрінісі, азаматтық мінезі, зиялылығы. Мұстафа Шоқай: «Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттар соңында жүрген және сол белгілі мұрат төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады», — дейді «Ұлттық зиялы» атты мақаласында. Халық тағдырына, әлеумет мәселесіне бейжай қарай алмайтын Т.Кәкішев ұлт руханиятын бар асылдан биік қоятын. Өзінің бір сөзінде: «Ұлттығымызды қалпына келтіруден өзекті мақсат жоқ», — дейді. Ғылымда табаны таймаған ғалым, ұрпақты елшілдік рухта тәрбиелеген тағылымы терең ұстаз, ұлтқа қызмет етудің қас үлгісін көрсеткен ұлт зиялысы деп Тұрсынбек Кәкішевті айту ләзім.

Әдебиет зерттеушісінің ел тарихында елеулі еңбек еткен, әйтсе де, есімдері ескерілмей қалып жүрген қайран боздақтардың есімін қайта тірілтіп, әдеби-мәдени мұраларын жинақтау жолындағы іргелі зерттеулерінің өзі бір төбе. Соның ішінде Ж.Тілепбергенов туралы ой толғаған, ол туралы жазған естеліктері ел есінде. Ғалым Кәкішевтің әдебиеттегі еңбегінің біздер үшін ерекше құнды бір саласы — Ақтөбе өңірінен шыққан кәсіби қаламгер, ұлттық әдебиетке бір кісідей үлес қосқан жазушы, қазақ журналистикасының жампозы, сатира жанрының семсері, ағартушы-ұстаз, алашшыл азамат Ж.Тілепбергеновтің еңбектерін жинақтаушы, бастырушы, оның тұңғыш зерттеушісі болғандығында. Ж.Тілепбергеновтің өткен ғасырдың аласапыран жылдарында алуан басылым беттерінде шашылып, мұрағаттардың қойнауында жатқан мұраларын қажымай, талмай жинақтап, саралап, жинақ етіп бастырды. Оның тұлғасы мен шығармашылық қызметінің өзгеше қырларын ашып, жұртшылық игілігіне жаратқан да — Кәкішев. Әсіресе, ғалымдық-зерттеушілік ізденістерінің бастауында тұрған қазақ баспасөзі тарихында өзіндік орны бар «Садақ» қолжазба журналы жөніндегі зерттеулерінің маңызы зор. «Сандалтқан «Садақ», «Қолжазба «Садақ» журналы», «Сәйфи ағаның ғибраты» атты ғылыми-танымдық мақалаларының бас кейіпкері, Уфадағы «Ғалия» медресесінің шәкірті — Ж.Тілепбергенов еді. Ғалым жазушының тындырған істерін тәптіштей баяндап, оның еңбегінің тарих тасасында, өткен күндер көлеңкесінде қалып қоймауына бар ынтасымен кіріседі. Тілепбергенов туындыларын «Қазақ әдебиеті тарихының» (1967 жыл) 3-томына енгізіп, «Дәуір суреттері» деп аталатын монографиялық этюдінде зерттеу аясына тартып, талдау жасайды. 1969 жылы «Ізбасар» атты жинағын құрастырып, баспадан шығарады. Осы кітапта жазушының тұңғыш рет ғылыми өмірбаянын жасап, жариялады. Ғалымның «Садақ» тақырыбына құлай берілгені соншалық, сан-салалы зерттеулердің бел ортасында жүрсе де, ұлт арыстарының артына қалған мұраларын аяқ асты қылмай, олардың жарқын бейнелерін тарих қойнауынан суырып алып, жарқырата ашады. «Үрім-бұтақ, нәсілім, қаным, асылым, қазақ балалары!» деген «Садақтың» құмыққан үнін естіп, тақырыпқа ет жүрегі езіле, елжірей берілген ғалым оны отыз жылдай уақыт зерттеп, жазды. «Садақты» уақытынан қалдырмай шығарып тұрған әрі терең мағыналы әдеби-ғылыми журнал етіп танытқан Жиенғали мырзаға (қазақ баласына еткен басқа қызметін былай қойып, осы «Садақ» хақында) тәңірі жарылқасын айтпай болмайды. Ол «Садақтың» ыстығына күйді, суығына тоңды. Жас буын, жаңа талап екпінділерімізді солдыққа сүйреуі мен оңдарды өзінің жалқаулығына, мылқаулығына тартуының екі арасында аумай, өзінің тура жолында болды. Сондықтан бірінші ұлт баласы, ұлт азаматы қолыңды қысып, биылғы қызметтеріңе шын көңіліммен «Алла разы болсын» айтып қалам. Жаса, жолыңнан жаңылма! Қош бол!», — деп жатуларының бәрі де Жиенғалидің адамгершілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің күштілігіне байланысты айтылғаны сөзсіз», — деп, зерттеуші қолжазба бетіндегі жерлесіміз туралы небір пікірлерді назарынан тыс қалдырмайды, ерекше мән беріп, бағалап отырады. Кейіннен Тұрсынбек аға Кәкішевтің қаламы өзге тақырыптар төңірегіне ойысса да, Жиенғали-Жекейді естен шығармады, орайы келгенде, республикалық және Ақтөбеден шығатын басылымдар беттерінде мақалалар жариялап, мерейтойлары қарсаңында қалың жұртшылықтың, әсіресе жерлестерінің жадына салатын да сол кісі еді.

