Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғалымдарымыз «Құт қонған Қобда» шараларына қатысты

Ғалымдарымыз «Құт қонған Қобда» шараларына қатысты

Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Қобда ауданында «Құт қонған Қобда» атты аудан күндеріне арналған ауқымды бірнеше мерекелік шаралар өтті. Мерекелік шаралар барысында жаңа ғимараттар пайдалануға беріліп, «Ұлы дала дарабоздары» атты ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін этнофестиваль, «Қобыланды – ұлыстың ұлы батыры» республикалық-ғылыми практикалық конференциясы ұйымдастырылды. Аталмыш конференцияға Қобда әкімшілігі атынан Университет ғалымдары шақырылды.

Қобда ауданы күндері шарасы ауданның кіреберісінде орналасқан, тұлпарда отырған батыр мүсіні бейнеленген, биіктігі – 6 метр Қобыланды батыр ескерткішінің ашылуымен басталды. Еңселі ескерткіштің ашылу салтанатына батырдың ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұдан кейін «Гелиос» жанар-жағармай бекетінің ашылу салтанаты өтті. Сонымен қатар, Қобда аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің «Алтай батыр» гүлзарының ашылу рәсімі өткізілді. Гүлзардың орталығында субұрқақ, екі қапталында металл құрылғылардан жасалған латын үлгісіндегі қазақ әліпбиі және еліміздің картасы бейнеленген кітап, жер шарының макеттері орналасқан.

Мерекелік шара «Мәңгілік Ел» мемориалдық саябағының салтанатты ашылуымен жалғасты. Саябақта Рәміздер алаңы, Батырлар, Тәуелсіздік, куғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына тағзым ету алаңдары бар. Сондай-ақ, бұл күні Исатай Тайманұлы ескерткішінің ашылуы маңызды шаралардың бірі болды.

Осындай ауқымды шаралардан соң Республикалық-ғылыми практикалық конференцияны Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағамбет кіріспе сөзбен ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Алғаш болып Алматы қаласынан келген ғалым, Ә.Молдағұлова атындағы археология институтының директоры, батыр бейітін қазған археолог Жұман Смаилов «Қобыланды батырдың бейітін қазған тарихы» тақырыбындағы баяндамасын жасады. Ол баяндамасында Қобыланды батырдың тарихтағы орнына, тұлғалық болмысына тоқталды. ҚР мәдени қайраткері, құрметті профессор Еркін Құрманбеков «Қобыланды батыр – Ұлыстың ұлы батыры, патриотизм үлгісі, есімі ел есінде» тақырыбындағы мазмұнды баяндамасын жасады. Одан кейін университетіміздің сырттай оқу факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы Абат Пангереев Қобыланды батырдың тарихи тұлғасын айқындаудағы жер-су атауларының қызметін атап өтті. Филология ғылымдарының кандидаты, профессор, университетіміздің Маркетинг орталығының директоры Алтын Мырзашова «Заманауи қоғамның Қобыландысы мен Құртқасы: жаңа үлгілермен көзқарас» тақырыбында ерте замандағы қазақ батыры мен сұлу әйелі тұлғасын қазіргі заманның батыры мен оның жұбайының қасиеттерімен салыстыра отырып, қызықты баяндама жасады.

Бұдан соң Қобыланды батырдың ұрпағы, «Тілеп» қайырымдылық қорының төрағасы, Сапар Ысқақов сонау Дешті қыпшақ заманынан бері қарайғы тарихқа тоқталып,  мазмұнды әңгіме өрбітті.

Конференцияны қорытындылай келе, бас қосқан ғалымдар Қобыланды батырдың тарихи тұлғасы ұрпақ санасында патриотизмнің үлгісі ретінде жаңғыртылып, батырдың ғұмыры әркез үлгі болуы керек деген ойларын жеткізді.