1995 жылдың күзі. Қараша айының алғашқы күндері. Ақтөбе жұртшылығы қарбалас үстінде. Қаламы ұшқыр дарын, Жем-Темір топырағының перзенті, жергілікті кәсіби қаламгерлердің ақсақалы Жиенғали Тілепбергенұлының 100 жылдық тойына орай, Темір, Мұғалжар аудандары, облыстық мәдениет басқармасы еліміздің аяулы перзентін еске алып, есімін жұртшылық жадында жаңғыртуға арналған шараларға қызу кірісіп жатыр. Мерейтойға Алматыдан Тұрсынбек Кәкішев келді. Мен мерейтой аясындағы конференцияға «Жиенғали Тілепбергеновтің драматургиясы» тақырыбында баяндама әзірлеп жүрген болатынмын, әрі сол оқу жылының мамыр айында әдебиет кафедрасында тұңғыш рет «Жиенғали Тілепбергеновтің өмірі мен шығармашылығы» тақырыбында диплом жұмысына жетекшілік жасаған едім. Тосын сыйы көп тағдыр мені әдебиеттану ғылымының майталманы Т.Кәкішевпен осы дүбірлі той үстінде кездестірді. Ж.Тілепбергеновтің мұрасын зерттеп-зерделеу жолындағы ізденісім де осы конференциядан бастау алған еді, ал ғылыми жетекшім Т.Кәкішев болды. 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің диссертациялық кеңесінде «Жиенғали Тілепбергеновтің творчествосы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғалып, Жиенғали Тілепбергеновтің әдеби мұрасы ғылыми-әдеби айналымға енді.

Жиенғали күндеріне қайта оралсақ, Ақтөбе педагогикалық институтынан бастау алған шаралар жазушының туған өлкесі — Қандыағаш, Жем, Темірде жалғасын тауып, ең соңғы күні Ақтөбе қаласында республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Сол жиынның төрінен Тұрсынбек аға: «Осы залда жекейлер бар ма? Аталарыңның әдеби мұралары шаң басқан архивтерде шашылып жатыр, жанашырлық танытып кітабын шығаруға демеушілік жасайтын азаматтар қайда?» — деп үн қатты. Сөйтіп, кейін марқұм Сейітхан Байтөбетовтің демеушілік етуімен «Таңбалылар» атты кітабы жарыққа шыққан болатын. Конференциядан кейін көпшілік драматургтің 1928 жылы сол кездегі республика астанасы Қызылордада сахналанған «Перизат-Рамазан» пьесасын тамашалады.

Ақтөбе өңірінде Ж.Тілепбергеновтің мерейтойының аталып өтуіне мұрындық болуы, марқұмның басын қарайтып, белгі қойып, «Ескерткіш қоюшы Тұрсынбек Кәкішев және баласы Нұраш» деп құлпытасқа жаздырып, Құран оқытуы —Т.Кәкішевтің адами болмысының биіктігі, ұрпақтарға үлгі болар ұлағаты.

Иә, Тұрсынбек аға Кәкішев — біздің бет түзейтін құбыламыз еді…

Ғайша НИЯЗОВА,

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУдоценті,

филология ғылымдарының кандидаты.

источник